АЭС салу қажет пе?

АЭС салу қажет пе?

Мақсат Халық: Оның құрылысының экономикалық  тиімділігі: жалпыдан жалқыға дейін

Көрші елдердегі геосаяси ахуалдан бастап, шетелге жұмыс іздеп ағылған қазақтың технократ жастары, еліміздегі экологиялық ахуал, энергия тарифі, жергілікті жердегі логистика, инфрақұрылым және әлеуметтік-экономикалық мәселе.

АЭС құрылысының экономикалық тиімділігін жалпыдан жалқыға қарай тізбектеп, Dalanews.kz порталына берген сұхбатында экономикалық сарапшы Мақсат Халық осының барлығына кеңінен тоқталады. Сонымен…

Мақсат Халық | Inbusiness.kz«Қазақстанда талантты жастар көп. Әсіресе, технократ, басы істейтін жастар. Бірақ, өкінішке қарай, олардың көбісі шетелге кетуге мәжбүр. Себебі – бізде технологиялық өнеркәсіптер жоқтың қасы.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан шетелге мамандар даярлаумен айналысып жатыр десек те болады. Бұл ащы да болса шындық.

Мықты өндіріс ошақтары, әрине, энергияны көп тұтынады. Осы жағынан алғанда, бір АЭС салу арқылы қаншама жастарымызды өз Отанында еңбек етуге ынталандыра алар едік. Сондықтан АЭС құрылысы, экономист ретінде мультипликативті әсерге ие деп айта аламын. Бұл – біріншіден», – дейді ол.

Қазір геосаяси шиеленіс ушығып, экономикалық ахуал шатқаяқтап тұрғаны мәлім. Ресей газын Еуропаға шектеп тасымалдап, салдарынан Батыс елдерінің халқы биылғы қыстан қалай шығатындарын білмей, қиын жағдайға тап келіп отыр.

Маман бұл ретте АЭС-і бар Францияны мысалға келтіреді.

«Ал Франция үшін бұл үлкен проблема емес. Себебі Парижде газдың жылуына деген зәрулік жоқ. Өйткені АЭС-тері бар», – дейді Мақсат Халық.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде жүрген іргесінде АЭС-і  бар ірі қалалардың видеосына да назар аудартады:

– Оған қарап отырып, расында ойға қаласыз. Неге біз Чернобыль, Фукусима сынды тарихта орын алған бірлі-жарым төтенше жағдайды миымызға сіңіріп, өздігінен қорқып отыруымыз керек?

Қазір әлемде 250 АЭС жұмыс істеп жатыр, қателеспесем. Барлығы мықты дамыған елдер. Демек, даму мақсат болса, онда АЭС-тан, әрине, бас тартпаған абзал. Оның үстіне АЭС-қа қажеттінің басым бөлігі елімізде бар, яғни уран өндірісі, оны байыту жағы және тағысын тағы дегендей. Бұл – екіншіден.

Экономикалық сарапшы Қазақстан үшін АЭС салу мәселесі өзіндік таңдау дегеннен гөрі бүгінгі күннің зәру талабы деген әлдеқайда дұрысырақ болатынын айтады.

– Үшіншіден, жасыл экономика деген дүние бар. Қазір біз энергияны көмірден, мұнайдан алып жүрміз. Бірақ, оның барлығы ауаға лас шығарындылар бөледі, экологияны бүлдіреді.

Ал АЭС баламалы энергетика көзіне жатады. Оның үстіне АЭС арқылы алынған энергияға салық салынбайды. Өйткені ол таза, экологияны ластамайды. Жалпы, АЭС құрылысы – заман талабы. Біз одан айналып өте алмаймыз. Мұны мәжбүрлі таңдау десек те болады. Өйткені Қазақстан халықаралық қауымдастықпен үзеңгі қағыстыра жұмыс істейді. Соның бірі – Киото хаттамасы және Париж келісімі.

Соған сәйкес, жақын болашақта көмірден энергия өндіретіндерге карбон салығы салынатын болады. Қазір көмірден энергияны көптеп өндіріп, ұтымды пайдаланып жатырмыз, өйткені бұл салық, әзірге күшіне енбеген.

Ал осы салық түрі күшіне енетін болса, онда көмір арқылы өндірілетін энергияның тарифі, біріншіден, еселеп өседі, екіншіден, өндіріс көлемі күрт қысқаруы мүмкін. Міне, сол кезде энергия тапшылығы мәселесі өзектілік танытып, біздің басты мәселеге айналады, – дейді ол.

Оның айтуынша, АЭС – стратегиялық ірі өнеркәсіптік нысан. Жергілікті бюджет салық түсімдерінен құралатынын ескерсек, мұндай жобаның жергілікті өңірге берері, әрине, бар.

– Ең бірінші кезекте бұл – инфрақұрылымдар. Алматы қаласынан Үлкен ауылына дейінгі жолдар түзеледі деп есептеймін. Ол автожол немесе теміржол, тіпті әуе жолын да қамтуы мүмкін.

Негізі, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына инфрақұрылымдардың сапасыздығы тежеу болып келеді. Өйткені ол логистикаға бірден-бір кедергі дүние. Одан кейін ірі кәсіпорын болған соң, олардың мойнында әлеуметтік жауапкершілік деген болады. Бұл дегеніміз не?

Ірі компания жыл бойына түскен табысының бір бөлігін өз өңіріндегі әлеуметтік бағдарламаларға бағыттап отырады. Мектепті жөндеу, балабақша салу, аурухана қажеттіліктеріне қайырымдылық шараларын ұйымдастыру және тағысын тағы дегендей, – дейді маман.

Жалпы, үлкен инфрақұрылымдық жобалардың ел экономикасына үлкен тыныс беретіні – классикалық экономикалық теорияның негізгі бағыты. Соның айналасында мульпликативті әсер пайда болып, көптеген аралас салалар да дами бастайды.

АЭС құрылысы – экономика сарапшылары үшін көптеп ашылатын жұмыс орны, салынатын жолдар, көпірлер, түрлі нысандар. Елге технологияның келуі, шетелдік компаниялардың жобалары.

Ең ақыры, ол энергобаланстың қауіпсіздігіне алып келеді. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, өндіріс пен халықтың қажеттілігін өтеу үшін жетерлік деңгейдегі электр энергиясы өз қолымызда болады.

 

 

Оны салуды қолдап  жүргендерге 8 жауап

Сайлау өткеннен кейін біздің қоғам өмірінде біраз тыныштық орнап, жаңа сайланған Президенттің әр қадамынан үміт күткен жұрт, сайлау алдындағы белсенділігін біраз тежеп, алда не боларын күтумен сабыр сақтауда болып отыр. Өйткені, сайлау кезінде елімізде жұрттың пікірі екіге бөлініп, біреулері үйреншікті екпінмен ұрандата насихаттап «Жаңа Қазақстанның» күні арайлап атады десе, екіншілері күмәнін жасырмай «ескі гвардияға» сүйенген билік  халықтың мүддесін қорғауды ұсақ шаралармен жамап, халық күтетін өзекті мәселелердің шешілуі созыла-созыла орнында қалады-ау дегеннен аспағанымен, бұлар да үміттерін үзбеген еді. Бірақ тыныштық ұзаққа бармады. Тыныштықты биліктің қас-қабағын аңдып, оның ойынан қалай шығамын деген «пысықойлар» бұза бастады. Олардың мақсаттары халықтың мүддесі мен талабы емес, тек билік ойға алған «шаруаларын» халықтың құлағына құйып, іске асуына ықпал етуге бағытталған құлшыныстары ғой...

Как устроена АЭС?

Ақпарат құралдарында биліктің жұрт қолдай қоймайтын кейбір бастамасына сауалнама жүргізу мен сараптама жасау арқылы олардың қажеттілігін негіздеуге күш сала бастады. Бұл –  отыз жылдан бері сүрлеуге айналған насихат жолы. Жұртты насихатпен аузына қаратуға үйренген адамдар өз елінің келешегін, халқының тағдырын ойласа, өз пікірлерін айтпай тұрып, алдымен ел-жұрттың сол көтеріп отырған мәселеге қалай қарайтынынан хабардар болғаны абзал ғой. Өкініштісі, олар өз ұсыныстары мен сараптамаларында жұртты биліктің өзіне керек қадамына икемдеу үшін ғана күш салатыны алаңдатады.

Көгілдір экраннан әлеуметтік-экономика тақырыбына байланысты жұртқа уақ-уақ сараптамалық пікір айтып танымал болып жүрген Мақсат Халық деген экономистің Dalanews.kz порталына берген сұхбатында АЭС құрылысының экономикалық тиімділігі туралы «жалпыдан жалқыға дейін» деп жасаған сараптама тұжырымы фейсбук арқылы таралып кетті. Бұл тақырып елдің тағдырын ойлаған адамды бейжай қалдырмайтыны белгілі.  Осы азаматтың сұхбатындағы пайымдауларынан ұққаным шексіз табиғи байлықтың ортасында отырып, еліміздегі халықты кедейшілік пен қымбатшылыққа алып келген экономикалық-әлеуметтік жағдайға келуіміз отыз жылдан бері жүргізілген саяси-экономикалық саясаттың салдары емес, ол еліміздегі әлеуметтік, экономикалық дамудағы барлық кемшілік АЭС құрылысына дұрыс көзқарас болмауында дегенге тірелетін сияқты. Яғни, бұл «сараптама» арнайы тапсырмамен халық арасында қажетті пікір туғызу үшін жасалғанға ұқсай ма деген ой туады. Сондықтан, жұрттың назарына осы тараған сұхбаттағы қозғалған мәселелерге мән беріп, оны өмірдегі шындықпен байланыстыра отырып қана бағалауы қажет деген ойды ұсынуды ұйғардым. Кеңес кезінде аграрлы-индустриалдық даму деңгейіне жеткен Қазақ елінің, қазіргі кезде жұрттың талабына сай тұтыну тауарлары мен азық-түлікке дейін шеттен тасып, ең болмаса қасық, шегелерді өндіре алмауының себебі неде деген сұраққа жауап іздеу керек. Елімізді осындай халге жеткізген биліктің саяси-экономика бағытында экономиканың даму заңдылығын өрескел бұзып, бірден дамыған елдер қатарына жетеміз деген әсірелік (авантюра) макроэкономикалық даму жолына сүйенуінен, мемлекеттің ішкі экономикасының тұралауынан халықтың кедейшілік пен қымбатшылыққа ұшырауына алып келді. Қазіргі  «Жаңа Қазақстан» құрамыз дегендер, алдымен осы кемшілікті түземесе, ешқандайда өзгеріс болмайтынын ұғу қажет. Яғни, экономикалық дамудың негізі әлемдегі техника, технология жетістіктерін отандық ғылым мен терең сараптамалардан өткізіп, тек тиімділерін (еліктеп матрицасын көшірмей) пайдалануды үйрену қажет. Шетелден қаржы алып экономиканы көтеру – елді мәңгі экономикалық құлдыққа қамау. Тәуелсіздікті сақтау қоғамның өмір сүруіне таусылмас қаржы көзі – барша жұртының кедейшілік көрмей дәулетті, бай болуына байланысты:  Бірінші шешетін мәселе, қазіргі Қазақстанның сыртқы қаржылық қарызын өтеуі мен ішкі қаржылық тапшылық пен халық қымбатшылыққа батқан экономикалық-әлеуметтік жағдайында АЭС құрылысын салу деген экономикалық сауатсыздық екенін ұғу. Өйткені АЭС салудың нақты құны, оны сататындардың бағасынан он еседей қымбатқа түсетінін ақылға салып, асықпай есептеп көрген адам ұғады. Сондықтан, ең алдымен еліміздегі халықтың әлеуметтік мәселесін уақыт оздырмай, нақтылы шешу қажет. Ол үшін алдағы екі-үш жылда экономиканың дамуындағы жіберілген кемшіліктерді түзету қажет:

 1.  Дамыған мемлекеттердің қатарында боламыз деп макроэкономикаға назар аудару емес, ең алдымен ішкі экономиканы көтеру үшін орта, шағын кәсіпкерлер мен жеке бизнестің дамуын көтеру мемлекеттің келешекте мықты болуына әкелетін экономика заңы ұстанымын қолдау;  

2.  Халықтың әлеуметтік жағдайын тез арада көтеруге әкелетін жол, әр аймақта халықтың менталитетіне сәйкес тұтыну тауарлары мен азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын шағын кәсіптерді іске  қосып, тұтыну тауарлары мен азық-түлікті сырттан тасуды шектеу салықтан түсетін қаржының көзі өседі. Бұл – экономика өсуінің тұрақты заңы. Халқы ауқатты ел ғана мықты мемлекет болады.                               

3. Ауылшаруашылығын дамытудың арнайы Ұлттық бағдарламасын бекітіп,  әр ауылдарда табиғи қалыптасқан шаруашылықтың өнімдерін өңдейтін, сапалы азық-түлік және де басқа тұтынушылардың талғамы мен талабына сай қажетті өнім шығаратын шағын өнеркәсіп орындарын ашуды іске асыру. Осы өнімдерді тұтынушыларға арзан бағамен жеткізіп тұратын кооперация жүйесін құру керек, сонда ғана азық қымбатшылығы болмайды. Әр ауыл мекенінде жол, байланыс, мәдениет, спорт және ауызсу, басқа да коммуналдық жүйелер болуын шешу, жұмыссыздық пен кедейлік мәселесіне тежеу болады. Бұл бағыт мемлекет қолдауымен іске асуы керек. 

4. Еліміздің халық шаруашылығы салаларының дамуының негізі техника мен технология жетістіктерін пайдаланып салынатын өнеркәсіп пен құрылыс орындары және жол салу бағыты тек отандық ғалымдардың тығыз араласуымен ФСА/ФСЖ (Функциональная система анализа/Функционалды сараптама жүйесі) жүйесімен жоспарланып және салынған өндіріс пен құрылыс орындарында ФСЖ жүйесімен жұмыс істесе ғана қаржының артық шығыны мен ұрлыққа жол болмайтыны белгілі. 

5. Мемлекеттің мықты болуы оның экономикалық дамуының ғылыми негіздегі бағытпен дамуында. Отандық ғалымдардың азаматтық борышы ФСЖ-ін машина жасау, өндіріс, құрылыс, энергетика (қуат), ауылшаруашылық және билік пен салалық басқару жүйесіне енгізуді шешу. Сонда ғана билікте, салаларда жемқорлық жойылады. 

6. АЭС салуды қолдаушылардың осы электр қуатының көзі экологияға зиян әкелмейді деуі шындыққа жанаспайды. Бұл – халықты ашықтан-ашық алдау. Оның барша адам баласына зиян әкелетінін білгісі келген адам Дүниежүзілік экология қорғау қоғамдарының мәліметтерімен таныссын. Біздің ел кешегі «Семей полигоны синдромының» қасіретін ешқашан ұмытпайды. Оның зардабы талай ұрпақтар буынының тағдырына әкелетін зияны қанша ғасырларға жалғасатыны белгісіз. Оны АЭС салатындар да, сол саланың ғалым мамандары да айтпайды, жасырады. АЭС-тің әкелетін зиянын ұққылары келген адам мынаған көңіл аударсын: 25-30 жылдай қызмет еткен АЭС жұмысын тоқтатқан соң, оның отынының қалдығы мен істен шыққан қондырғылары және құрылыс материалдарды залалсыздандыру үшін  арнайы қойма салып, пайдаланған металдың табиғи ыдырауына дейін сақтау қажет. Оның ыдырауына он немесе оданда көп ғасырлар қажет екен. Қазіргі кезде жер бетінде осындай ұзақ мерзімге шыдайтын құрылыс материалдары жоқ. Яғни, оларды залалсыздандыру келешек ұрпақтардың мойнына артатын қарыз екені аян. Бұл шығын туралы  ешкім ойламайды. 

Ойлану қажет, бұл жоба кімге қажет? Жоба, тек  АЭС салатын алпауыт елге қажет, бізге емес. 

Біздің елді Еуропа елімен салыстыруға болмайды, олардың электр қуатын өндірудің табиғи көзі шектеулі. 

7. Қазақстанның экономикалық дамуын келешекте электр қуатының жетіспеушілігі тежейді, сондықтан АЭС салу қажеті туындайды деген тұжырымның негізсіз екенін айту қажет. Қазақ елінде арзан электр қуатын өндіретін көмірден басқа табиғи ресурстарының толық зерттеліп, пайдаланбай жатқанын естен шығармау керек. Осы мәселені шешу үшін арнайы ғылыми-зерттеу жұмысын іске асырып, экологияға зиян әкелмейтін, тасымалдауға кететін шығынды азайтатын табиғи электр қуат көздерін пайдалануды қолға алу қажет.  Яғни бұл мәселені шешу үшін ең алдымен қазіргі өндіріп отырған электр қуатын пайдаланудағы жіберіп отырған кемшіліктерді толық анықтау керек. Сол кемшіліктердің болмауын іске асыратын арнайы ғылыми зерттеулер негізінде әлемдегі ғылыми-техникалық жетістіктерді пайдалану біраз ұтысқа әкелетінін ұмытпайық.  

8. Технократ жас мамандарды ынталандыру үшін АЭС салу қажет емес. Оның оңтайлы шешімі мемлекеттің экономикалық даму саясатына байланысты. Біздің елде бұл мәселені шешудің жолы Республиканың барлық үлкен қалаларында технократ мамандарына өздерінің табиғи дарындарын дамытуға мемлекет жағдай жасау жүйесін іске асырып, елімізде күрделі электрондық техника өндіретін саланың негізін қалауы керек. Елде программистер (айтишник) тағы басқа күрделі техниканың дарынды мамандар көп, соларға  өздерінің жеке кәсібі негізінде шағын өндіріс орындарын ашуға мүмкіншілік жасау қажет.

Еліміздің әр азаматы өз мүмкіншілігіне қарай елінің экономикалық дамуына халқының ауқатты болуына үлесін қосуға ұмтылуы оның азаматтық борышы. Бұл келешек ұрпақ үшін қажет. Ал, экономист болған адамның мақсаты мен парызының ерекшелігі, қай жерде қызмет істесе де мемлекетшілдік жүрегімен, ар тазалығымен өз халқының ауқатты болуына, елінің экономикасын дамытуға нақтылы, сауатты ұсыныстар жасап, барша халықтың ауқатты өмір сүруіне ықпал етуге үлес қосуы болады. Егер ол тек берген тапсырманы орындаумен жүрген болса, экономист емес, тек жай ғана статист болып қала береді. Ұққан адамға тіршілікте басқаларға қарағанда экономистің жүгі ауыр болады.

Болат ДҮЙСЕМБІ, еңбек ардагері, экономист-саясаткер
23.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 133
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 16
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 73
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 63
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 48
 МАҚТААРАЛДА ЖЫЛЫНА 80 МЫҢ ТОННА МАҚТА ТАЛШЫҒЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 16
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 465
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 433
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 457
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 449
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 447
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 464
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 454
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 647

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9689
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9068
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12302
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10073
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11282