Айбол Сейдалиев, кәсіпкер, «Ранай» шаруа қожалығының төрағасы: «Саумалды денге шипа, күш-қуат болсын деп ұсынамыз»

Айбол Сейдалиев, кәсіпкер,  «Ранай» шаруа қожалығының төрағасы:  «Саумалды денге шипа, күш-қуат болсын деп ұсынамыз»

 Кәсіпкерліктің сан түрін меңгерген

 

– Мен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасымын. Қоңырат елінен боламыз. Атам Жұмағали – соғыс ардагері, көшемізге сол кісінің  атын берген. Әкем Ерболат ұзақ жылдар зейнетке шыққанға дейін Қызылордадағы целлюлоза-картон зауытында инженер болып жұмыс істеген. Анам Ранай Жалағаш ауданында туған, руы сарғасқа. 90-жылдары әпкем Айнұр Алматыға оқуға түсті де, артынан үйімізді сатып, біз де солай қарай жылжыдық. Сөйтіп мектепті бітіріп, ҚазҰУ-дің туризм факультетіне оқуға түстім. Одан соң Англияға оқуға бардым. 1 жылдан соң оны тастап, еліме қайттым. Ол жақтың менталитеті маған ұнамады. Елге қайта келіп, кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. «Жұмбақтас» деген мейрамхана аштық. Біраздан соң оны әпкеме қалдырып, 2011 жылдан бастап жеке шаруа қожалығын басқарамын. Қожалығымызды анамның есімімен  «Ранай» деп атадық. 200 га жері бар. Алғашында төрт түлік малдың бәрін асырадық. Түйе, жылқы, сиыр, қой дегендей. Малдар ауыра берген соң бәрін сатып, жылқы бақтық. Содан білімімді көтеруге Америкаға оқуға бардым. Ол жерде кәсіпкерлікті қалай дамыту керектігін үйретті. Елге келіп бау-бақша егумен айналысып, қауын-қарбыз, алма  ектік. Бірақ дұрыс шықпады. Содан жоңышқа, жем-шөпге қатысты техникалық дақылдар өсіре бастадық. Жылыжай жасап, қияр, қызанақ, бұрыш, баклажан секілді көкөністер ектік. Арнайы агроном маманын жалдап, жұмыс істедік. Кейін ол кісінің денсаулығы болмай ауырып кетіп қалды. Амал жоқ, басқа адамға жалға беруге тура келді. Енді картоп егумен айналыссам деп ойлап жүрмін. Бригада шығып егіп жатса, оны да көрерміз. Тракторларым, техникам жетерлік. Үкіметтен біраз тұрақты көмек алып тұрдық. Бірақ субсидияны кесіп тастап, жауапты адамдар әділетсіздік жасап, ешқандай көмек алмаймын. Қазір ешнәрсеге қатыспаймыз. Біраз малдарым бар. Қыстай соларды  семіртіп сатамыз, – деп Айбол әңгімесін түйіндеді. 

 

Дертке шипа сусынның пайдасы ұшан-теңіз 

– Саумал орталығының  ашылғанына да 8-9 жылдай болып қалды. Осы төңіректе алғашқылардың қатарында саумал орталығын аштық.  Демалушыларға арнап  ем қабылдаулары үшін арнайы ыңғайластырылған қонақ үйі салынды. Әсіресе пандемия кезінде шипажайымыз адамға лық толды. Кейін 40 адамдық жаңа корпус аштық. Көктемде мамыр айынан бастап қыркүйек-қазан айына  дейін жұмыс істейміз. 2 орындық бөлмеде душ, әжетхана, ғаламтор желісі, кондиционер, теледидар – бәрі бар. Демалушыларға  толық жағдай жасалған. Асханасы бөлек,  3 мезгіл тамағын береді. Бәрі таза экологиялық табиғи өнім. Қолдың таба наны, сүт, айран, қымыз, ірімшік, сары май,  қой, жылқы, тауық, бөдене еті мен  жұмыртқасы, балғын көкөністер мен жеміс-жидектер. Таудың бөктеріндегі  таза ауа, жабайы табиғат, экологиялық таза аймақтағы тыныштық, міне, осылардың бәрі ем қабылдау барысында демалушылардың денсаулықтарының  жақсаруына  тікелей ықпалын тигізеді деп ойлаймыз. Қазір қаланың ішінде ауа таза емес. Көлік пен кептеліс көп. Әсіресе көпқабатты үйдің тұрғындары жазда ыстықтан қашып, шаршап осында келіп демалып жатады.  

Ал енді саумалға келер болсақ, оның  адам ағзасын емдеуде пайдасы ұшан-теңіз екен. Ол  асқазан-бауыр, ішек ауруларына, жалпы ас қорыту органдарына өте жақсы көмектеседі. Әсіресе бауыр, ұйқы безі ауруларында, созылмалы ауруларда, онкологиялық процестер кезінде де жақсы нәтиже береді. Химиотерапияның кері әсерін төмендетеді, науқастың өмір сүру сапасын жақсартады. Жалпы профилактикалық жағдайда да қолдану қажет, себебі бие сүті адам өмірін ұзартатын өнім екені қазіргі таңда ғылыми тұрғыда дәлелденіп жатыр. Саумал – тағам, табиғи сусын, дәрі-дәрмек емес. Гиппократтың өзі «Ішкен тағамымыз ем болу керек, алатын еміміз тағам болуы керек» деп айтып кеткен. Осы постулатқа дәлме-дәл сай келетіні – саумалтерапия. Біріншіден, ол – ас, екіншіден, профилактикалық, реабилитациялық және ем-шипалық құрал ретінде де қолданылады. Әсіресе, инфекциялық аурулардан, әртүрлі операциядан, реанимациядан кейінгі науқастарға саумал беретін болсақ, тез сауығып кетеді. Саумал ішудің де өз тәртібі бар. Оны  күніне 5 уақыт 2 сағат сайын 250 гр ғана қабылдау керек (бір күндік қабылдау мөлшері 1,2 литр).

Емделушілердің пікірлері  

Мағрипа Ысқақова: 

– Мен осы шипажай ашылғаннан бері келіп жүрген тұрақты емделушімін. Шамамен 8-9 жылдай болып қалды. Бұл жердің табиғаты, таза ауасы, саумалы, тамағы маған майдай жағады. Өзім онкологиялық аурумен ауырғанмын. Дәрігерлер дәрі-дәрмекті көп пайдалануға болмайды деген соң, осында келіп саумал ішіп жүрмін. Шүкір, жақсымын. Ағзама 1 жылға жетерлік иммунитет қалыптастырып алам да, қыстай тұмау-сымаумен ауырмай жүре берем. Бір жылдары отбасымның  бәрі ковидпен жаппай ауырғанда мен ғана  аман-сау қалдым. Таңғаларлық жағдай! Міне, осының бәрі саумалдың арқасы деп ойлаймын. 

Зәуре Қалдыбаева, Айгүл Телахынова, 

сыныптас достар: 

– Біз саумалды қай жерден ішуге болады, қандай жақсы демалатын орындар бар деп ғаламторды ақтарып көп зерттедік. Содан Ақсай жақтағы таудың етегіндегі бір шипажайдан орын белгілеп барсақ, ол жақтың жағдайы көңіл көншітерлік емес екен. Демалушыларға жағдай жасалмаған, қызмет көрсетуі нашар. Душ, әжетханасы сыртта, бір бөлмеде 4-5 адам жатады. Тазалығы да онша емес. Берген ақшамызды қайтармады. Қызметкерлері дөрекі жауап береді. Қатты ренжіп қайттық. Содан осы «Ранай» шипажайының басшыларының бірі Сыдықова Айжан Юсупқызына хабарласып едік, «келіңіздер, бізде орын бар!» деп жылы жауап берді. Жылы жүзбен қарсы алып, 2 кісілік бөлмеге орналастырды. Саумал ішіп, денсаулығымызды түзеп, үлкен күш алып үйге қайтып бара жатырмыз. Енді жылда осында келеміз деп шешіп отырмыз. 

Райхан Қалиева: 

– Таяуда жолдасым қайтыс болып, қатты депрессияға ұшырадым. Қанша жыл отасқан адамымнан айырылу оңай емес, көңілім құлазып,  жан дүнием күйзеліске түсті. Балаларым осы саумал орталығына әкелгелі денсаулығым  біртіндеп жақсы болып келеді. Асқазан, іш құрылысқа мың да бір ем екен. Таза ауамен тыныстап, жақсы адамдармен сөйлесіп, араласқанның өзі бір терапия десе де болады. Саумал шипажайының қызметкерлеріне алғысым шексіз. 

Күнде біздің көңіл күйімізді көтеріп, қас-қабағымызға қарап жүрген саумал шипажайының қызметкерлеріне алғысымыз  шексіз. Алғаш келгенде  жылы жүзбен қарсы алған  басшылар Айбол, Айжан,  барлық шаруашылық жұмыстарын шаршамай атқаратын  тазалықшы  Галина және асханада демалушыларға дәмді де сапалы   тамақтарын дайындап жүрген Исамбаева Гүлнұр, Балабекова Арайлым сияқты  аспазшы қыздарға рақмет! Әсіресе кіп-кішкене боп бізге күнде бие  сауып, зыр жүгіріп саумал  тасушы  Қамбар  Айболұлы  баламызға мың жаса дегіміз келеді! 

 

Иә,  саумалдың пайдасы туралы айта берсең, әңгіме таусылмайды. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» дейді ғой. Дәмі тіл үйіретін тәп-тәтті, жұмсақ, хош иісті саумалдан татып, ем алғыңыз келсе, «Ранайға» келуіңізге болады. Айтпақшы, өзіміз көзбен көріп, саумалын ішіп, жатып емделген орталық  Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі Ұзынағаш кенті, «Ранай» фермасында орналасқан. Көп адамдар мұндай жақсы жердің бар екенінен хабарсыз екен. Атағы мен жарнамасы жер жарған басқа орталықтай мұнда ығы-жығы адам жоқ, оңаша, тып-тыныш, тап-таза. Қазіргі уақытта у-шудан, жұмыстан шаршап қажыған адам жанына бұдан артық енді не керек? Бағасы да қолжетімді. Ересектер үшін – 17000 тг/ күн; 4-10 жастағы балалар үшін – 9000 тг/күн; 4 жасқа дейінгі балалар үшін тегін. Сұрақтар бойынша +7 707 529-04-04‬ (whats app) нөміріне хабарласуға болады. Біз  дертіне шипа іздеген жандарды  саумал терапиясына келіп ем алып, иммунитеттерін нығайтып, күш алуға кеңес береміз. Ауырмаңыздар!    

                                Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

01.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16528
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16379
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31555
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30173
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33768