Жалпы бүгінде наны жүріп тұрған кәсіптің бірі – жылыжай. Қазірдің өзінде жылыжай жұмысын жандандырып, егіс көлемін арттыруда, шығынды азайтып, өнімді көбейтуде айтулы кәсіппен айналысушылар жетерлік. Мәселен, облыста жеке қосалқы шаруашылықтарда көлемі 5-10 сотық жерді құрайтын 338 жылыжай болса, олардың өндіретін орташа өнімділігі 70,0 ц/га құрайды. Алайда, өңірдің халық санына шаққандағы ең төменгі тұтыну нормасына, яғни қияр, қызанақ өнімдеріне деген жылдық сұранысына 4 335 тонна жетіспейді. Сондықтан, тұрғындардың сұранысын толық қамту үшін аймақта 2022-2025 жылдары 514 жылыжай салынса, оның 57 жылыжайы биылғы жылы іске қосылады.
Алдағы уақытта тірнектеп істеген тірліктің табыссыз қалмайтынын түсінетін жамбылдық шаруалар жылыжай жайын жетік меңгеріп, жергілікті тұрғындарды өз өнімдерімен қамтуға септігін тигізеді деген ойдамыз. Себебі, олар сырттан тасымалданатын өнімнен гөрі, өзімізде өндірілетін таза отандық өнімнің қай жағынан алғанда да ұтымды боларын жақсы біледі.