АЙНАЛАЙЫН ХАЛҚЫМ!

АЙНАЛАЙЫН ХАЛҚЫМ!

«ЕлАна»  әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайтының редакциясына жер-жерден оқырмандарымыз, аналар, достарымыз, туыстарымыз хабарласып, елімізде болып жатқан жағдайға күйзеліп, жандарын шүберекке түйіп отырғандарын, ел тыныштығы мен бірлігін сақтау үшін қолымыздан келгенін жасайық, не істейміз,- деп қайта-қайта хабарласып жатыр. 

 

Редакциямыз Алматы қаласында  орналасқандықтан, жаңа жылды ұжыммен бірге қарсы алуға кеткен «QAZAQSTAN DAUIRI» газетінің, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, «ЕлАна»  қоғамдық-танымдық, әлеуметтік-ақпараттық сайтының Бас редакторы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызымен бүгін хабарласып, Алматыдағы жағдайды сұрадым. 

 

Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – ару Алматымыздың ахуалын өз көзімен көрген Ел анасы өксігін баса алмай, мені де жылатты. Тәуелсіздік жолында талай жас құрбан болған тарихи қаламыздың, мәдени астанамыздың қираған, күйреген, өртенген, құлаған дүниесін көріп, жаны күйзеліп, ел болашағына қатты алаңдайтынын айтты. Ел анасымен ақылдаса отырып, аналарымыздың атынан халқымызға үндеу жасап отырмыз.

 

Елдегі ахуалға байланысты сайтқа жазу мүмкін болмағандықтан, «ЕлАна» сайтының үйлестіруші-тілшісі ретінде жеке парақшамнан шығарып отырмын.

 

 

                    АНАЛАРДЫҢ ҮНДЕУІ

Біз қазақтың аналары, ел басына күн туған сын сағатта елмен бірге алаңдап, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдық. Ел ертеңіне алаңдайтын, ұлт болашағын ойлап, қабырғамыз қайысып, жүрегіміз қан жылап тұр.

 

Айдың күннің аманында, сырттан келген лаңкестердің және ел мүддесін тәрк еткен сатқындардың ел ішінде дайындалған зұлымдығы салдарынан, еліміздің көптеген қаласында болған бейбіт шерулерді өз мүддесіне пайдаланып кеткен, басбұзарлардың айуандық әрекетінен біреу бауыр еті баласынан, біреу жан жарынан, біреу ардақты әкесінен, енді біреу туған-туысынан айырылды. Ел ертеңі болар жап-жас ұлдарымыз қызыл қанға боялып, қыршыннан қиылып кетті. Жазықсыз қаза болған азаматтарымыздың, ұлдарымыздың отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.

 

"Ботам-ау" деп жылатпасын дейтін ұлттың ұрпағы едік. Қанша ақ жаулықты аналарымыз "боталап" зарлап қалды! Айдың күннің аманында қасіреттен қан жұтты. Қабырғаны қайыстырар қайғылы жағдай. Айтуға аузың бармайтын сұмдық өлім. Істеген базбұзар, қанішерлерге лағнеттен басқа айтарымыз жоқ.

Өз үйін жаудай тонап, шаңырағын ортасына түсіріп, керегесін күйретіп, өз жұртына қару кезеніп, оқ атып, басын кесіп, әлсіз әйелдерге зорлық-зомбылық жасап, күш көрсетіп, ауруханаларды басып алып жатқандар, ыңғайлы жағдайды пайдаланып кеткен нағыз басбұзарлар. Елдің бірлігіне іріткі салып, қанша жастарымызды соңына ертіп, жазықсыз құрбан қылған, нағыз қанпезер, қанішерлер, Тәуелсіздігімізге қауіп төндірген сатқындар!

 

«Бүлінгеннен бүлдіргі алма дейтін» кешегі дана қазақтың бүгінгі ұрпағы – тектілік пен тәрбиеден жұрдай, қанша қаракөз жастарымыз түрлі ықпалды күштердің «айтағына» еріп, өз елінің дүниесін жаудай тонап, күйретіп, қиратып, өртеп жатқандарын әлемдік телеарналар көрсетіп, жарыса жазып жатқанын көргенде айдай әлемге жаман жағымыздан «паш» болғанымызды көріп, ұяттан өртендік.

 

Ұрпағын «ұят болады, жаман болады, обал болады»,-деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген, біреудің бір сабақ жібін алма, ардан аттама, қиянат қылма, обал болады,-деген ұлттық ұстанымды бәрінен биік қоятын, «Ел басына күн туғанда етігімен су кешетін» бабалалардың бүгінгі ұрпағы – ұл-қыздарымыздың жағдайды пайдаланып, ойраны шығып иесіз қалған дүкендерден, қолына түскенінін қойнына толтырып қашып бара жатқанына қарап, «бұл қалай?»,-деп жер болдық. Бұл жастар –  «руханияттан жұрдай тәрбиенің жемісі», қағаз жүзінде «рухани жаңғырып» жүрген елдің азаматтары екенін еріксіз мойындадық, ұялдық, қиналдық. Ұлттық идеология болмай, бәрінің бекер екенін ұқтық.

 

Ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра білетін, рухани көкірек көзі ояу, елін сүйер, өнегелі ұрпақтың маңыздылығын, ұлттық құндылыққа негізделген тәрбиенің қажеттігіне көзіміз анық жетті. 

Елімізде жегідей жеген жемқорлық, биліктің қара халықпен санаспауы, өзін халықтан биік қоюы сияқты әрекеттер халықтың наразылығын тудырды. Сондықтан өскелең ұрпақтың бойында осындай жаман ғадеттерге қарсылық иммунитетін қалыптастырғанда ғана өркениетті ел боламыз. Билігі түзу елдің, түтіні де түзу, бесігі де түзу болмақ екенін айтамыз.

 

Елімізде тыныштық орнаған сәттен-ақ осы мәселені биік мінберге дейін көтереміз. Енді мұндайға жол бермеу үшін өнегелі, өрелі, рухани көкірек көзі ояу азаматтар тәрбиелеу- барша ананың мақсаты болу керек деп шештік.

 

 «Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлем тербетеді», -дейді халқымыз. Бейбіт аспан астында көк байрағымыздың мәңгілік желбірегенін, тәуелсіз ұрпағымыздың Қазақ топырағында өсіп-өнгенін, ұл-қыздарымыздың еліне, ұлтына қызмет еткенін, Қазақ елінің  болашағы зор, келешегі кемел болғанынын қалайтын қазақтың аналарымыз.

 

«Алып та» анадан туады»,-дейді емес пе?! Анасын құрметтейтін халықпыз. Ел аналары атынан, барша халыққа үндеу айтып, елдігімізді сақтауға, бірлігімізге сызат түсірмеуге шақырамыз.

Онсыз да ат төбеліндей, аз ұлтпыз. Әр азамат – бір төбе. Әрқайсыңыздың өміріңіз – мемлекет үшін алтыннан қымбат. «Бөлінгенді бөрі жейді»,-дейді емес пе, бөлінбейік, алауыздықтан сақтанайық, бірге болайық. Ел іргесінің сөгілуіне жол бермейік.

 

Сан ғасырлар бойы бабалар аңсаған Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Егемендік оңайлықпен келмегенін, оның жолында қанша қантөгіс болғанын естен шығармайық. Еліміздің ертеңі, жарқын болашағы үшін, арандатудан аулақ болайық. Сабыр сақтайық. Әр сөздің артында салмақ барын ұмытпайық. Ел игілігі, ұлт болашағы үшін талай жылдар жасалған нәрсені өз қолымызбен ойрандамайық. Халық салығына салынған, қираған нысандарды, күйреген мекемелерді қалпына келтіру үшін қанша қаражат керек. Бүлінгеннің зардабы сан жылдарға артқа апарып тастайтынын өзге елдердің тарихынан білеміз. Әр елдің болашағы өз қолында десек, өз қолымызбен өзіміздің тамырымызға, ұлт болашағына балта шаппайық. 

 

Қоғамда күрмеуі көп, шешімін таппаған қаншама әлеуметтік-экономикалық проблема бар. Соны естен шығармайық! Бүгінде елімізге келген зардаптың шығыны жүздеген мектеп, жүздеген аурухана, әлеуметтік нысандар салуға болатын қаражат. Ел болашағын ойласақ, ақылға келейік. Алауыздықты қойып, қазақтың жастарының қанының төгілуіне жол бермелік.

Бізге бүгінде әлем халқы көз тігіп отыр. Тәуелсіздігіміз, елдігіміз сыналар тұсында бір болайық. Сөзге тоқтаған, ұлы ұлттың ұрпағымыз. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді»,-деген дана бабалар сөзіне тоқтайық.

Тәуелсіздік тәу етер қаситеміз, киеміз, бабалар аманаты. Аманатқа қиянат жасамайық!

   

Бұл – биліктің халқына бет бұратын, халқымен бірге болу керек екенін түсінетін, сындарлы сәті. Бұл ел басына түскен сын сағат, Қазақ елінің, елдігінің, Президентінің нағыз сыналар тұсы. Сын сағатта бір болайық! Президенттің жанына топтасайық! 

Қадірлі халқым, ел талабын, халық үнін билік естіді. «Халықпен бірге болу – менің Конституциялық міндетім»,- деп үндеген Президенттің үндеуіне толық қосылайық. Енді бүлікке емес, бірлікке келейік. Президенті маңына топталайық, жолдауына қосылайық.

Асыра мақтаудан да, даттаудан да аулақпыз. 

 

Қанша жыл Үкімет басында отырып, ұлт қауіпсіздігін қолына ұстаған сатқынның қызметіне баға беріліп, ел арасына іріткі салғандар да, халық тыныштығын алғандар да, халыққа қастандық жасап, ұлтына сатқындық жасағандар да тиісті жазасын алсын дейміз. Ел қамы үшін шыққандар мен елге қарсы оқ атқандардың ақ-қарасын айыратын әділдіктің де болатынына, айқын азаматтық ұстанымы бар, жазықсыз жандар жапа шекпейтіндігіне сенеміз.  Президент жанына жемқорлықтан ада, мемлекетшіл, ел мүддесіне қызмет ететін адал, таза адамдар топтассын дейміз.

Ел тәуелсіздігі мен тыныштығы, Қазақ елінің болашағы, Қазақ ұрпағының болашағы бәрінен қымбат!

 

Құрметпен, "ЕлАна" сайты, қазақтың аналары

10.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 212
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 208
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 713
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 836
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 750

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8907
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8301
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11529
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9285
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10513