«Айыртау ауданындағы Антоновка ауылында «Борисфен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Жаңадан салынған заманауи қоралар 250 бас малға есептелген. Қазір мұнда голштин-фриз тұқымды 238 бас ірі қара мал бар. Олардың жартысына жуығынан 110 бұзау алынды. Сиырдың әрқайсысы күніне 23 литр сүт береді. Тауарлы сүт фермасының жалпы өнімділігі – жылына 2 мың тонна сүт. Кешен тәулігіне 5 мың литр сүт өндіреді. Қазір өндірілген өнім облыс орталығындағы «Eurasian Milk» сүт зауытына жеткізілуде. Фермада 25 адам еңбек етеді. Аталмыш жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылды. «Солтүстік» ӘКК жеңілдетілген несие ұсынды», – деп жазды облыс әкімі Айдарбек Сапаров әлеуметтік желідегі парақшасында.
Биыл облыста 13 сүт фермасының құрылысы басталады. Жыл соңына дейін 8 кешен іске қосылады. Жалпы, биыл облыста аграрлық салада 38 инвестжоба жүзеге асады, оның ішінде майды экстракциялау зауыты, сүт фермалары, бройлерлік құс фабрикасы, қой фермалары мен жылыжайлар бар. Бір мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың тапсырмасы бойынша әр ауданның даму жоспары әзірленіп, ауылдардың өзекті мәселелері анықталды. Қазір өңірдегі шаруашылықтардың 60 пайызы мал шаруашылығымен айналыспайды.
«Солтүстік» ӘКК-нің пилоттық жобасы арқасында аграрийлерде жеңілдікті несиелер есебінен сүт фермаларын салу мүмкіндігі бар. Сүт кешендерін іске қосу ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Айыртау және Ғ. Мүсірепов аудандарында өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарға барып, ауыл тұрғындарымен және шаруалармен кездестім. Сондай-ақ көктемгі тасқынмен күреске бағытталған шараларды бақыладым», – деп жазды өңір басшысы.