Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Әкім Таразидің 90 жас мерейтойына орай аудан аумағында тағылымы мол түрлі іс-шара өтуде. Тастөбе ауылындағы жазушының атымен аталатын тірек мектебінде Әкім Тарази мұражайы ашылды.
Әуелі аудан әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев мұражайдың лентасын қиып, құттықтау сөз сөйледі.
– Бүгін біз айтулы оқиғаның куәсі болып отырмыз. Бәріміз бауырмалдық пейілмен мынадай шуақты шаңырақта абыз ақсақалымыздың 90 жас мерейтойына орай Әкім Тарази мұражайының ашылу салтанатында бас қостық. Жамбыл жұртшылығына ғана емес, бүкіл қазақ халқына өмір оқулығындай, тәрбие мектебіндей болған қаламгерге құрмет осылай басталса керек.
Талай танымды тарихты, дегдар дүниені қалам құдіретімен тербеген жазушының туындылары, қоғамдағы қызметі ұрпақ үшін өшпес өнеге. Ұлт руханиятын байытуға, қазақ әдебиетінің мазмұнын дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қаншама ұрпақтың игілігіне жараған шығармалары ешқашан мән-маңызын жоғалтпайды, сол арқылы жазушының жұлдызы мәңгіге жарқырай береді.
Дәл қазір ашылып жатқан мұражайдың да жастарымыз үшін берері көп. Ақыл мен парасат биігінен көрінген атамыздан тағылым алған ұрпақ отаншыл, елжанды, төл тарихын түгендей алатын, әдебиет әлемін танитын азамат болып өсері анық, – деген Мақпал Сатыбалдықызы көпшілікпен бірге қазақ әдебиеті классигінің жеке заттары, фотосуреттері мен кітаптары, қаламсаптары қойылған мұражайды тамашалады.
Келесі кезекте сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Советұлы зобалаң жылдарда дүниеге келіп, балалық балдәурен шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, ел мұңын, уақыт сырын, нәзік жанымен ұғып, қай уақытта да оқырман көңілінен шығып, халық жүрегіне жол таба білген жазушы Әкім Тарази жайлы өз ойларын, әдемі естеліктерін айтты.
Ал, мектеп директоры Калила Исмайлова алдағы уақытта мұражай жазушының бағалы заттарымен толыға түсетінін жеткізді.
Шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен мектеп мұғалімдері қаламгердің «Күлмейтін комедия» кітабынан алынған «Ақын, періште, махаббат» атты драмасынан үзінді сахналаса, оқушылар Маржан Құтжан, Сабина Темірханқызы, Ақерке Тілеухан, Бақытжан Шоқан Әкім Таразиға арнаған жыр-шумақтарын оқыды. Ал, Рүстем Малдыбаев пен Нұрболат Жаңбырбаев әннен шашу шашты.