Жалпы елдегі халықтың 40 пайызы ауылда тұрады. Ондағы ахуал да көп сыналады. Өйткені жаны ашитын азаматы болмаса, ауылдың жағдайы жақсармасы анық. Енді кемшілікті жергілікті тұрғындардың тікелей өздері түзетуіне мүмкіндігі бар. Өйткені ауыл әкімдерін сайлаудың ерекшеліктері көп. Бастысы жаңа заң бойынша әкімдерді халық сайлайды. Ол үшін бірқатар талап бар. Кандидат 25 жастан асқан болуы тиіс. Олар саяси партия атынан да түсе алады. Өзін-өзі ұсынуға да құқылы. Тек ауыл тұрғындарының кем дегенде 1 пайыз қолын жинауы қажет. Егер екі жағдайда да үміткер табылмаса, аудан әкімі ұсынады. Тағы бір ерекшелігі – ауыл басшыларын жұртшылық мәслихаттың қатысуынсыз сайлайды. Осындай жақсы жаңалықтар көбейгенімен, ауыл әкімдерінің халық арасында беделі аз. Мұны Мәжіліс депутаты айтып отыр.
ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы қоғамдық палатада жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне арналған жиын өтті. Сол жерде ауыл әкімдерінің сайлауалды уәдесінің орындалуына мониторинг жүргізілетіні туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқарудағы ауыл бюджетінің кіріс көздерін кеңейту жайы да әңгімеге арқау болды. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ауыл әкімдерінің беделін, құзыретін көтеру мәселесін көтерді.
«Қазір ауыл әкімдерінің ешқандай беделі жоқ. Ауыл әкімінің халықпен кездесуіне ешкім бармайды, жиналатыны 10-ақ адам. Ал ауылда біреу ас берсінші, бәрі жиналады. Неге? Себебі ол жерде қызық әңгімелеседі, ой бөлісіп, бір-бірін тыңдайды. Пайдасы бар, әкімдердің жиналысынан пайда жоқ, неге? Әкімдердің құзыреті де, беделі де жоқ. Аудан әкімдері ауыл әкімдерін күнде шақырып алады, күнде жиналыс. Цифрландыру бар, видеокамера бар, сонда да кел деп шақырып алады, кедейдің кеңесі бітпейді дейді. Әкім қашан халықпен жұмыс істейді?» – деді Анас Баққожаев Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата отырысында.
Депутаттың айтуынша, тұрғындардың мәселесін шешіп беруге әкімнің бюджеті жоқ. Қауқарсыз. «Сондықтан да халық әкімдердің халықпен кездесуіне келмейді. Әкімнің неге құзыреті жоқ дегенге келсек, айталық, мал дәрігері сырғасыз жүрген малды көргенде қожайынына айыппұл салу үшін инспекторды күту керек, қашан осыны тоқтатамыз? Әкімдер несие, әртүрлі гранттар береміз деп кепіл бере алмайды. Әкім жазған хатпен ешкім санаспайды. Менің айтарым, ең алдымен халықтың тұрмыс жағдайын жасап, IV деңгейдегі бюджетті көтеруіміз керек. Екіншіден, әкімнің құзыретін күшейтуіміз керек. Мәслихатқа тиісіп керегі жоқ, олар жақсы жұмыс істеп жатыр. Бірақ мәслихаттың да беделін көтеруіміз қажет», – деді ол.