Қазақ футболы: 1-тур нәтижелері:
Араға 3 ай демалыс салып, қазақ футболы жаңа маусымды бастап, көрерменімен қайта қауышты. Ала допты сағынған аяқдопшылар мен футболсүйер қауым тартысты ойындардың куәсі болды. «Астана», «Ақтөбе» және қостанайлық «Тобыл» Премьер-Лиганың бірінші турындағы матчтарда үш ұпайдан алды.
«Ордабасы» – «Каспий» 3:1
Маусымның шымылдығын ашқан алғашқы ойын Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы алаңда өтті. Жергілікті «Ордабасы» құрамасы ақтаулық «Каспий» жігіттерін қабылдады. Биылғы маусымға мықты құрама жасақтап, жақсы дайындалған «Ордабасы» сапында жаңадан қосылған ойыншылар қатары аз емес, оның ішінде ала допты сағынған 2 жылға футболдан шеттетілген Бауыржан Исламхан алғашқы ойынында айып добынан жойқын соққысымен есепті ашып, өзінің әлі де бабында екенін көрсетті. Шымкенттіктердің сенімді жеңісіне қарамастан, «Ордабасы» комбинациялық футболды көрсете алмады, бұл таңқаларлық емес, өйткені құрамында жаңа ойыншылар көп, уақыт өте келе шеберліктерін шыңдайтын болар.
«Жетісу» – «Ақтөбе» 0:1
Күнтізбедегі екінші ойынымыз «Жетісу» мен «Ақтөбе» арасында өтті. Талдықорғандық ұжым өз ойындарын уақытша Алматыдағы «Жас Қанат» стадионында өткізуге мәжбүр, соған қарағанда «Жетісу» футболшылары өз алаңында емес, сыртта жүргендей болды. Себебі стадион ақтөбелік жанкүйерлерге лық толды. Былтырғы маусымда соңғы сәтте чемпиондықтан айырылып қалған «Ақтөбе» Максим Самородовтың арқасында бір гол соғып, Андрей Карповичтің шәкірттері жеңіске жетті.
«Тобыл» – «Ақсу» 3: 1
Қостанайлықтар бұл ойынға павлодарлықтарға қарағанда дайын екендіктерін танытты. Қонақтар жиі допты жоғалтып жатты. Алаң иелері өз мақсаттарын және оған қалай жетуге болатындығын жақсы білетін ұжым, бірқатар өрескел қателіктерге қарамастан, олар үш ұпай алып, өз жанкүйерлерін қуантты. «Ақсу» ренжімеуі керек, өткен маусымның бірінші жартысында олар ашық түрде сәтсіздікке ұшырады.
«Астана» – «Шахтер» 2:1
«Астана» 3 минутта салынған жылдам голдың арқасында өз қарсыласын еш қиындықсыз бөлшектеп, ірі есеппен жеңетін сияқты көрінді, бірақ «Шахтер» осал болған жоқ. «Астананың» қуанышы жарты сағатқа ғана созылды, содан кейін қарсылас қарымта голмен жауап беріп, екі жақ та тартысты ойын өрнегін көрсеткенімен, «Астана» жеңісті еншіледі. Осылайша жаңадан келген бапкер Григорий Бабаянның шәкірттері алғашқы үш ұпайына қол жеткізді.
«Мақтаарал» – «Оқжетпес» 0:1
Екінші күнгі ойындар Шымкент қаласында жетісайлық «Мақтаарал» мен көкшетаулық «Оқжетпес» ойынынан бастау алды. Премьер-Лигадан шығуға басты үміткер болып саналатын «Оқжетпес» өткен маусымда аман қалған «Мақтааралдан» күтпеген жерден басым болып шықты. Бірінші таймда қарсылас капитан Руслан Юденковтың қателігін пайдаланып, Шоқан Абзалов әдемі соққысымен көзге түсіп, өз командасына жеңіс сыйлады. Қатарына Джуниор Кабананга сияқты жаңа ойыншыларды қосқан «Мақтааралға» биылғы маусымда жанкүйерлері үлкен үміт артуда. Әзірге ойыншылар үмітті ақтамады.
«Қайрат» – «Атырау» 2:2
Жылдан-жылға әлсіреп бара жатқан «Қайрат» өз жастарына сенуден бас тартпайды. Ойында жақсы қарқынмен бастаған «Қайрат» ойыншылары ойынның небәрі 20 минутында 2:0 есебімен алға шықты. Бірақ қуаныштары ойынның соңына дейін созылмады. Артур Шушеначев пен Гүлжігіт Алықұловтың салған голдары «Қайратқа» жеткіліксіз болды. Бұл ойында «Қайрат» жанкүйерлері төрешіге наразы екені сөзсіз. Мүмкін, бірінші таймда төреші Артем Кучин алматылықтарға гол соғу сәтінде доптың астына кедергі келтірмесе, олар үшінші гол соғып, ұпайларын жіберіп алмаған болар еді. Бірақ бұл тек теория, іс жүзінде тең ойын.
«Қайсар» – «Қызыл-Жар» 0:1
Жоғары лигаға қайта оралған «Қайсар» өз алаңында «Қызылжарды» қабылдады. Жергілікті жанкүйерлерін қуантады деген ниетпен жиналған қызылордалықтар алғашқы ойында көңілсіз қайтты. Бір қарағанда қос ұжым да бір деңгейде, ал алаңда «Қызыл-Жар» басым түсті. Барлығын «қасқырлардың» қақпашысы Степан Сикач шешіп берді. Ол допты шығарам деп қарсыласына теуіп, сөйтіп доп өз қақпасына қалай түскенін де түсінбей қалды. «Қайсардың» қарымта жауап қайтаруға уақыты болды, бірақ шабуылда нәтиже көрсете алмады. Бар үміт Виктор Кумыковтың стандарттарында болды, тіпті гол да салынды, бірақ ойын тәртібі бұзылып, ол есепке алынбады. Сөйтіп, «Қайсардың» алғашқы ойында жолы болмады.