Алаштың Бұхарадағы арқасүйері

Алаштың Бұхарадағы арқасүйері

Мырза Наурызбайұлы – ұлт қамы жолында қанша қуғын көрсе де, Алаш мұратына адалдығынан танбаған бірегей тұлға. Алаштықтардың арқасүйері. Бұхара жұртының жанашыры. Хиуа қазақтарының қамқоры. Қаламы қарымды көсемсөзші һәм қазаққа мәлім қайраткер. Десе де осы бір дара болмысты тұлғаның бай рухани мұрасы тереңірек зерттелген емес. Сондықтан да кеңестік билікке қалтқысыз қызмет еткен көзі ашық азаматтың өнегелі өмір жолына қысқаша тоқтала кетейік. Қызылқұмның қырдағы №13-ауылында дүние есігін ашқан Алаш зиялысы Түркістан Республикасын түлетуге септесіп, 1921-1922 жылдарда Бұхарада іс жүргізушісі болды, қазақ бөлімін де абыроймен басқарды. 1922-1924 жылдарда Бұхара Орталық атқару комитетінің төралқасына мүше болса, 1924-1925 жылдарда жұмысшы жер-орман ұйымдастыру бюросының тізгінін ұстады. Сол кезеңдерде Орта Азия мен Қазақстанды межелеу қолға алынған тұста орталықтағы одақтық жиынға республика атынан қатысқан Ф.Ходжаев, К.Атабаев, К.Пулатов, А.Мұхетдиновтердің қатарында нар тұлғалы Наурызбаев та болды. 

 

Қазақ үшін жанын аямаған жалпы жас кезінде жәдитше оқып, есейе келе орыс тілін де жетік меңгерген Наурызбаев 1929-1932 жылдар аралығында Орталық Азия мақта-ирригация институтына түскенімен, 4-курста өкпе ауруына шалдығып, оқудан қол үзуге мәжбүр болады. Ал 1932-1935 жылдары Түркістанда агроном, жер бөлімі қызметкері, 1935 жылы Қырғызстанның Жалалабад қаласында агроном-жоспарлаушы болса, 1943-1953 жылдарда он жыл бойы көршілес Қырғызстанда мемлекеттік бақылау органында ІІ дәрежелі мемлекеттік бақылаушы міндетін атқарады. 

Ал төменде біз кеңірек тоқталып, тарқата талдайтын Мырзаның үстінен іс қозғалған кез оның Мойынқұм және Түлкібас аудандық атқару комитетін басқарып тұрған 1929-1930 жылдарға тұспа-тұс келеді. Осы жылдарда жаладан жалтарып, Өзбекстанға жасырын өтіп, біраз уақыт бой тасалаған тұлғаны бөтен жұрттың бишікештері Бұхарада да байыз таптырмай, тоқтаусыз шағым түсіріп, 1,5 жыл абақтыға да жауып тынады. Ал 1937-нің «қанды қырғыны» белең ала бастағанда «бейбіт күнде-ақ басымнан айқай арылтпаған белсенділер нысанасына бірінші мені ілер» деген күдікпен тағы да туған елден жыраққа кетеді. Бұл жолы Қырғызстанның кең құшағын паналаған қайраткер араға көп жыл салып, атамекеніне 1953 жылы ғана аяқ басады. Өңірдегі Киров ауданының Фрунзе кеңшарының 2 жыл директоры болған. Ленин аудандық тұтыну кооперациясына басшылық та етеді. 1963 жылы зейнеткерлікке шығып, 1978 жылы өмірден өткен Наурызбайұлы ғұмырының ең жарқын беттерінің бірі оның 1924 жылғы маусым айында Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне қатысуы десек, артық айтқанды болмас. Жалпы 12-18 маусымда өткен қазақ тарихындағы елеулі жиында Түркістан, Бұхара, Мәскеуден түркі халықтарының беделді өкілдері де бас қосып, Бұхара республикасы атынан қатысқан Мырза Наурызбайұлы президиум мүшелерінің бірі болыпты. Шындығында да Мәскеу күншығыстық баспасөз мекемесінен Ә.Бөкейханұлы мен Н.Төреқұлұлы, Түркістан қазақ-қырғызынан Х.Досмұхамбетұлы мен И.Арабайұлы, Орынбордағы қазақ институтынан М.Мырзаұлы, Қазақстан оқу комиссариатынан Е.Омарұлы, А.Байтұрсынұлы, Бұхара қазағынан М.Наурызбайұлы қатысқан съезде жазу ережелері тақырыпты Елдостың баяндамасы талқыға салынып, Әліпби тақырыпты Ахметтің баяндамасы тыңдалып, оған қатысты Нәзірдің уәжі де назарға алынып, латын жазуын қолданудағы ұсыныстарға ұлт қайраткерлері өз көзқарастарын білдіреді. Осы кеңесте Бөкейханұлы, Кенжеұлы, Арабайұлымен бірге президиум мүшесі болып сайланған. Наурызбайұлы Мырза Бұхара қазағы атынан съезді құттықтап, ондағы қазақтың хал-жағдайын баяндады. Қазақстаннан айрықша көмек болмаса, Бұхара мен Хорезмдегі қазақтардың қараңғылықтан құтыла алмайтынын айтып, оларға ғылым жағынан да Қазақстанның көмекші болуын өтінеді.

 

Жалпы Бұхара орталық атқару комитеті жанындағы қазақ бөлімінің басшысы Мырза Наурызбайұлы Алаштың Орта Азиядағы тірек-тұлғасы бола жүріп, ел құлағын тігіп, жұрт қолдан-қолға тигізбей жабыла оқитын «Ақ жол» газетінде де Бұхарадағы бауырлардың көкейтесті мәселелерін қайта-қайта көтеріп, 375 мың қазақтың хал-ахуалынан ұдайы хабар беріп отырған.  

Қазақтықтан қашып, дәстүрінен жеріген жерлестерінің өзбектеніп бара жатқанына алаңдап, әсіресе, «Арқадан келген қазақ боламыз» деп арқасын кеңге салып құр босқа қопаңдап жүрген 18 мың үйлі найманда қазақтықтың жұрнағы да қалмағанын қынжыла айтыпты. Яғни, Бұхарадағы кіндік қазақ бөлімінің бастығы Наурызбайдың Мырзатөресі «Ақ жол» бетінде жат топырақтағы қазақтығынан айырылған қазақтар жайлы жиі қалам тартып, жергілікті ұлттың датын жаңа өкіметке жеткізіп отырған. Сонымен қатар, ұлт саңлағы талайлы тарихымызға да тереңірек үңіліп, «Бұхарадағы қазақтардың ахуалы» атты ауқымды мақаласында әмір заманынан бері әлімжеттіктен көз ашпай келе жатқан қалың қазақтың тілі шұбарланып, тұрмысы өзбектеніп, әдет-ғұрпы да өзгеріп кеткеніне налып:

«Бұхара қазақтарын бұл күйде қалдырып, қараңғылыққа шалдырып қоюға болмайды. Амал қылуы керек. Қызметкерді көбірек жіберіп, еңбекшілердің жалпы көзқарасын өзгертіп, заң-білімнен хабарландыру керек.

Бұхара қазақтары көнуде. Қызметкерлер сұрап та жүрген жерлері бар. Хүкімет болсын, жалпы саналы азаматтар болсын, Бұхара қазақтарын еске алып, қызметкерлер жіберуге әрекеттенуі керек», – дейді. Мұнан бөлек, ол 2600 түтіннен тұратын қандастардың қайбір жылғы үркіншілікте Ауғанстанға үдере көшіп кетіп, ішер ас, киер киімге зар болып қалғанын «Ауғанстан жеріндегі қазақ жайынан» атты жазбасында қаз-қалпында боямасыз жеткізіпті. Бір жағынан басмашылар басынып, екінші жағынан ауған үкіметінің тоқымдай жерін қимай, түк өспейтін тау-тастан тұрақ беруі «бұрынғы мекенге қайтсақ» деген үмітін үрлеп, жергілікті қазақтар нәзірлер кеңесіне (совнаркомына) 23 арыз түсірген. Бұларды қайтаруға нәзірлер кеңесінің ешбір шара көрмегеніне қынжылған қайраткер өзі басқарып отырған Бұхара кіндік комитеті жанындағы қазақ бөлімінің де бұл мәселені шешуге шамасы жетпей отырғанын ашық айтады. Расымен де кезінде қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне қатысып, Алаштың Ахметімен етене араласып, ұлт бағына туған Бөкейхановпен бірлесе жұмыс жүргізіп, тізе қосып тірлік еткен нар тұлғалы Наурызбаевтың Ауғанстан жеріндегі ағайынның «жанайқайына» жаны күйе құлақ түріп, қазақ оқығандарының мінбері іспетті «Ақ жолда» ел мұңын, жұрт зарын жиі жеткізуін айта жүрерлік азаматтық дер едік. Сондықтан да тарих қойнауынан қазына іздеген бүгінгі зерттеушілердің Мырза секілді ұлт ұстындарының мақаласына үңілгенде мейлінше терең байыптап, тура тұжырымдағаны жөн болар дейміз.

Басшылар бүлігі кезінде Алаш мұраты үшін атқа қонып, қазақ қамы үшін қайрат көрсеткен тұлға төңкерістен соң Түркістандағы жаңа үкіметтің басты тірегінің біріне айналып, Бұхарада большевиктік биліктің нық орнығуына орасан зор еңбек сіңірді. Басмашыларға қарсы бас көтеріп, бүлікті бітіммен шешудің жолын іздеді. Шеттегі қазақтың шаруасын күйттеп, 1923 жылғы Бұхара хүкіметінің 4-ші құрылтайынан кейін ашылған кіндік қазақ бөлімінің жұмысын жолға қойды. Уезде төңкеріс комитеттерін құруға атсалысып, басмашылардың талауынан қалған елге қорған болар деп «Орташөл» еліндегі қазақтардан 25 кісілік милицияны  жасақтады. 

«Осы биылғы 1924 жылдың бас кезінде «Орташөлдегі» қазақтарды һәм қазақ милицияларын біржолата  жоқ қылмақ болып, 480 кісілік басмашылар кенеттен келіп ауылды қамайды. Бізде бар болғаны 25-ақ кісі. Сонымен, бір күн, бір түн соғыс болды. Бұқараға телеграм да берілді. Бірақ, жәрдемге барған солдат жоқ. Ақырында басмашылар 74 адамды, 34 жылқыны өлтіріп қашты. Қазақтан өлгені: 4 қатын, 3 бала, 2 шал. 74 үйдің шаңырағы ортасына түсіп жанып кетті. Бұл соғыстан кейін, ондағы милициялардың қару-жарақтарын хүкімет күшейтіп отыр», – деп жоғарыға жедел хабар берсе, іле-шала-ақ «Ақ жолдың» 1924 жылғы 11 шілдедегі №457 санында басылған «Басмашылардан таланған қазақтарға жәрдем» атты мақаласында:

 

«Кедейлер таланған үйдің саны 84 болса да, бұлардың  бірқатарының аяқты малдары аман қалған. Сондықтан бұл істерді  тексеру үшін Бұхара кіндік атқару комитетінің жанындағы, жәрдем комиссиясы мен кіндік қазақ бөлімі тарапынан 3 кісілік комиссия түзілді. Комиссияның жәрдем беруге мұқтаж көріп келгені 31-ақ үй болды. 31 үйдің алдына 100 сом, аяғына 45 сомнан жәрдем бермекші болып, бұл ақшалардың орнына туатын қойдан 345 қой сатып беріп отыр. Оның үстіне керекті үй аспаптарын да береді. Басмашыларға таланып кеткен малының орнына осындай жәрдем қолын созған   үкіметті қазақ ұмытатын емес», – деп, басмашылардан зорлық көрген қазаққа қолдан келген көмектің бәрі көрсетіліп жатқанын да жеткізіпті. 

 

Жалпы Мырза Наурызбайұлы мақалаларындағы мәліметтерге сенсек, сол кезеңде Кермене төңірегінде отырықшы қазақтар 32 000 үй, жан саны 160000, Бұхара төңірегінде көшпелі қазақтар 16000 үй, жан саны 80000, Карши Гузар төңірегінде 20000 үй, 100000 жанды қазақтар, Нұратада 1000 үй, 5000 жанды жерлестеріміз тіршілік кешіпті. Күншығыс Бұхара мен Қорғантөбе һәм Сарай Комарды жайлаған қазақтардың  саны олардың көбі Ауғанстанға көшіп кеткендіктен беймәлім болып отырғанын айтқан Алаш зиялысы Бұхара Республикасының қол астында отырған һәм есепке алынған үй сандарын 29000,  жан саны 345000 деп көрсетіп, есепке кірмей қалғандардың да аз еместігін ескерте кетеді.  Бұхара қазақтары турасындағы Мырзатөренің мәліметтерін ары қарай айқындай түсетін болсақ, Керменеде найман, қыпшақ, тама, табын, қарақалпақ, керейт, арғын, жалайыр; Бұхара төңірегінде аспан, бұғұл, әлім, тама, кете, тоқа, адай; Карши Гузарда бақаш, бақай, әлім, қоңырат, қарақалпақ; Нұратада керейіт рулары күн кешкен екен. 

Десе де бүтін бір Бұхара Республикасының жетіден бірін құрайтын қазақтың құқығын қорғайтын ұлт қызметкерлігінің кемдігі тез-ақ білінеді. Себебі, сыбағасынан құр қалған, қазақтығынан қайран болмаған қаймана жұрт әрі-беріден соң руын жасыратын жаман әдет тауып, өзбек боп көрінуден де тартынбайтынды шығарыпты. Тек төңкеріс тұсында әр ұлттың өзіне берілген ерікті өзгеден артық түсінген қазақ кедейінің жаңа өмірге деген ұмтылысын ұнатпаған ескішіл һәм діншіл ел бөтендігінен танбай, бірлі-жарым білімдінің былай шыға бере-ақ балтырынан қауып, құлдырап бара жатса қуана қақпайлап, өсіп бара жатса өсектей жүріп өшіріп тынатын.  Осының бәрін оңашада ой елегінен өткізген қайраткер бостандық таңы атса да бөтен жұртқа «бодан» болып отырған қандастарының қамын жеп, Қазақстан, Түркістан азаматтары болып, ол жақтағы нағыз езілген, еңбекшіл, диқан, кедей қазақ, қарақалпақтарға көз қырларын салар деп үміттенеді.

Ал, әдейі ұйымдастырылған ылаңның құрбаны «Ақ жолдың» айқара бетінде берген сұхбатында ол Орта Азияны ұлт шекаралығына бөлу турасындағы өз байламымен бөліседі. Мырзаның айтуынша, біріншіден, атам заманнан бері малдан басқа мүлкі жоқ, диқаншылықтың дәнін татпаған қазақ қат дүниенің бәрін қиырдан, өзінде жоқтың бәрін шеттен тасуы тиіс екен. Өйткені өндірісінен өрісі көп елде шағын кәсіпті көркейту тіпті мүмкін еместігін қазақ оқығандары тегіс түйсінген. Екіншіден, Түркістан ман дала қазақтарын біріктіру арқылы тілін жоғалтқандарды тізгіндеп ұстауды ұсынып, ұлтты болмысынан айыруға ашық кіріскен большевиктік биліктің қитұрқы саясатына аз да болса қарсы қадам жасағысы келеді. Үшіншіден, Бұхара, Хиуа қазақтарының Өзбекстан ішінде қалса да, айрықша автономиялы облыс болуын талап етеді. Төртіншіден, ол Кеңестер Одағындағы Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан секілді бауырлас республикалардың шаруашылық һәм рухани байланыстарын жандандыруды жөн көреді. Яғни, шегара мәселесін шегендеуде шешіле сөйлесудің, асықпай ақылдасудың берері көптігін де баса айтып, қазақ жұртының кіндік қаласы ұлан-байтақ елдің қақ ортасында болуы тиіс деген байламға тоқтайды. 

Ал «Бұхара қазақтары ел болатын емес» деген елеулі еңбегінде «Ақ жолдағы» сұхбатында айтылған ойдың желісін үзбей жалғап, «мен қазақпын» деуден де қалып бара жатқан қандастардың мүшкіл жағдайын, келешектегі арман-мұратын жасырмай былайша жеткізеді:

«Бұхараның кіндік атқару комитеті жанынан қазақ бөлімі ашылып, іске кіріскен соң, қазақтар ағыла бастады. Мұңын айтқан, арыз берген көбейді. Біз бұлардың бәрін де қазақ бөлімінің мәжілісінен өткізіп, бекітуге Бұхара кіндік атқару комитетіне жібердік. Бұл күнде оларымызды бекітпегендіктері туралы ресми қағаз алып отырмыз. Кеңес хүкіметі құрылып, әр ұлт өзіне ерік алғаннан кейін мұндағы қазақтардың көксеген емдерінің бірі де жеке облыс болу еді. Мұны айтқанда, Бұхара хүкіметінің аза бойы тік тұратын сияқты. 

Осы жылы 30 февральда Бұхара хүкіметіне қараған қазақтардың мал-жайларына танысу үшін аймақтағы қазақ жауапты қызметкерлерінің бәрін де Бұхараға шақырып, қазақ конференциясын жасадық. Конференция 5 кісілік комиссия сайлады. Мақсаты қазақтардың жеке облыс болулары туралы Бұхара хүкіметінің кіндік комитетімен сөйлесу һәм 5-ші съезге даярлану еді.

Мұны бекіту қайда? Таратып жіберді. Сондағы айтатыны мынау: бұл жергілікті облыстар арқылы белгіленеді. Біздің қатысымыз жоқ. Бұл мәселе көп жерлерде қозғалынды. Бірақ, өлке ордалардан жәрдем болмай, аяғы жерге тиетін емес.  

Осылайша ол Бұхарадағы қазақты өз алдына облыс етпейінше, ондағы жағдайдың оңалуы қиын боларын да дұрыс болжайды. Баспасөзбен де байланысын үзбей, базына білдірсе де батыра айтады. Шаға сөйлеп, талай шендінің шамына да тиеді. Тігісін жатқыза жеткізіп, тоғышар төренің талайға тізесін батырып жатқанын да жалпақ жұртқа жария етеді. Ащы ақиқат кімге ұнасын, сонысымен дұшпан арттырып, артынан арыз қарша борайды. 

 

Мырзаға тағылған мәнсіз айыптың бірін Созақ ескі коммунарына жолданған 12-ауыл  гражданы  Тілепалды   Сөкемұлының   өтініш-

арызынан көруге болады. Неден секем алғанын қайдам, Сөкемұлы салған жерден Наурызбайұлына наразы жұрттың атынан сөйлегенсіп, «Белсенді Мырза біздің сауатымыздың жоқтығын пайдаланып, «колхоз болмасаң қамаласың» деп қорқытып, үркітті. Хат танымаймын, бірақ газетте «ықтияры болса кірсін» делінбеп пе еді. Осылайша колхоз болмағанымыз үшін қамалып жатырмыз. Бір үйде 4 жанбыз. Ықтиярсыз қамалған кедейлерге заң ісі болып, қамаудан босатсаңыз деп өтінеміз», – дейді. Қысқасы, оның қайда қызмет етсе де сөз-сойылын сүйреткендер соңынан қалмай, қызметінен қиянатпен қуылған шақтары да аз емес екен. 

 

Бұрынырақта «Батырақ» деген бүркеншік автордың сала құлаш арызынан ғазиз басын әрең арашалап алған Мырза кейіннен Мойынқұм аудандық атқару комитетін басқарғанда да байыз таптырмаған бәлеқорлардың шуынан бәрібір құтыла алмайды. Тіпті Мырзатөрені мінегендердің шағымынан тау тұрғызуға болатындай. Түбіне жету, шындықты тану да қиындау. Десе де кейбір колхозшылардың атынан жазылған сауатты арыздың салмағына қарап, тапсырмамен жазылған арыздың, әдейі ұйымдастырылған лаңның, қисынсыз кінәлаудың артында әлін білмейтін әлдекімдердің тұрғанын тұспалдауға болады. 

 

Қорыта айтқанда, тағдыры қаншама рет қарауылға ілінсе де ірілік танытып, арызқой ағайын алдынан ор қазса да кісілігін кішілікке жеңдірген, Бұхара қазағына қорған болған, Түркістан өңірін түлеткен тарихи тұлға Мырза Наурызбайұлы турасындағы толғам мұнымен бітпек емес. Керісінше қазақ білімпаздарының ортасынан ойып тұрып орын алған, «Ақ жолда» қаламынан тек қазақ қамын күйттеген көсемсөздер туған Алаштың алтын діңгегі – Наурызбайұлының өмір жолы мен талайлы тағдыры кеңірек зерттеліп, көбірек зерделенсе, шам түбіндегі шындықтың да жарыққа шығатыны сөзсіз. Демек, тарихты тұлғалар жасайтынын жадымызда ұстап, арыстарымызды аласартпай, кешегі кеңестік тарихқа жаңа көзқарас қалыптастыруға ұмтыла түсуге тиіспіз. Сонда ғана тарих көшінің бағыты анық, бағдары оң болмақ. 

 

Асан ҮСІПОВ, 

Ғалым ҚАСЫМХАН, 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік 

Қазақстан зерттеу университеті,

 ЖОО-ға дейінгі дайындық 

орталығының аға оқытушылары

 

14.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 15481
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 14243
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 17544
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 16416
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 21466