Алматыда әлеуметтік кәсіпкерлік мүгедектігі бар адамдарды, жұмыссыз қалған әйелдерді, мамандығы жоқ жастар мен қиын жағдайға тап болған отбасыларды өз бетінше өмір сүруге ынталандырады. Алайда заңнамалық тұрғыдан мойындалып, қолдау тетігі қалыптасқанымен, мұндай жоба қаржы алу, ғимаратты жалға алу мен мемлекеттік органдармен байланыс жасар кезде әлі де қиындыққа тап болып отыр. «Атамекен» ҰКП қалалық әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кеңесінің төрағасы, әлеуметтік қордың жетекшісі әрі әлеуметтік кәсіпкер Күлара Маненова әлеуметтік бизнестің дамуы, оның жетістігі мен осы саладағы өзекті мәселелер туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде толығырақ айтып берді.
Бірер жыл бұрын бізде әлеуметтік кәсіпкерлік бизнестің дербес бағыты ретінде қабылданбаған. Сондықтан мұндай жобаны қолға алған жандар қоғамдық мәселені шешумен айналысатын кәсіпорындарға неліктен қолдау қажет екенін мемлекеттік органға түсіндіріп әлек болып жататын. Олардың жұмысын көбіне кәдімгі қайырымдылықпен теңестіретін еді.
Қазір жағдай өзгерді. Әлеуметтік кәсіпкерлік заң тұрғысынан мойындалып, әлеуметтік кәсіпкерлік нысанының тізімі құрылып, арнаулы комиссиялар жұмыс істейді, мемлекеттік қолдау жағы да қолға алынды. Күлара Маненова бұл өзгерістің басты нәтижесі жаңа құжат емес, адамдарға өмірін өзгертуге берген нақты мүмкіндік деген пікір айтады.
«Бұл теория не сәнге айналған термин емес. Бұл – нақты мәселе мен нақты нәтиже. Әлеуметтік кәсіпорын ерекше білім беруге мұқтаж балалар, жұмыссыз әйелдер, мамандығы жоқ жастар, мүгедектігі барлар мен қиын жағдайға тап болған отбасылар үшін құрылады», – дейді спикер.
Дәстүрлі бизнестен айырмашылығы, әлеуметтік кәсіпорын пайда табуды ғана емес, қоғамдық мәселені шешуді де мақсат етеді. Бұл ретте оның қызметі жобаның өз бетінше жұмыс істеп, сырттан келетін көмекке тәуелді болмай-ақ халыққа пайда келтіре беретіндей етіп ұйымдастырылады.
Алматыда қазір білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу мен инклюзия бағытын қамтитын әлеуметтік кәсіпкерлердің белсенді қауымдастығы қалыптасып отыр.
Олардың қатарында инклюзивті білім беру орталықтары, түзету мен оңалту мекемелері, білім беру ұйымдары, балалар мен жастарға арналған спорттық жобалар бар. Сондай-ақ мүгедектігі барларды жұмыспен қамтитын кәсіпорындар, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыратын шеберханалар мен өндіріс орындары жұмыс істейді. Жекелеген бастамалар көпбалалы отбасыларды, тәуекел тобындағы балаларды қолдауға, әйелдерді кәсіби даярлап, олардың экономикалық дербестігін дамытуға бағытталған.
Бұл бағытта білім беру саласы ерекше орын алады. Әлеуметтік кәсіпкерлер оқу орталығын ашып, кәсіби даярлау курсын ұйымдастырады. Ерекше білім беруге мұқтаж балаларға сапалы қызмет алуға сеп болады. Мұндай қызметті олардың бәрі бірдей нарықтық бағамен ала бермейді.
Күлара Маненованың өзі де көп жылдан бері кәсіби оқыту, адам капиталын дамыту, әйелдер мен жастарды қолдау бағытындағы жобамен айналысады. Ұйымның білім беру бағдарламасы арқылы жүздеген адам білім алған. Олардың көбі басында өзіне сенімсіздеу болып келгенімен, оқудан кейін жұмысқа орналасып, бір-бір бизнес ашып алыпты.
«Біз адамдарға мамандықтың қыр-сырын үйретіп қана қоймаймыз. Оларға өз бетінше өмір сүріп, жеке кәсібін ашып, қолайына келетін лайықты жұмыс табуға да көмек береміз. Көпшілігі бізге мамандығы жоқ болып, өзіне сенімсіз күйде келеді. Қазір енді кейбірі табысты еңбек етіп, жеке кабинетін, салонын, оқу курсын ашып, салық төлеушіге айналып, өзге адамдарға жұмыс беріп отыр. Әлеуметтік кәсіпкерліктің басты құндылығы да осында. Біз мәселені бір күнге ғана шешпейміз, адамның өз болашағын өзгертуіне мүмкіндік беретін жағдай қалыптастырамыз», – деді спикер.
Күлара Маненованың пікірінше, мұндай жобалар адамдарға уақытша қиындықты еңсеруге ғана емес, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге де көмектеседі. Сондықтан әлеуметтік кәсіпкерлікті әлеуметтік мәселелерді шешудегі мемлекеттің толыққанды серіктесі ретінде қарастыру қажет.
Бұл бағыттың дамуына кедергі келтіретін бірнеше мәселе әлі де бар. Ресми мәртебесіне қарамастан, кәсіпкерлер әкімшілік кедергіге, ғимаратты жалға алу, коммуналдық қызметке қосылу мен қаржы тарту кезінде қиындыққа тап болады. Әлеуметтік кәсіпорындар өздерінің қоғамдық миссиясын дәлелдеу үшін де қосымша күш жұмсауға мәжбүр. Мемлекеттік органдар олардың қызметінің ерекшелігін әрдайым ескере бермей, мұндай ұйымдарды кәдімгі коммерциялық кәсіпорындармен бірдей бағалайды.
Халықтың бұл бағыт туралы жеткілікті білмеуі де өзекті мәселе болып отыр. Көпшілік әлі күнге дейін әлеуметтік кәсіпкерлік пен қайырымдылықтың айырмашылығын, ара-жігін түсіне бермейді. Олардың жұмысы бір-бірінен түбегейлі ерекшеленеді.
«Қайырымдылық өтеусіз көмек көрсетуге бағытталған. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік кәсіпкерлік қызмет арқылы әлеуметтік мәселені шешудің тұрақты тетігін қалыптастырады. Әлеуметтік кәсіпкер үнемі көмек сұрамайды, керісінше, өз қызметін дербес қамтамасыз ете алатын әрі қоғамға пайда әкелетін модель құрады. Сондықтан әлеуметтік кәсіпкерліктің даму әлеуеті өте зор», – деп түсіндірді Күлара Маненова.
Спикер бұл бағыттағы қолдауды өңірлік деңгейде күшейту қажеттігін айтты. Оның айтуынша, әлеуметтік бизнеске қолжетімді қаржы құралы, жеңілдетілген несие, жұмыс істеп тұрған жобаларды кеңейтуге арналған гранттар, білім беру мен кеңес беріп қолдау қажет. Сонымен қатар ақпараттық қолдау көрсету, мемлекеттік және корпоративтік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік тапсырыс пен әлеуметтік ықпалды бағалау тетіктерін де қоса дамыту керек.
Күлара Маненова әлеуметтік кәсіпкерлер мен ірі компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың да келешегі зор екенін айтады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен ESG күн тәртібіне деген қызығушылығы артып келе жатқандықтан мұндай әріптестік қоғамдық мәселені шешудің тиімді құралына айналуы мүмкін.
«Біз әлеуметтік кәсіпкерліктің болашағы мемлекет, бизнес пен азаматтық қоғам арасындағы әріптестікке байланысты екеніне сенімдіміз. Бүгінде ірі бизнес әлеуметтік жауапкершілікке көбірек көңіл бөле бастады. Әлеуметтік кәсіпкерлер компаниялардың әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, халықты кәсіби даярлау мен инклюзивті ортаны дамыту бағытындағы сенімді серіктесіне айнала алады», – деді спикер.
Сарапшы маңызды бағыттың бірі ретінде әлеуметтік кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруды да атап өтті. Оның пікірінше, жастарға кәсіпкерлік негіздерін ерте жастан таныстырып, көшбасшылық қасиеті мен әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін дамыту қажет. Жас адамдар жеке кәсіптің табыс әкеліп қана қоймай, айналасындағы адамдарға көмектесуге, жұмыс орындарын ашып, жергілікті қауымдастықтың мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін түсінуі тиіс. Сондықтан жаңадан бастаған әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау осы саланы одан әрі дамытудың маңызды бөлігіне айналуы керек.
Спикер Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерліктің заңнамалық негізі қалыптасқанын, белсенді кәсіби қауымдастық құрылып, белгілі бір қолдау тетігі жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Дегенмен саланы одан әрі дамыту үшін осы жүйені нығайту, қаржыландыру мүмкіндігін кеңейту, әріптестік байланысты дамыту мен әлеуметтік бизнестің танымалдылығын арттыру қажет.
Спикердің бағалауынша, Алматы – әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуда еліміздегі жетекші қаланың бірі. Сонымен бірге кәсіпкерлерге жаңа бастаманы қолға алып қана қоймай, оларды ұзақ жыл бойы тұрақты жұмыс істей алатын жобаға айналдыруға мүмкіндік беру керек.
«Әлеуметтік кәсіпкерлік деген жеңілдік пен артықшылық емес. Ол – жауапкершілік. Бұл – өзгенің мәселесіне бейжай қарамайтын, күрделі әлеуметтік міндетті шешуге дайын адамдардың ісі. Дәл осындай адамдар мықты қоғамды, тұрақты экономика мен әділетті болашақты қалыптастырады», – деп түйіндеді сөзін Күлара Маненова.















