Қазан айының соңғы жексенбісі - Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Бұл күнді қарттарға, жан жылуын, адамзат мейірімін күтетін қамкөңіл жандарға, көпбалалы отбасыларға, табысы аз және жұмыссыз азаматтарға көмек қолын созып, аянбай қызмет етіп жүрген адамдарға деген зор құрметтің, шынайы алғыстың белгісі деп білуге болады.
Мереке күні Жамбыл облыстық әлеуметтік оңалту орталығында сала мамандарының төл мерекесіне орай салтанатты жиын өтіп, оған облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова, Тараз қалалық мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабаев және сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған Мәди Мейірбекұлы аймақ басшысының әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтауын жеткізіп, түрлі марапаттарды табыстап, сый-құрмет көрсетті.
Мерекелік шарада Гүлдана Әлімжанқызы сала мамандарын құрмет төріне шығарып, марапаттады
Сала ардагерлеріне де сыйқалталар үлестірілді.
Сондай-ақ мерекелік кеште басқармаға қарасты мекемелер тарапынан концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, әннен шашу шашылды
.Мерекеге орай өткен жиында саланың үздік қызметкерлері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, облыс әкімдігінің, кәсіподақ ұйымдарының және басқарманың наградаларымен марапатталды.
Жалпы басқарма арқылы халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің жұмыстары халықты жұмыспен қамту, халықтың «әлжуаз» топтарына әлеуметтік жәрдемақылар төлеу және мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету сияқты үш бағытта жүзеге асырылып келеді.
Сала қызметкерлерінің жұмысы нәтижесінде осы үш бағытта да бірқатар жұмыстар атқарылып, қол жеткізген жетістіктер де аз емес.