Оралда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің төл мерекесіне орай салтанатты жиын өтіп, сала қызметкерлері марапатталды.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, салтанатты іс-шараға Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қатысып, сала қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады.
– Қазан айы – қамқорлық айы. Осы ай ішінде сіздердің де мерейлі мерекелеріңіз бар. Сіздер әлемдегі ең ізгі әрі қиындығы мол салада еңбек етіп келесіздер. Бұл мамандық кәсіби жоғары біліктілікті, сол қызметке деген адалдықты, төзім мен мейірімділікті талап етеді. Сіздердің әр күн сайын, жылдар бойы атқарып келе жатқан жұмыстарыңыз үлкен құрметке лайық. Осындай мерейлі мерекеде сіздерге қиын да қажетті мамандық бойынша қызмет етіп жүргендеріңіз үшін шын көңілден шексіз ризашылығымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ел игілігі жолында жаңа табыстарға жете беріңіздер! – деді Миржан Мұнайдарұлы.
Бұдан соң шаһар басшысы осы салада қызмет атқарып жүрген бірқатар мамандар мен әрқашан игі істерге қолдау танытып, қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып жүрген азаматтарды «Алғыс хаттармен» марапаттады. Сонымен қатар «Қызмет» Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Серік Сүлеймен сала мамандарын мерекемен құттықтап, «Құрмет грамоталарын» ұсынды. Бірқатар қызметкерлер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының Алғыс хатына ие болды.
Мерекелік іс-шара Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.