Ақтөбе облысына белгілі спорт маманы Болат Қойшыбайұлы Телеуовтің өмірден озғанына 11 жыл болыпты. Болат Телеуов Ақтөбе облысы бойынша бокстан тұңғыш КСРО спорт шебері болды. 1978 жылы 20 жасында орындаған еді. Ресейдің Орынбор қаласында өтетін Кеңес Одағының батыры татардың ақиық шайыры Мұса Жәлел атындағы турнирдің жеңімпазы болған болатын.
Бөкеңнің тағдыры оңай болған жоқ. 17 жасынан Алға балалар спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет жасады. Жаттықтырушы ретінде де, өзі де талай жарыстарға қатысты, жас балғын спортшыларды Кеңестер Одағының көптеген қалаларына, түрлі деңгейдегі жарыстарға апарып жүрді.
Жасынан жаңалыққа құштар жас маман өзінің жұғымдылығының арқасында талай ірі бокс мамандарымен достық, сыйластықта болды.
Украина, Балтық жағалауы елдеріне барған сапарларынан ұлт болашағы туралы жергілікті спорт мамандарының ауыздарынан естігендерін таңғала айтып жүретін.
1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісіне, Алматы жастарын қолдап, сол айдың 25-26 түндері Алға қаласының көрнекті жерлеріне: «Долой Колбин», «Где Национальные Кадры» т.б. осы тектес ұрандар жазып, 2,5 жылға ( 60-баппен) сотталған еді.
(Сол кездегі достары Берік Тайбөкенов бүгінде марқұм және Болат Арынғазиев үшеуін де темір тордың арғы жағына тоғытты)
Бөкең негізінен жан-жақты сауатты болатын. Кез келген мамандық иелерімен емін-еркін пікірлесе беретін. Әзілкеш еді. Өмірі күлмейді деген кісіні де өзінің әдемі қалжыңдарымен күлкіге қарық қылатын. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болатын.
Қайран Бөкең, үнемі елдің аузында жүретін. Қолы ашық, дос-жарандары мен шәкірттері, қызметтестері әлі күнге сағына еске алады. Бірақта есімі әлі өзінің биік тұғырына шыға алмай келеді. Ақтөбе қаласынан көше атын сұрап талай жерлерге хат жаздық. Баяғы жартас сол жартас болып тұр.
Болат Қойшыбайұлы – Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстан спортына еңбегі сіңген қайраткері. «Ерен еңбегі» медалінің иегері, 2011 жылы өткен қысқы Азия ойындарының Ақтөбе облысы бойынша алаугері.
Қазақ тілінің жанашыры ғана емес, сол жолда тер төгіп, өзі басқарған спорт мектебінің құжаттарын қазақшаға көшірген айтулы азамат.
Ендігі сөзді әріптес інілеріне берсек.
Галиб Жаппаров:
«Болат ағай Ақтөбе облысы бойынша бокстан тұңғыш КСРО спорт шебері, солай деп менің бапкерім айтты. Олар бала кездерінен бірге жаттыққан. Ағайды бала күнімнен танимын. Жарыстарға Алғаға барғанда, Ақтөбеге келгенде көретін едім. Кейін ағай спорт мектебінде директорлық қызмет атқарды. Өмірде өте қарапайым, сондай жігерлі еді. Қолынан келетін жұмыстарын жақсы атқарды. Маған да, менің бапкеріме де жан-жақты көмек көрсетті. Өзіне сенімді болатын.
Оның басты қасиеттерінің бірі – ол ешқашанда бұғып қалмайтын. Сондықтан болар, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде де шындықты айта алды. Айналасына да үлгілі нағыз ер-азамат болды. «Бокстан әлем біріншілігінің күміс жүлдегері» (2001 жылы) және алтыннан алқа таққан жеңімпазы (2003 жылы) екі рет олимпиада ойындарына қатысушы. (2004-2008 жылдары) Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы».
Сергей Котов, Болаттың шәкірті, халықаралық дәрежедегі төреші:
«Болат Қойшыбайұлы Телеуовті жақсы танитын едім. 2001 жылы Есет батыр атындағы әскери-полиция мектебі ашылғанда Болат Қойшыбайұлы жаттықтырушы болып келді. Келе сала боксқа керек барлық құрал-жабдықтарды сатып алдырып, өзінің спортқа деген ынта-жігерін көрсетіп, құлшына кірісті. Өзі де, күш иесі болған соң, менің де соған жақын екенімді көріп, ылғи да ақылын айтып отыратын. Тактикалық жағына да көңіл бөлу керектігін санамызға құятын еді. Болат ағайдың өзгелерге ұқсамайтын керемет дауысы есімде мәңгі қалды. Бокстасып жатқанда алыста тұрып-ақ берген ақыл-кеңестері құлағыма саңқылдап жететін. Шаршы алаңда жұдырықтасып жатқанда шәкірттеріне күш-жігер беретін нағыз бапкерлер сирек кездеседі. Өзінің алып тұлғасымен де айбарлы көрінетін. Жастарға үлгі-өнеге болатын.
Бізді отансүйгіштікке үйрететін. Өйткені, ол 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде де бұғып қалған жоқ. Боксшы достары – Арынғазиев Болат, Тайбөкенов Берік – үшеуі Ақтөбе облысы бойынша өздерінің ойларын батыл айтқандары үшін қуғындалды. Сотталды. Бірақ жасыған жоқ. (Алға қаласында тұрып жатқан Александр Иванович Лыпенконың шәкірттері еді) Менің бапкерім Талғат Жүсіпов ағай маған Болат Телеуов туралы жазылған «Поединок Вне Ринга» деген кітапты сыйлаған болатын (авторы – Болат Олжатегі). Ол кітапта Болат ағайдың ғұмырнамасы жазылған.
Бірнеше рет оқып шықтым. Жастардың жастанып оқитын кітабы дер едім.
Болат Қойшыбайұлын есте сақтау үшін оның атында турнирлер өткізіп, жастарға патриот ретінде насихаттау керек деп ойлаймын» деп сөзін қорытты.
Ақтөбе қаласындағы №2 спорт мектебінің жаттықтырушысы ҚР-ның спорт шебері Ерлан Аязбаевты да әңгімеге тарттық.
«Біріншіден, өзімді таныстырып кетейін.
Бокстан Ақтөбе облысының жастар командасының аға жаттықтырушысы болып қызмет атқарамын. Қазір жарысқа дайындық үстіндеміз. Болат ағайға келсек, оны бала күнімнен жақсы білемін. Ғани Телеуов ( ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы) ағайымыз екеуі көптеген оқу-жаттығу жиындарын бірге өткізетін. Болат Ақтөбе боксының іргетасын қаласқан азамат. Үлкен білікті бокс мамандарының бірі болды. Көптеген спорт шеберлерін тәрбиелеп шығарды. Болат ағайымыз 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне де қатысқан, біздің мақтанышымыз!
Көп жылдар №7 балалар спорт мектебінде директор болып қызмет атқарды. Ағайымыз көзі тірісінде көп көмектесіп еді. Ақылын айтып, боксшы балалардың қателіктерін түзетіп, «мына баланың потенциалы жоғары. Мына балаға шамалы жетіспейді» деп кеңесін айтатын. Әлі күнге дейін Болат, Ғани ағайлардың ақыл-кеңестерімен жұмыс жасап келеміз. Ағайдың көптеген шәкірттері Кеңес Одағының жастар арасынан жеңімпазы, Еуропа біріншілігінің жүлдегері болды. Мысалға, Ерік Балжанов ағаларымыз. Басқа да шәкірттері бар. Тілеген Тәлімбаев деген шәкірті ҚР спорт шебері, ҚР құрама командасында да болды. Тілегеннің баласы Сағындық Базар жастар арасынан ҚР жеңімпазы болды. Яғни Болат ағайдың бокстағы немересі деп те айтуға болады.
Болат ағайдың атын өшіріп алмау үшін жарыстар ұйымдастырылып, насихат жұмыстарын көптеп жүргізіп тұру керек. Тілеген Тәлімбаев спорт мектебінде қызмет жасап жүргенде өткізіп тұратын еді.
Болат Телеуов атындағы турнирдің бас төрешісі де, бас хатшысы да болдым. Сол жарыстарды қайта жаңғырту керек. Сонда ағай ұмытылмас еді. Көпке үлгі болған, «Елім» деп еңіреген ағаларымыз ұмытылмауы тиіс!» – деп сөзін қорытындылады.
«Арыстан еді-ау Исатай! Бұл фәнидің жүзінде. Арыстан одан кім өткен?!» – деп Махамбет жырау айтқандай, Болат Қойшыбайұлы да айбарлы абадан болатын. Көзінің тірісінде айналасына шуағын шашып жүретін жайсаң азамат еді-ау!
Ақтөбеден жақсы хабар келіп, соған қуанып отырған жайымыз бар. Шәкірттері, достары бас қосып, Б.Телеуов атындағы тоқтап қалған турнирді қайта жаңартуға күш салып жатыр екен. Құдай қаласа, 2025 жылдың 14 ақпанында туған күніне орай өткіземіз деп отыр. Мүмкін, «Ештен кеш жақсы» деген осы шығар?! Алла ұзағынан қылсын!