Төрт жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына санаулы айлар қалды. Қазіргі таңда ұлттық құрама спортшылары Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық турнирлер мен рейтингтік додаларға қатысып, ұлттық құрама қоржынын мейілінше көп жолдамамен толықтыруға бар күш-жігерін салып жатыр. Ал Париждегі осы жылдың басты бәсекесіне лицензия алып қойған отандастарымыз жеке бағдарлама бойынша шеберліктерін шыңдап, маңызды жарысқа тыңғылықты дайындалуда. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – еркін күрес шебері Әлішер Ерғали. 97 келі салмақ дәрежесінде сынға түсетін отандасымыз Париж Олимпиадасының жолдамасын жуырда ғана Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен күрес түрлерінен лицензиялық іріктеу турнирінде жеңіп алған болатын.
Әлішер Бішкектегі бозкілем бәсекесін карьерасындағы ең маңызды жарыстардың бірі деп есептейді.
«Қырғызстандағы турнирге жеке бапкерім екеуміз жыл басынан бері дайындалдық. Алдымен Дағыстанда оқу-жаттығу жиына қатысып, кейіннен лицензиялық турнирге аттандық. Бішкек бәсекесі алдында барлық қарсыласымды зерттеп, әрқайсысына жеке-жеке дайындалып келдім. Нәтижесінде, діттеген мақсатыма қол жеткізіп, Олимпиада жолдамасын иелендім. Бұл – карьерамдағы ең маңызды жарыстарымның бірі деп айта аламын», – дейді Азия чемпионатының екі дүркін күміс, екі дүркін қола жүлдегері.
1999 жылы 12 сәуірде Жамбыл облысында туған Әлішер Ерғали күрес үйірмесіне ағасының себеп болуымен келгенін айтады. Сондай-ақ ол күрес түрлерінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болғысы келетінін жасырмайды.
«Ағам спортшы болғандықтан, үнемі спорттық жарыстардан жүлдемен оралып, үйді медальмен көмкеріп тастады. Ол кезде қатты мән берген жоқ едім. Кейін ағама еліктеп мен де спорт үйірмесіне жазылып, бірінші жарысымда медаль жеңіп алдым. Осыдан кейін жүлденің дәмін сезіп, еркін күреспен шындап айналыса бастадым. Спортқа келгендегі басты мақсатым Олимп шыңын бағындыру болатын. Сол жолда тынбай еңбек етіп келемін. Бұйырса, Париж төрінде топ жарып, күрес түрлерінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болғым келеді», – дейді ел біріншілігінің жеңімпазы.
«Әлішер Ерғалиді жаттықтырып, бірге жұмыс істеп келе жатқаныма 12 жыл. Алматы қаласының «Шаңырақ» шағын ауданындағы «Олимпиада резервінің Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» республикалық мемлекеттік мекемесіне 7-сыныпта келген. Адам бойында батырға тән қандай қасиет бар болса, соның бәрі шәкіртімнің бойында бар деп есептеймін. Ол өте еңбекқор және табанды палуан. Барлық жетістігіне осы екі қасиетінің арқасында қол жеткізіп келеді», – дейді кейіпкеріміздің жеке жаттықтырушысы.
Қазіргі таңда ол өзінің екінші Олимпиадасына қатысуға тыңғылықты дайындалып жатыр. Әлішер Ерғали бозкілем үстіндегі барлық жетістігіне тек жаттығудың ғана емес, отбасының үлкен қолдауы арқасында жетіп келе жатыр.
«Күреске деген мотивацияны мен үшін тақым қысып, қолдау білдіріп отыратын отбасымнан аламын. Әке-шешем, ағам, жұбайым мен қызым мені үнемі жоғары жетістікке жетелеп келеді», – дейді Әлішер.