Алматыдағы Rixos Hotel-де «Сауда интеграциясы: Жаһандық деңгейге шығу» тақырыбында 13-ші Орталық Азия сауда форумы өтті. Аталмыш форум аймақтағы ынтымақтастықты, кәсіпкерлікті және сауда саясатын дамытуды ынталандыратын маңызды диалог алаңы болып табылады. 14-15 мамырға жоспарланған дәстүрлі жиналысқа Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің 300-ден астам бизнес басшылары мен мемлекеттік қайраткерлері келіп қатынасты.
13-ші Орталық Азия сауда форумы аймақтағы сауданың болашағын қалыптастыратын әлеуетке, қиындықтарға және инновацияларды ілгерілету арқылы аймақтық сауданың дәстүрлі шекараларын кеңейтуге бағытталған. Форум жаңа сауда нарықтарын белсенді түрде зерттейді, құн тізбегіндегі мүмкіндіктерді анықтайды, кедендік және логистикалық процедураларды цифрландыруды талқылайды және сауданы реттеудің әртүрлі аспектілерін, соның ішінде аймақтық сауда келісімдерін, Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) стандарттарын, үйлестіруді және басқа да тиісті стандарттарды қарастырады.
– Осы жылғы форум жаңа сауда мүмкіндіктері мен шетелдік нарықтарды ашуға бағытталған, соның арқасында қатысушылар өңірлік сауданың келешегін анықтап, ауқымын кеңейте алады. Форум шеңберінде кедендік жүйені цифрландыру, көлік және логистика, сауданы реттеу (өңірлік сауда келісімдерін қоса алғанда), дүниежүзілік сауда ұйымы мен үйлестіру стандарттары бойынша сессиялар көзделген, – дейді форумды ұйымдастырушылар.
Форумның құрметті қонақтары мен негізгі спикерлерінің қатарында Америка Құрама Штаттарының Халықаралық Даму Агенттігі (USAID) Азия бюросы әкімшісі көмекшісінің орынбасары Зейна Салахи, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің вице-министрі Қайрат Төребаев, Өзбекстан Республикасы Инвестициялар, индустрия және сауда министрлігінің кеңесшісі, доктор Абдулла Хашимов, Қырғыз Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі министрінің орынбасары Ырысбек Бариев, Түрікменстан Сауда және сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің құқықтық реттеу және сыртқы экономикалық байланыстарды үйлестіру басқармасының бастығы Мұрат Мурадов қатарлы тұлғалар бар.
Сөз кезегінде USAID әкімші көмекшісінің аға орынбасары Зейнах Салахи кезекті жиналыстың маңыздылығын айрықша атап өтті.
– Біз сауда ынтымақтастығын кеңейтуде Орталық Азия елдері арасындағы тұрақтылықтың өсуіне, гүлденуге және байланыстардың нығаюына әкеледі деген сеніммен он жылдан астам уақыт бойы ұйымдастырылып келе жатқан іс-шараны өткізуге қолдау көрсетіп келе жатқанымызды мақтан тұтамыз, – деді ол.
Ал Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің вице-министрі Қайрат Төребаев Орталық Азиядағы сауда байланыстарын күшейту экономикалық өсімге, жұмыс орындарын құруға және өңірдегі өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
– Қазақстан өңірлік саудада маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары сауда рәсімдерін жеңілдетуге айтарлықтай қол жеткізілді. Ол кеден заңнамасы мен әкімшілендіруді жақсарту, қағазсыз трансшекаралық сауда институты, тұрақты сауда сияқты бағыттар бойынша оң өзгерістерді көрсетті. Біздің Сауда министрлігі, Qaztrade және USAID бағдарламасы арасындағы әріптестік нығайып келеді. Экспорт рәсімдерін жеңілдету жөніндегі бірлескен жұмысымыздың нәтижесі Ұлттық экспорт шолу туралы есеп және инфрақұрылымды жаңғырту, институционалдық реформалар және сандық интеграция арқылы Қазақстанның экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі Жол картасын әзірлеу болды. Сауда рәсімдерін жеңілдету сыртқы экономикалық қызметтің дамуына оң әсерін тигізеді. Бүгінде Қазақстан 131 елмен сауда жасайды. 2023 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 139,8 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3,2% артық (135,5 млрд АҚШ доллары), – деді Қайрат Төребаев.
Қазақстанның ОА елдерімен тауар айналымы 2023 жылы 7,7 млрд АҚШ долларға жеткен. Екі күнге жоспарланған форум аясында бірнеше маңызды сессиялар жоспарланған. Атап айтар болсақ, 2024 жылғы 15 мамырда Орталық Азия сауда форумы аясында Орталық Азия елдерінің Саудаға жәрдемдесу ұлттық комитеттерінің (NTFTC) 11-ші аймақтық отырысы жоспарланған. Жиынға бес серіктес елдің шекарадағы кедендік, көліктік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылауға жауапты атқарушы органдары мен жеке сектор өкілдері қатысады. Германия үкіметінің тапсырмасы бойынша GIZ (Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамы) жүзеге асырып жатқан «Орталық Азиядағы сауданы жеңілдету» өңірлік жобасының қолдауымен өтетін іс-шара Орталық Азияға арналған аймақтық бастамалар мен жол карталарын ұсынуға, сондай-ақ инновациялық сауданы жеңілдету бойынша шешімдер, мәліметтер алмасуды цифрландыру және Транскаспий көлік дәлізін кеңейту бойынша жол карталарын іске асыру, фитосанитариялық сертификаттарды берудің «ePhyto» жүйесін енгізу және NCFT-ті жетілдіру бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленетін болады.
Бұдан бөлек «Сауда стандарттары арқылы навигация» атты пленарлық сессияны өткізу де жоспарланған. «Бұл сессия аймақтағы сауда-саттықты реттеудің күрделілігі мен қыр-сырын қозғайды. Сессия қатысушыларға сәйкестік, тәуекелдерді басқару және құқықтық аспектілер салаларында негізгі түсініктерді ұсына отырып, дамып жатқан нормативтік ландшафтқа терең талдау жасайды. Реттеушілер Орталық Азиядағы реттеуші ортаны мұқият түсінуге ықпал ете отырып, қатысушыларды сауда саясатының, тарифтердің және құжат айналымына қойылатын талаптардың қыр-сырымен таныстырады, – дейді форумды ұйымдастырушылар.
Аталмыш форум аясында бұдан бөлек сауда көрмесі ашылып жатыр. Оған Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан 40 компания қатысып, өз өнімдерін көрмеге қойған. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі және Алматы сауда және инвестиция палатасымен серіктестікте ұйымдастырылған көрмеде ауылшаруашылығы, тоқыма, киім және азық-түлік өнімдері қойылды.
Айтулы форумның өтуіне шынайы қолдау білдірген серіктестерден Еуропа қайта құру және даму банкі (European Bank for Reconstruction and Development), Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) қатарлы халықаралық ұйымдар бар.