Алматыда XI Kazakhstan HR-forum 2023 өтті. Биылғы жылдың негізгі тақырыбы – «ЕРКІНДІК – МАҒЫНА – ҚАРАПАЙЫМДЫҚ» тезисі. Осы орайда ұйым, команда, жеке адам үлкен сын-қатерге тап болған кезеңде, адамға бағытталған тәсілдемені сақтай отырып, алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге жетудің тиімді тәсілдерінің рецептісіне айналатын құндылықтарға назар аударылады.
Форумда сөйленген сөздердің тақырыптамасы қызметкерлерді басқару жөніндегі директордың бір-бірімен етене байланысты екі басымдығын – бизнестің тиімділігін және қызметкерлердің аман-есендігін қамтыды.
«HR саласында не жұмыс істейді және не жұмыс істемейді. СЕО көзқарасы» атты панельдік пікірталас шеңберінде сессия модераторы, Kazakhstan Growth Forum төрағасы Елдар Әбдіразақов «HR тиімділігін қалай өлшеуге болады?» деген сұрақ қойды. Бұл қиын болуы мүмкін, өйткені HR қызметінің нәтижелері көбінесе қызметкерлердің қанағаттануы, мотивация деңгейі және өнімділігі сияқты ұзақ мерзімді және дәл өлшеуге болмайтын мақсаттарға байланысты. Солай болғанымен, HR мамандарының ұйымға қосқан үлесін бағалауға көмектесуі мүмкін бірнеше негізгі тиімділік көрсеткіші бар, айталық, бұл: бос жұмыс орындарын толтыру уақыты, қызметкерлерді оқыту және дамыту, кадрлардың тұрақтамау көрсеткіштері, Employer Branding индексі, қызметкерлерге жасалатын шығынды талдау және басшылықтың сенімділік деңгейі.
Панелистер қызметкерлер жөніндегі мінсіз директор қандай болуы керек екенін талқылады. Нәтижесінде оған қатысты топ тізім мынадай болып шықты: ол адамсүйгіш және эмпат, бренд адвокаты, нандыру қасиеті бар шешен (соның ішінде СЕО) және «көшбасшының ДНҚ-сына сәйкес келетін» адам қызығарлық интуициясы бар психолог болуы керек.
Фасилитация форматындағы тағы бір сессия HR саласының болашағы мәселесіне арналды. Соңғы бірнеше жылда HR конференцияларында болашақта ұйымдарда HR рөлі қандай болатыны белсенді түрде талқыланып, зерделеніп жатыр. Бүгінгі таңда HR қызметкерлерді іріктеумен және жалдаумен шектелмейді. HR барған сайын бизнестің толыққанды серіктесі және оның табысқа жетуіне тікелей әсер ететін өзгерістер агенті ретінде әрекет етеді. Сонымен, HR енді бұрынғыдай болмайды… Панелистер өздеріне ең жақын рөлдерді сынап көріп, арманшыл адам, сыншы және реалист позициясы тұрғысынан пікір таластырды. Реалистер HR саласындағы жылдам өзгерістер машиналық оқыту, ұтқырлық және онлайн білім беру сияқты инновациялар мен технологияларға байланысты деп есептейді. Екінші жағынан, арманшылдар цифрландыру мен виртуалды шындық қызметкерлерді басқару мамандарының өзіне деген қажеттілікті барынша азайтуы мүмкін екеніне сенімді.
XI Kazakhstan HR-forum 2023 шеңберінде The Best HRD номинациясының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Номинация 2018 жылы Kazakhstan Growth Forum платформасы аясында – адами капиталды басқару саласындағы жетістіктер үшін құрылған.
Номинациялық комитеттің құрамында қызметкерлерді басқару саласының сарапшылары, СЕО және бизнес иелері бар:
– Елдар Абдразақов, Kazakhstan Growth Forum Төрағасы;
– Оксана Бричевская, HeadHunter KZ Бас директоры;
– Юлия Кусиди, ЕУРОБАК Директорлар Кеңесінің Мүшесі, Атқарушы директоры;
– Гүлмира Раисова, HR-менеджерлер Қауымдастығының Үйлестіру Кеңесінің Президенті;
– Раушан Райысханова, Сериялық кәсіпкер, Academia369 тәуелсіз директоры, серіктесі;
– Алина Алдамберген, Қазақстан Қор биржасының Басқарма Төрайымы;
– Михаэль Гермерсхаузен, Antal Еуразия аймағындағы Басқарушы директоры.
Қорыта келгенде, дауыс беру нәтижесінде The Best HRD номинациясының жеңімпаздары деп танылғандар:
– Алексей Чистяков, «Алиди» логистикалық компаниясы» ЖШС қызметкерлерді басқару бойынша Бизнес серіктесі – «Ұйымдық орнықтылықты нығайту» жобасы үшін. HR саласындағы жұмыс өтілі – 18 жыл.
– Ақмарал Найзабекова, «Еуразиялық топ» ЖШС Бас директорының Қызметкерлер және мәдениет жөніндегі орынбасары – «Дарынды және өршіл адамдар үшін армандаған жұмыс беруші» ERG брендін құру жобалары үшін. HR саласындағы жұмыс өтілі – 19 жыл.
– Лаура Қисамеденова, Freedom Mobile & Freedom Drive HR-директоры – «Freedom ритейлдегі геймификация» және «Freedom экожүйесіндегі HR мектебі» жобалары үшін. HR саласындағы жұмыс өтілі – 20 жылдан астам.
«The Best HRD номинациясындағы жеңімпаздарды лайықты жеңісімен құттықтаймыз! Бұл сіздердің жоғары кәсіби құзыреттіліктеріңіз бен қызметкерлерді басқару саласында аса қажет екендіктеріңізді көрсететін тамаша жетістік. Сіздерге тән көшбасшылық және командамен берік қарым-қатынас орнату қабілеті басқа мамандар үшін үлгі аларлық жақсы қасиеттердің жарқын мысалы!», – деп атап өтті HR-форумын ұйымдастыру комитетінің жетекшісі, «Коммеск-Өмір» компаниясының басқарма төрағасы Олег Ханин.
Форумды ұйымдастырушылар – «Коммеск-Өмір» өмірді сақтандыру компаниясы және Kazakhstan Growth Forum.