Онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин: «7 айдың қорытындысы бойынша Алматы экономикасы өсімінде оң серпін байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 538,6 млрд теңгені құрайды немесе 119,7 пайызға жетті. Инвестициялар негізінен үш көзден тартылған. Оның негізгі үлесі кәсіпорынның өз меншік иелеріне тиесілі – 66; қарыз қаражаттары – 18; мемлекеттік бюджет – 16 пайыз. Осы жылдың қаңтар-шілде айларында инвестицияның көлемі жылжымайтын мүлікке 255 млрд теңге, көлік және қоймалауға – 65 млрд, өнеркәсіпке- 50,4 млрд, қаржы және сақтандыру қызметіне – 34 млрд теңге тартылды. Сонымен қатар, 2021 жылы 1,2 трлн теңге сомасына инвестиция тарту, 10 мың жұмыс орнын, соның ішінде 5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы 332,6 млрд теңге сомасына 83 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланған. Мәселен, 57,6 млрд теңгеге 16 әлеуметтік жоба қарастырылған, атап айтсақ әл-Фараби даңғылындағы Балет театры, К.Әзірбаев көшесіндегі спорт-медициналық орталық, Д. Қонаев атындағы Академияның жанындағы жатақхана және басқалары. Сауда және қызмет көрсету саласында 38,7 млрд теңгеге 19 жоба қарастырылса, өнеркәсіп саласында 59,6 млрд теңгеге 16 жоба, жылжымайтын мүлік саласында 176,7 млрд теңгеге 32 жоба бар»,— деп атап өтті.
Ермек Сахариев