Алтын адам жазуының құпиясын ашқан физик ғалым

Алтын адам жазуының  құпиясын ашқан физик ғалым

1970 жылы Жетісудағы Есік қорғанынан шыққан «Алтын адам» Қазақстанның символына айналғаны белгілі. Ал оның күміс зереншедегі 26 таңбасы көптеген зерттеушілердің назарын аударғанмен, нақты шешуі ұзақ жылдар бойы табылмай келген. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент,   жаратылыстанушы ғалым Мағрипа Шөжеғұлқызы Жылқыбаева (13.04.1945-24.02.2019) осы көне жазуды зерттеуге 30 жылын арнап, нәтижесінде көп томдық еңбек жазып шықты. 

1989 жылдан өмірінің соңына дейін Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбасын оптика ілімі арқылы зерттеумен айналысқан ғалым еліміздегі және шет елдердегі 1000-нан астам жартас жазуларының, көне каллиграфиялық суреттердің де шифрын ашқан. Ол – Әлемде тұңғыш рет ежелгі дәуірден жеткен құпия жазу үлгілерін, таңбаларды кеңістік бойынша оқудың əдісін тапқан зерттеуші. Петроглифтерді, көне заман жәдігерлеріндегі шифрлы жазуларды кванттық оптиканың көмегімен оқу əдісі – Мағрипа Жылқыбаеваның əдісі болып табылады. 

Мағрипа Жылқыбаева – кванттық физика арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғандағы Алтын адам мұрасы бойынша прото дәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасаған жаратылыстанушы ғалым. Алтын адамдардың Планеталық деңгейдегі ерекшелігін зерттеу арқылы Сақ қорғандар мен Көк Түрік пирамидаларының құпиясын ашқан қазақтан шыққан тұңғыш оқымысты. 

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әл-Фараби ғылыми кітапханасында директордың кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Жадыра Арекенованың жетекшілігімен «Мағрипа Жылқыбаева - Алтын адамның күміс зереншедегі 26 таңбасының құпиясын ашқан ғалым» деп аталатын дөңгелек үстел-конференция өтті. ЖОО мен ғылыми институттардың профессор-оқытушылары қатысқан алқалы жиында ғалымның «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы» және «Құпия күштер құдіреті» деп аталатын кітаптары туралы баяндамалар жасалды. Жиында ғалым еңбектерін білім беру үрдісіне енгізу мәселелері де талқыланды. Тарих пәнінің мұғалімі Азиза Оңғарбаева Жамбыл атындағы орта мектебінде ашылған Мағрипа Жылқыбаева атындағы ғылыми музейі аясында жүргізілген танымдық іс-шаралардың жұмысы туралы слайд презентация жасады. Шара барысында Мағрипа Шөжеғұлқызының ғылыми мұрасына арналған көрме өткізілді.

Болат Шарахымбай, «Құрмет» орденінің иегері, қаламгер:

– Есік қорғанынан табылған Алтын адам жазуларын зерттеушілер бұған дейін де болған. Бірақ күміс зереншеге бедерленген 26 таңбаның әлемдік деңгейдегі маңызы зор мұра екендігін ғылыми тұрғыда дәлелдеген ғалым біреу. Ол – Мағрипа Жылқыбаева. Зерттеулерінде елу мың жыл бұрынғы тарихқа тереңдеген ғалым адамзат баласы үшін аса құнды мәліметтердің бәрін Алтын адамның күміс зереншесіндегі жазудан алған. Көне жазудың сырын ашуда мұншама көп ғылыми тәсілдерді бір ортаға жұмылдырып зерттеу амалдары оған дейін бір де бір рет тәжірибеден өтпеген. Мағрипа Жылқыбаева жазудың құпиясын физика-математикалық әдіспен терең зерттеп, оқыған әлемдегі тұңғыш ғалым болатыны сол себептен.

Мағрипа Шөжеғұлқызы кезінде Алтын адамға байланысты комиссия құрған. Оның ішінде мен де болғам. Математикалық есептермен қай жерде қандай Алтын адам бар, қай жерде қандай мұнай, металл бар, осының бәрін Ломоносов химияны есептегені сияқты есептеп шығарып қойған ғой. 

Мен 1990 жылдары «Өркен» деген газетте жұмыс істеген кезде ол кісі редакцияға келіп, өзі шифрын ашқан мәтіндегі көне жазуларды бізге оқып беретін. Оны қайталауға біздің тіліміз жете бермейді. «Бұл өте құпия жазу, коды бар. Оқу оңай емес» деуші еді. Шынында да оңай емес сияқты. Өйткені ғалым жазған Алтын адам туралы кітаптарды ашсаңыз, осындай құпия жазуларды көресіз. Бұл 49 қабаттан тұратын, құпия жазу екенін кітабында түсіндіреді. Коды қиын болғандықтан ішіне кез келген адам кіре алмайды. Болашақта Мағрипа Жылқыбаеваның ісін жалғастыратын жас ғалымдар шығады деп үміттенеміз. 

Айтқұл Хамит, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері: 

– Жалпы Алтын адамға байланысты бұрын-соңды бұндай зерттеулер жүргізілмеген. Мағрипа Шөжеғұлқызының деректері – тың. Бізде бірнеше бағытта жүргізілетін Марғұлан оқулары, Ақынжанов оқулары сияқты конференциялар бар. Негізі бұл еңбектерді сондай конференцияларда апробация жасасақ, ғылыми ізденіс жолындағы бір қабатымызды толтырар еді. Өте керемет еңбектер. Ғалым апамыздың еңбектерін жарыққа шығарып, қолдап жатқандарыңызға үлкен рахмет. Алдағы уақытта да осы кісінің еңбектері толық жарияланса дейміз. Қазіргі таңда Есік музейінің жанынан Визит орталығы салынып жатыр. Үш қабатты ғимарат. Осы кісіге арнап сол жерден бір кабинет ашып, еңбектерін қоюға болады. Бұл кісінің зерттеген бағыты бізге өте қызық болып отыр. Өйткені тың жол. 

Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы: 

– Ол кісіні мен жақсы білемін. Көргенімді айтайын. Көп адамдар күмәнмен қарайды, ғалым жазған тарихи орындар бар ма, жоқ па деп... Мен бар екенін білемін. Ол кісімен бірге жүріп, анықтаған адаммын. 2000 жылдардың басында «Ана тілі» газетінде жұмыс істеп жүрген кезде Мағрипа тәте Алтын адамның күміс зереншесіндегі жазудың мәнін түсіндіретін, көлемді мақала әкелді. Редакцияда жиналыста «Бұл мақаланы жариялаймыз ба, жоқ па?» деген сұрақ туындады. Мереке Құлкенов ол кезде бас редактор болатын. Олар «Бұл – қияли дүние. Мағрипа – қияли адам. Бұл кісі 1990 жылдардың басынан осы Алтын адам жазуы туралы айтып жүр. Бірақ біз сенбейміз» деді. Сөйтіп, мақаласын баспай қойды. Содан мен журналист ретінде ғалыммен жеке әңгімелестім. «Мағрипа тәте, сізді қияли адам деп, ашқан жаңалығыңызға күмәнмен қарап отыр. Бұны нақты деректермен дәлелдеу керек. Барайық» дедім. Ол кісі зереншедегі жазу арқылы бабаларымыз кейінгі ұрпағына көптеген қазыналар тастап кеткенін, қай жерде қандай қазына, алтын, күміс, байырғы өркениет орындары бар, бәрін маған айтты. «Сол жазғандарыңыздың біреуіне барып көрейік» дедім. Ол кісі жарайды деді. Содан Кеген (Райымбек ауданы) барып, аудан әкіміне жолықтық. 

Ақсақалдар жиналды. Мағрипа тәтеміз: «Мен бұл ауданды бұрын көрген емеспін, Алтын адам жазуы арқылы білемін. Осы жерде Алтын адамның айтуымен Алтын қала бар» деді. Ақсақалдар «Иә, бар» деп растады. 1970-1980 жылдары біз газетте істеп жүргенде тасқын болып, Алтын қаладан алтын аққанын білеміз. Алтындарды адамдар талап, үлкен шу болғаны есімізге түсті. «Сол алтын қала осында» деді Мағрипа Шөжеғұлқызы. «Тағы не бар тәте?» деп сұрадым. «Бұнда үлкен пирамида бар, бірақ қазір үлкен төбе болып қалған» деді. Ақсақалдар: «Иә, бір қасиетті төбеміз бар еді» деп бас изеді. Одан кейін ғалым: «Таудың ішінде ата-бабаларымыз жазып кеткен үлкен жартаста жазулар бар» деді. Онда үшеуіне барайық деп шештік. Сөйтіп, алдымен Алтын адамның алтын қаласына барып зерттедік. Шынында да алтын қала бар екен. Сол туралы жергілікті жердің аңызы айтылады екен. Жаугершілік заманда қаланы жаудан сақтау үшін, үстіне құм төккен. Жан-жағының бәрі көкорай бел, ортасында құм. Аңыз бойынша құмның астында алтындар жатыр екен... 

Екіншіден, пирамида тұрған орынға бардық. Алып төбе екен. Қарасаң жай ғана төбе сияқты. Кеңес үкіметі кезінде үстіне телемұнара орнатқысы келген. Сөйтіп трактор жүрген ғой. Бір күш әлгі тракторды лақтырып тастаған.  Ақсақалдар айтады, төбесін тегістемек болған қандай техника болса да, бір күш төңкеріп тастап отырған деп. Айдаған кезде дәу-дәу кірпіштер шыққан. Кірпіштің әрқайсысында көне таңбалар бар. Жергілікті мұражайға барғанымызда жазуы бар он шақты тасты көрдік. Әрқайсысында жазулар бар. Төбенің астындағы пирамида кірпішпен қаланғаны көрініп тұр. «Бұл пирамиданың ішінде не жатыр?» деп, Мағрипа Шөжеғұлқызынан сұрадық. «Бұның ішінде тағы бір Алтын адам, қисапсыз байлық-қазына бар» деді ғалым. Бірақ оны қалай ашамыз? «Оның ішіне бір жылқыны құрбандыққа шалып, Құран оқып, арнайы тігілген киімдер киіп, таза адамдар ғана кіруі керек» деді. Ғалым пирамиданың ішіндегі заттарын да арнайы қолғап киіп ұстау қажеттігін ескертті. Сөйтіп пирамиданың бар екеніне көзіміз жетті. 

Үшіншісі, ақсақалдар таудың арасындағы үлкен жазуларға ертіп барды. Жартастағы жазуды біреулер жойғысы келіп, бір бөлігін күйдіріпті. Міне, Мағрипа Шөжеғұлқызы Алтын адамның жазуы арқылы анықтаған үш тарихи орынды өз көзіммен көріп қайттым. Мағрипа тәте оған қоса зереншедегі жазулар арқылы тексін шығарып, Аралда да, Маңғыстауда да Алтын адамның қазыналары бар екенін айттып кетті. Сол кезде біз үкіметке, Президентке хат жаздық. Иманғали Тасмағамбетовке де хат жолдадық. Бірақ бұндай  қазына керегі жоқ па, әлде оларға өзінің байлығы жете ме, әйтеуір ешқайсысы үн қатқан жоқ. Мағрипа Шөжеғұлқызы құзырлы мекемелерге жүзден астам хат жіберген. Содан кейін ғалымның денсаулығы нашарлады. Сонымен пирамида мәселесі аяқсыз қалды. Менің ойымша, бұнда бір үлкен шындық бар. Ақиқат бар. Тек осы Мағрипа Шөжеғұлқызының еңбектері негізінде зерттеу жүргізу керек. Ғалымның еңбектерінде құнды мәліметтер көп. 

Гүлзия Пірәлиева, профессор: 

– Үш кітаптың жарық көруі руханиятымыздағы құбылыс деп есептеймін. Мағрипа Жылқыбаева сияқты қазақ ғылымына үлес қосқан, шалғайдағы шағын ауылдан шығып осынша көп томдық кітап жазып, 30 жыл бойы қиын, күрделі тақырыпты зерттеу кез келген ғалымның қолынан келе бермейді. Мағрипа апамыз қаншама алтын қазынаның бар екендігін бізге дәлелдеп, сонша мол мұраны қалдырып кетсе, енді қалған қолжазба мұрасын жарыққа шығару – қазақ жұртшылығының міндеті. Құнды қазына қазақ руханиятына қосылуы керек. 

 

Редакциядан:

 

 Марқұм Мағрипа Жылқыбаева газетіміздің нағыз жанашыры еді. Оның көптеген мақалалары бізде жарық көрді. М.Жылқыбаеваның қызы, белгілі журналист Шарапат Жылқыбаева басылымымызда біраз жыл жұмыс істеген. Біздің 30 жылдық тарихымызда осы екі нәзік жанның үлесі мол деп білеміз.

 

Әсел ҚОЖАХМЕТОВА, Әл-Фараби ғылыми кітапханасының бас кітапханашы-менеджері
21.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 97
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 617
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 735
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 647
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 656

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8791
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8192
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11419
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9173
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10404