«Балалы үй – базар» демекші, Құдай беріп жатса, өсіп-өнгенге не жетсін! Осыны бүгінгі таңда кейбір отбасылардың түсіне бермейтіні бар. Әсіресе, кейбір келіндер бірінші орынға ұрпақты болуды емес, дүние-мүлік, жақсы баспана, жайлы өмірді қоятыны жасырын емес. Бірақ, сол қажеттіліктердің барлығы бала-шағаңмен бағалы, құнды екенін кейбіреулер кештеу ұғынатыны өкінішті! Құмарық ауылының тұрғыны, 7 ұл-қыздың анасы Анар Жүнісова өмірдің мәні баланың тәтті қылығы екенін ерте түсінген. Жас кезінде Болатбекпен Алматыда танысып, бір-бірін түсінісіп, шаңырақ көтерген. Содан бері бұл отбасынан тату-тәтті күндер, ынтымақ пен береке кеткен емес. Болатбек көбінесе отбасының қамымен сыртта жүреді. Анар өмірлік жарын «Отағасы, жұмысыңыз сәтті болды ма?» деп қашанда күліп қарсы алса, Болатбек «Үйдің берекесі мен мерекесі өзің ғой» деп асыл жарын бағалап отырады. Сондықтан, бұл шаңырақтан шаттық кеткен емес. Бақытты отбасының перзенттері аталған ауылдағы Болтай батыр атындағы орта мектепте оқиды. Аяжан 7, Ботагөз 5-сыныпта. Оқу озаттары. Жаңабай мен Дариғаның да оқу үлгерімдері өте жақсы. Ал, Мүслима, Әмина, Темірлан – балабақшаға барып жүр. Олардың оқуы мен тәрбиесін қадағалау асыл аналары Анар Төлегенқызына оңай емес. Сонда да осынау қарбалас жұмысқа қабақ шытып жүрген Анар жоқ. Жүзінен қуаныш пен бақытты аңғардық. «Алтын алқа» иегері атанғанына шүкіршілік етеді. Болатбек – дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Оған тапсырыс берушілер өте көп. Тараз қаласынан, Т.Рысқұлов ауданынан күн құрғатпай келіп жатады. Сондықтан, Бөкеңнің табысы жаман емес. Бұл, әрине, балалардың нәсібі екені анық. – Әр баланың қылығы тәтті. Осы перзенттерді бағып-қағып, жеткізу үшін бәріне төтеп беруге дайынбыз. Өз атам Төлбай Жолдыбаев кезінде Меркі ауданындағы Ақтоған ауылын ұйымдастырған белсенді азаматтың бірі болды. Өзі бақуатты тұрды. Ұлы Отан соғысына 450 сом қаржы берген. Ол уақытта мұндай қаражатқа танкі сатып алуға болады екен. Сонда атамыз майданға бір танкі сыйлаған болып тұр ғой. Атам – «Сталин» орденінің иегері болған. Осы біз отырған қара шаңырақ сол Төлбай атамның уақытында салынған. Әкем Рсымбек – еңбегімен көпке сыйлы болған кісі. Анам екеуі алты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Марат деген туған інім де 8 ұл-қыздың әкесі. Сол үйдегі Шынар келінім де «Алтын алқа» иегері атанып отыр. Ендігі мақсат – осы ұл-қыздарды жақсы тәрбиелеп, оқыту. Отанымыздың жарқын болашағына сүбелі үлестерін қосса, арманымыз жоқ, – дейді отағасы Болатбек Жолдыбаев.