Амал – тек мерекелік күн ғана емес. Бұл – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан амандық сұрасу, көрісу, өкпе-ренішті ұмыту, татулықты жаңарту дәстүрінің көрінісі. Осы күні адамдар бір-бірімен қол алысып, құшақтасып, «Бір жасыңмен!» деп тілек айтып, ағайынның арасы жақындасады. Мұның бәрі – ұлттық рухтың, елдік сананың айқын белгісі.
Осы игі дәстүрді сақтап, жаңғыртып, ел ішінде насихаттап жүрген барша азаматтарға, ақсақалдарға, ұйымдастырушыларға және халыққа алғыс білдіреміз. Ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау – әр ұрпақтың қасиетті міндеті. Бұл тұрғыда «Адай ата – Отпан тау» этно-мәдени орталығы сияқты рухани орталықтардың орны ерекше. Мұндай орындар – тек тарихи ескерткіш немесе мәдени алаң ғана емес. Олар – ұлттық жадыны сақтайтын, елдік рухты көтеретін, ұрпақты тарихпен табыстыратын қасиетті мекендер.
Отпан тау – ел бірлігінің, намыс пен рухтың символы. Ұран оты жағылып, халық бас қосатын бұл мекен қазақтың көне дәстүрін, батырлық рухын және елдік санасын жаңғыртып келеді. Осындай этно-мәдени орталықтар ұлттық мемлекеттігімізді қорғау мен қолдауға, оның рухани іргесін бекітуге үлкен үлес қосады. Өйткені мемлекеттің беріктігі тек экономикалық немесе саяси күшпен ғана өлшенбейді. Оның негізі – ұлттың рухани бірлігі, тарихи жадысы, мәдени құндылықтары. Ал осындай орталықтар сол рухани тіректерді сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етеді. Сондықтан ұлттық мәдениет пен тарихи танымды дәріптейтін бастамалар әрдайым халықтың қолдауына ие болып, елдік мүдде жолында қызмет ете беруі тиіс.
Амал мерекесі баршаңызға береке, бірлік, амандық әкелсін! Ағайынның арасы ажырамай, елдің іргесі берік болсын! Ұлттық рухымыз асқақтай берсін!
Сабыр АДАЙ,
«Адай Ата – Отпан тау» этно-мәдени орталығы
тұжырымдамасының авторы
















