АНА ТУРАЛЫ АҢЫЗ !!!

АНА ТУРАЛЫ АҢЫЗ !!!
Шешемді «апа»деуші едік. Ныспысы Дариға. Апам өмірден озғалы көп уақыт болды. Жасымыз жер ортасына келді. Содан бері апам түсіме үш рет кірді. Үшеуінде де қатты қиналып, тағдырым талқыға түсіп, басыма қатер төнген кез еді. Өңімдегідей анық, айқын... Апамды сағынғанда осы түстеріді еске алам. Мен үйдің кенжесі болдым. Шешеміз он төрт құрсақ көтерген көрінеді. Алдындағы балдар шешек, қызылша сияқты аурудан шетінеп кете берсе керек. Содан әкем екеуі Құдайдан бала тілеп, бір тоқтысын құрбандыққа шалып Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің басына түнепті. Апам түс көріпті. Түсінде ақ сақалды, ақ сәлделі бір қария апамның етегіне алты егеу, үш айна салып беріпті. Сол түс шындыққа айналды. Шешеміз алты ұл, үш қыз тапты. Әке-шешеміз осынша баланы мехнатпен бағып-қағып жетілдірді. Менен басқа ұл-қыздарының бәрін жайлы орынға жайғастырып кетті. Апам мен ес білгелі демікпе дертімен ауырды. Кейде науқасы қатты меңдеп кеткенде аудан орталығы, тіпті одан да әрі облыс орталығындағы ауруханаларда жатып ем қабылдайтын. Алты ай, бір жылға дейін апамды көру арманға айналатын. Апамды сағынғанда әбден тер сіңген кәмзолын құшақтап жатып ұйықтап кетуші ем. Үлкен әпкем сабақты жақсы оқып мақтау қағаз алсаң апама алып барам дейтін. Әрине, барымды салам ғой... Апама дем жетпей қиналғанда мен де жер-көкке сыймай кетуші ем. Менің де жаным апаммен бірге қиналатын. Ауылда Зәукен ағай болмай қалса, ондайда аудан орталығынан «Жедел жәрдем» келгенше иманым бір уыс болатын. Апам кез-келген сәтте дем жетпей үзіліп кетуі мүмкін екенін сәби жүрегім сезеді. Ондайда қолыма асығымды алып Алладан медет тілеймін. Асығым иіргенде алшы тұрса апам өлмейді деп ойлаймын. Алайда иірген асығым алшы тұрмақ тәйкі де тұрмайды. Бұл жолғы «саналмайды» деп қайтадан иірем...
Апам ауылда өте сыйлы кісі болды. Тек мақал-мәтелмен сөйлейтін. Айтқан сөздері орын-орынына дөп тиіп жататын. Ешкіммен сөзге келгенін көрмеппін. Ауыл үйдің арасында көрші-қолаңның балаларын жылатып қойсам ата-аналары шағым айтуға келгенін ұмытып апамның қою күрең қаймақ қатқан шәйін ішіп мәз боп қайтатын. Алыс-жақын құда-жекжат, абысын-ажын арасындағы дау-дамайдың нүктесін қоюға көбіне апама жүгініп жататыны есімде. Шешем «Халық жауы» Ақмедия Сармолдаевтың қызы еді. Ақмедия нағашымыз 1932 жылы Арқадан ауған елді бүгінгі Жамбыл облысы Сарысу ауданына тұрақтандырып, азып-тозып күйзеліп келе жатқан халықтың ас-суын қамдап көңілін демдеген ұлт зиялысы еді. Сәкен Сейфуллинмен дос-жарандығы, рухтас пейілі нағашымызға зауал боп төнді. 37 жылы Ораз Жандосовпен бірге атылып кетті. Шешем ол кезде 11 жаста болатын. Анамыздан көп өнеге алдық. «Кісінің ала жібін аттама» деп отыратын. «Аққа Құдай жақ» деген сөзі әлі құлағымда тұр. Менің анам дана кісі еді. Қайсы бірін айтып тауысайын?! Апам түсімде мені ылғи құшақтап бауырына басып тұрады. Ақ сүтінің жұпарын сезінем. Апамның көзіне қараймын. Апамның көзі Құдайдың көзі сияқты. Әділ, мейрімді, таза!!!
Ауылға барған сайын басына барып дұға бағыштаймын. Және мына жырды оқимын. Бұл жырдың аты «Ана туралы аңыз» деп аталады...
Таулардан асу – төбеден асу емес пе.?!
Шыңдарға шығу – шыққандай шығар белеске.
Ақ жүзі мәңгі айналып кеткен елеске,
Анамды көрсем... бір рет көрсем болғаны.
Теңізді кешіп өт десе қазір өтемін,
Мұхитқа түсіп құлаштай жүзіп кетемін.
(Түсінесің бе, сағыныш деген не екенін?!)
Анамның бір рет дидарын көрсем болғаны.
Жалғанда жалғыз сен едің Алла, сенгенім
(Анамды көрсем-сені де Алла көргенім!)
О , Алла, әппақ ақ тілегімді бер менің!!!
Анамды көрсем... бір рет көрсем болғаны.
Өмірге келіп Анамды көріп қуанғам,
Өмірден Анам қайтқанда жасым суалған.
Уағдалы сөзі уағынан таймас уа, Аллам!
Уағдалы күні Анамды көрсем болғаны...
Маралтай Райымбекұлы
19.12.2023

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 38
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 70
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 33
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 71
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 25
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 57
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 180
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 183
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 400
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 363
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 981

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9057
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8453
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11681
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9444
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10661