«Анашымның үмітін ақтаймын» – дейді кішкентай гимнасшы Айша

«Анашымның үмітін  ақтаймын» – дейді кішкентай гимнасшы Айша

Көркем гимнастика – әрі спорт, әрі өнер. Өнер дейтініміз, талшыбықтай бұралған қыздардың қимылдары адамның тәнін ғана емес, жанын да сұлулыққа баулиды. Спорттағы сұлулық дегенде есімізге алдымен көркем гимнастика түседі. Әдемі қимыл, ерекше киім үлгісі, ырғақты қозғалыс – осының бәрі спорттың осы бір түрінен табылады.

Бүгінгі кейіпкеріміз – спорттың нәзік түрін серік еткен кішкентай ғана Бақытқан Айша Мақсатқызы. Бұл қыз сырт көзге сондай нәзік әрі кішкентай. Жасы небәрі бесте. Айша болашағынан үлкен үміт күттіретін бүлдіршіндердің бірі.

Ол Алматы қаласындағы «Ертөстік» балабақшасына барады. Мінезі ашық, спортқа жақын, соның ішінде көркем гимнастикаға ерекше қызығушылығы бар.

Маусым айының 14-15-і аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында «Silk Road», яғни «Жібек жолы» деген атпен көркем гимнастикадан халықаралық жарыс өтті. Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Жапония, Әзербайжан, Тәжікстан, Сингапур елдерінен гимнастшылар қатысты. Халықаралық деңгейде өткен жарыста қазақстандық жасөспірімдер өте жақсы көрсеткішке ие болды. Айша осы сайыста 2020 жылы дүниеге келген бүлдіршіндер арасында бірінші орынды иеленді. Осы орайда Айша жаттығатын «Мария» спорт клубының жаттықтырушысы Мария Еркінбекқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жаттықтырушының басты қасиеттері – әр балаға көзқарасты таңдай білу, оның жанарының ұшқыны мен ерекшеліктерін ажырата білу.

Жаттықтырушы бала мен таңдаған спорт түрі арасындағы байланыстырушы буын болуы керек. Мария Еркінбекқызы жақсы психолог, ұстаз, тәлімгер және шәкіртке жолдас – барлығын бір арнаға тоғыстырған маман. Көркем гимнастика – қауiп-қатерлерге толы жаттығулардан тұратын бәсеке. Көркем гимнастикада негiзiнен дәлдiк пен ептiлiкке көңiл бөлiнедi. Мұны қас-қағым сәтте шебер орындау оңай емес. Оны үйрену үшiн қаншама жыл тер төгу керек. Мiне, сондықтан көркем гимнастикаға ерте жастан келудiң пайдасы зор. Бұл спорт түрiне Айша да 3 жасында келген. Биыл оның көркем гимнастикамен айналысқанына екі жыл болды. Осы уақыт аралығында ол көркем гимнастика сабағына үзбей қатысып келеді. Көркем гимнастика дене сұлулығын қалыптастырып, эстетикалық тәрбие береді. Онда толқынды, серіппелі қозғалыс, би өнеріне тән жүріс, жүгіріс, секіру басым келеді. Айша жақындарын таңғалдырудан жалықпайды. Ол музыка сазымен лента, доп, шеңбер, тағы басқа заттарды пайдаланып, гимнастикалық жаттығулар комбинацияларын орындайды.

Гимнастиканың да басқа спорт түрлері секілді жазылмаған заңдылықтары бар. Бұл спорт түрімен айналысатындар ерте жатып, ерте тұрады. Өйткені әрдайым сергек жүруі тиіс. Жалпы «денім сау болсын» деген адамның бәрі осылай етуі керек. Айша да кішкентай болса да осы тәртіпті сақтайды. Анасы да бұл жағынан оған көп көмектеседі. Тіпті қонаққа барған кездерінде де Айшаның уақытылы ұйықтауы үшін ерте қайтып кетеді екен.

Айшаның анасы Нұргүл қызының үлкен есте сақтау қабілеті, қызығушылығы және керемет тапқырлығы бар екенін айтты. Жыл санап Айша өзінің қасиеттерін дамытып, жасына сай кітаптарға қызығады екен. Қосымша көркем гимнастика үйірмесіне қатысады, ән салып, би билегенді ұнатады. Айшаның тағы бір хоббиі – сурет салу. Бос уақытында қолөнермен де шұғылданады.

Айша өзіне қажетті ән мен биді өз бетінше үйрену үшін ата-анасының смартфонын қолданады. Бүлдіршін қыздың дарындылығының алғашқы белгісі зеректігімен байқалуда. Айта кетерлігі, Айшаның тағы бір ерекшелігі – ол батыр қыз. Батыр болуының себебі – ол 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылында Құдайбергеновтер әулетінде дүниеге келген.

Үлкен әжесі Баян шөбересін ерекше күткен екен. Дәл сол уақытта әжесі тосыннан келген індетпен алысып, ауруханада жатқан еді. Әжесі өз өміріне емес, шөбересінің өміріне қатты алаңдап, амандығын тілеп жатып ауруханада өмірден озды. Әжесінің ақ тілеуімен дүниеге келген жас гимнастшының алар асуы мен бағындырар биігі көп болсын.

Кішкентайынан өнерге, білімге құмар бүлдіршіннің жақындары оның болашағынан үлкен үміт күтеді. Болашақта Айшаға екінің бірінің қолынан келе бермейтін көркем гимнастиканың шыңына көтеріліп, әлем чемпионы болуына Өзбекстанда «Silk Road», яғни «Жібек жолы» деген атпен көркем гимнастикадан халықаралық жарыс өтті. Бақытжан Айша Мақсатқызы осы сайыста 2020 жылы дүниеге келген бүлдіршіндер арасында бірінші орынды иеленді.

«Менің чемпион болуыма көп еңбек сіңірген анам Нұргүлге алғысым шексіз. Маған әрдайым қолдау көрсетіп, сенім білдірген анамның орны мен үшін ерекше. Сондай-ақ жаттықтырушым Мария апайға да үлкен рақмет айтамын. Оның берген білімі мен еңбегінің арқасында талай белестерді бағындырып келемін.

Гимнастикамен айналысу – өте қиын әрі үлкен төзімділікті талап ететін спорт түрі. Күн сайын жаттығу жасағаннан кейін денем ауырып, шаршайтын кездерім болады. Кейбір жаттығулар өте күрделі, оны орындау үшін көп күш пен табандылық қажет. Бірақ мен ешқандай қиындықтан қорықпаймын, барлығын жеңіп шығуға тырысамын.

Маған сенім артқан үлкендердің үмітін ақтауға уәде беремін. Еңбектеніп, алға қойған мақсаттарыма жету үшін бар күшімді саламын», – деп, Айша бізбен әңгімесінде салмақты ой айтып, өз арманымен бөлісті. Өзі кішкентай болса да, оның армандары мен мақсаты үлкен. Оның әрбір сөзіне қарап, болашаққа деген сенімін байқадық. Біз Айшаға ақ жол тілеп, армандары орындалып, биіктерді бағындырсын деп батамызды бердік.

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

31.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26618
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26052
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43442
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39228
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43848