Мектеп директорларын ауыстыру аласапыранға айналмасын. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын Фуат Сатыбаевжариялады.
Оқу-ағарту министрі
А.Қ. Аймағамбетовқа
Сіздің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығыңызбен Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары бекітіліген болатын. Бұл бастама педагогтар ортасында әртүрлі пікір туындатып отыр.
Ротация жүргізу қағидаларында бірінші басшының жұмысының тиімділігінің көрсеткішін анықтау қарастырылған. Алайда, бұл көрсеткіш ротация тәртібіне қалай әсер ететіндігі көрсетілмеген. Ережеде тек жеті жылдан астам уақыт бойы тиісті білім беру ұйымында осы лауазымды атқарған барлық бірінші басшылар ротациялауға жатады делінген. Яғни, атқарылған жұмысының тиімділігіне және нәтижесіне қарамастан жүзеге асырылады.
Қағидаларда ротация жүргізу үшін жергілікті мемлекеттік білім беру органының қызметкерлерінен басқа, білім беру саласындағы әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың), бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіретін арнайы комиссия құру көзделген. Бұл ретте көрсетілген өкілдерді іріктеу тәртібі айқындалмаған. Нәтижесінде, жергілікті білім беру органдарының басшылары негізінен комиссияға тек өз адамдарын енгізіп, оның тәуелсіздігінің көрінісін ғана жасайды.
Комиссия ротация жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдауға құқылы, бірақ Қағидаларда бұл үшін объективті критерийлер көрсетілмеген, осыған байланысты негізінен жергілікті білім беру органының басшысымен «мәселені шеше» алғандар ротацияға ұшырамайды және мұндай мәселелер іс жүзінде қалай шешілетіні түсінікті.
Мысалы, қазіргі уақытта Алматы қаласында мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізілуде. Бұл ретте білім беру органының басшысы мектеп директорларының жұмыс тиімділігіне байланысты ротациялаудың объективті өлшемдерін айқындамаған, білім беру ұйымдарының алқалы басқару органдарының, оқушылар мен олардың ата-аналарының пікірлері есепке алынбаған.
Нәтижесінде, мектепте жұмыс тиімділігінің жоғары көрсеткіші бар басшының орнына, жұмыс тиімділігінің төмен көрсеткіші бар директор ротация тәртібімен тағайындалуы мүмкін. Осындай ұйымға келген, мұндай көшбасшы іс жүзінде ештеңе жасамай-ақ біраз уақыт озық болады, өйткені бұрын жақсы реттелген жүйенің өзі жоғары көрсеткіштер береді. Оның жұмысының тиімділігі қайтадан төмендегеннен кейін, жаңа ротация уақыты келеді. Нәтижесінде ротация нашар жұмыс істейтіндерді ынталандырады және тиімді жұмыс істейтін басшыларды жазалайды. Бұндайға жол беруге болмайды.
Жасыратыны жоқ, ата-аналар көбінесе білім беру ұйымын оның беделіне қарай таңдайды. Ата-аналардың көпшілігіне білім беру ұйымындағы бірінші басшының өзгеруі көп ұзамай педагогикалық ұжымның құрамын, оқыту әдістемесін және көбінесе ұйымның рухын өзгертуге әкелетіні анық. Мектеп директорының өзі де мұғалім болып еңбек етеді. Балаға сүйікті мұғалімнің өзгеруі әрқашан қайғылы. Егер, ротация балалардың, ата-аналардың және педагогикалық ұжымның мүдделеріне зиян келтірсе, онда мұндай ротация не үшін қажет?
Мектепте балалар үйдегідей көп уақыт өткізеді, сондықтан олар өз мұғалімдеріне ата – ана ретінде үйренеді, сондықтан жұмыс тиімділігінің көрсеткіштеріне және басқа да объективті критерийлерге қарамастан, әр 7 жыл сайын барлық мектеп директорлары үшін міндетті ротацияны енгізу балалардың, ата-аналардың және педагогикалық ұжымдардың пікірін ескерусіз айқын қателік болып табылады. Сонымен қатар, ротацияға ұшыраған мықты директор, үйренген педагогикалық ұжымын өзімен бірге алып кетуге тырысады.
Тұтастай алғанда, нақты объективті критерийлерсіз ротациялау механизмі, неғұрлым тәуелсіз, адал және озық басшылардың құқығының бұзылуына әкеліп соғады, сондай-ақ оларды жергілікті мемлекеттік білім беру органдарының басшыларына тәуелділікке ұшыратады.
Жоғарыда баяндалғанды тұжырымдай келе, «Ақ жол» демократиялық партиясы:
1. 2021 жылғы 11 қарашадағы № 559 бұйрықпен бекітілген мемлекеттік мектеп директорларын ротациялауды жүргізу қағидаларын объективті өлшемшарттарын айқындайтын, оның ішінде, ата-аналардың, педагогикалық ұжымдардың және бірінші басшылардың пікірін ескере отырып, жаңа қағидалар әзірленгенге дейін дереу тоқтатуды;
2. Конституцияның 6-бабында реттеуші органдар үшін мемлекеттік және жеке меншік нысандарының теңдігі қағидаты көзделгенін ескере отырып, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ғана ротациялаудың орындылығы туралы мәселені тұтастай қарастыруды талап етеді.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары