Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі тұсында Ақтаудағы 53 көп балалы отбасыға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа пәтер кілті табысталды,-деп хабарлады Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
2 бөлмелі жалдамалы жаңа пәтерлер облыс орталығындағы жаңа бой көтерген 19 шағынауданнан берілді.
Баспана кілтін табыстаған қала әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов:
- Бүгін бәріміз үшін де үлкен әрі қуанышты оқиға. Еліміз тәуелсіздігін алғалы халықты баспанамен қамтудың бірнеше бағдарламасы жасалды. Үй алудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылды. Осылайша мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Елбасының әрбір қазақстандық мемлекет қамқорлығын сезінуі тиіс деген бастамасын бүгінде Мемлекет басшысы сәтті жалғастырып келеді.
Міне, бүгін тағы бірнеше отбасының қуанышына куә болып тұрмыз. Бүгінгі жалдамалы баспана жекешелендіруге жатпайды. Ай сайын заңмен белгіленген мөлшерде аз сома төлейді. Жаңа шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын - деді.
Көпбалалы отбасын баспанамен қамтамасыз ету үшін мемлекет қазынасынан 790 млн теңге қаражат бөлінді. Осы мақсатта қала әкімдігі кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын жеке тұлғалардан 53 тұрғын үй сатып алып, 2003 жылдан 2013 жылға дейінгі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кезекте тұрған тұрмысы төмен 7 көпбалалы отбасыға табысталды.
Қалған пәтерлер үшін қабылданған құжаттарды тексеру жұмыстары жүргізілуде.