Ақтауда «Naiza 41» және «EAGLE FC 48» промоушендері аралас жекпе-жектен бірлескен халықаралық турнир өткізді. Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ашық аспан астында өткен турнирге 15 мыңнан астам көрермен жиналды.
«Бұл турнирді Ақтауда өткізу Хабиб Нұрмағамедовтың әкесі, марқұм Абдулманап Нұрмағамедовтың идеясы еді. Өкінішке орай, ол қазір біздің арамызда жоқ, бірақ ізбасарлары оның ісін жалғастыруда», – деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев турнирдің ашылуында.
Турнирге әлемнің 7 елінен 32 спортшы қатысып, 16 жекпе-жек өткізді. «Naiza» және «EAGLE FC» бірлескен турнирінің басты жекпе-жегінде қазақстандық спортшы Дәурен Ермеков пен ресейлік Гамзат Хирамагомедов «EAGLE FC» белдігі үшін кездесу өткізді. Екінші раундта техникалық нокаутпен қазақстандық спортшы жеңіске жетті. Сонымен қатар отандасымыз Мейірбек Төлегенов (3-1) әзербайжандық Джейхун Годжалиді 1-раундта ауырту әдісімен жеңді. Тағы бір отандасымыз Болат Заманбеков (3-1) қырғызстандық Сыймык Эльдияруулынан жекпе-жектің 2-раундында буындыру әдісімен басым түсті.
«Маңғыстау облысының барлық тұрғындарына сәлем жолдаймын. Мұндай жарыстарды жиі өткізіп, жастарымызды спортқа баулу керек. Қазақстан – менің туған жерім, мұнда үлкен Дағыстан диаспорасы бар. Маңғыстаулықтардың қонақжайлылығы үшін алғысымды білдіремін», – деді өз сөзінде әлем чемпионы Хабиб Нұрмағамедов.