«Qazaqstan dauiri» басылымының 03.06.2026 жылғы нөмірінде «Сегіз қырлы бір сырлы Гринберг» деген мақаламыз жарық көрген еді. Сол жазбамызда Ақтөбе өңірінің спортына, оның ішінде бокс саласына өзіндік үлесін қосып жүрген азамат Владимир Филиксович Гринберг туралы сөз қозғаған болатынбыз. Арада уақыт өтіп, сол әңгіменің жалғасын жазуға тағы бір себеп туындады.
2026 жылдың 7 тамызында Ақтөбе қаласына қарасты 41-разъездегі «ЮЖПРОМСНАБ» компаниясының ғимаратында Ақтөбе бокс федерациясы Ақтөбе облысындағы бокс мектептері мен үйірмелерінің жаттықтырушыларына жаттығуға қажетті құрал-саймандарды таратты. Бұл сырт көзге қарапайым ғана шара болып көрінуі мүмкін. Алайда спорттың, әсіресе балалар мен жасөспірімдер боксының дамуына қажетті құрал-жабдықтың өзі үлкен қолдау. Себебі спортшының жетістігі тек оның таланты мен еңбегіне ғана емес, жаттығатын ортасына, бапкеріне, материалдық жағдайына да байланысты.
Осы шараға қатысқан азаматтардың пікірін тыңдап көрген едік. «Бокстан Олимпиада резервін дайындайтын балалар – жасөспірімдер облыстық мамандандырылған спорт мектебінің» директоры Болат Еңсепов: «Бокс федерациясының президенті Владимир Филиксович Гринберг бокс мектебінің жөндеу жұмыстарына атсалысып, қомақты қаржы бөлген еді, жасыратыны жоқ. Талай қандас қалталы азаматтар бар ғой... Солардың арасынан жұлқынып шығып, көмек қолын созған азамат осы Владимир Филиксович болды. Осы кісінің арқасында бокс біртіндеп алға жылжып келеді», – деді. Бұл сөздің астарында көп нәрсе жатыр. Өйткені спортқа жасалған көмек – бір күндік нәтиже үшін емес, болашақ үшін жасалған инвестиция. Бүгін жаттығу залына кіріп жүрген жасөспірімдердің арасынан ертең ел намысын қорғайтын чемпиондар шығуы әбден мүмкін. Ақтөбе облысы ересектер құрамасының бапкері Ғалымжан Құрымбаев та Владимир Гринберг туралы жылы пікір білдірді. «В. Ф. Гринберг туралы көп жазуға болады. Адамгершілігі, жауапкершілігі өте жоғары адам. Әрдайым қиын жағдайларда қол ұшын созатын біртуар азамат! Көптеген спортшыларға қаржылай да, материалдық та, моральдық та көмек береді», – деді ол. Бокс ардагері, жаттықтырушы Түгелбай Мырзабековтің де айтары аз емес.

«Владимир Филиксович жайлы айтсақ, керемет адам, нағыз еліміздің патриот азаматы! Пандемия кезінде Мачаловский ауруханасына бір жыл бойы оттегі баллондарын тегін жеткізіп бергенінің өзі неге тұрады? Ақтөбе облыстық бокс федерациясының басшылығына В. Ф. Гринберг келгелі оң нәтижелер болғанын, болып жатқанын көзбен көріп жатырмыз. Бара қалсақ, кездесе қалсақ, жағдайымызды сұрап, ақылын айтып жүреді. Владимир Филиксович туралы көп айта беруге болады. Сол сияқты еліміздің ертеңін ойлайтын азаматтар көп болса екен», – деп сөзін аяқтады ардагер.
Шындығында, ел азаматтарының бағасы кез келген атақтан биік. Себебі бірге жүрген, қиын сәтте көмек көрген, еңбегін көзбен көрген адамдардың сөзі жүректен шығады. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, КСРО Қарулы Күштерінің 4 дүркін жеңімпазы, Тайланд королі атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы, Өзбекстан Республикасының 6 дүркін жеңімпазы, КСРО спорт шебері Ерік Балжановты да әңгімеге тартқан едік.
«Біздің Ақтөбе облысының боксы В. Ф. Гринберг мырзаның арқасында қайтадан қалпына келіп жатыр. Оған дейін көрсеткіші тым төмендеп кеткен болатын. Менің облыстың бас бапкері болып жүруім де Владимир Филиксовичтің арқасында десем, артық айтқандық емес. Додалы жарыстарға бару үшін де қаржы керек. Сол кісінің арқасында 5 боксшымыз республикамыздың құрама командасына мүше болып отыр. Бұл – біздің облыстың тарихында болмаған жетістік көрсеткіші.
Ертеректе Қазақстан құрамасында КСРО спорт шебері Марат Шымбаев, әлем жеңімпазы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Ғалиб Жапаров, кейіннен Азамат Бекет, Азат Қазиханов т.б. болды. Әр жылдары бір-бір боксшымыз ғана болатын. Гринберг мырзаның көмегінің арқасында қазір 5 боксшымыз құрама сапында жүр. Ыстықкөлге боксшыларды алып бара жатырмын. Жол қаржысымен қоса барлық шығындарды Владимир Филиксовичтен алып отырмыз. Қарызға болса да береді. Ешқашан «жоқ» деп көрген емес. Шындығы осы. Талай нәрсені айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе облысының боксы тікелей Владимир Филиксовичтің арқасында қанатын жайып, өркендеп келе жатыр», – деді Ерік Балжанов.
Шындықты бетің бар, жүзің бар демей тура айтатын Ерік інім біраз нәрсенің бетін ашып еді. Ол айтқан салмақты, нақты дәлелді уәждерді кейінге қалдыра тұрайық.
Енді бокс ардагері, 1971-1993 жылдары Ақтөбе облысының ересектер құрамасының аға бапкері болған Болат Мыңжанұлы Досмағанбетов ағамыздың пікірін ортаға салып көрелік. «В. Ф. Гринберг өте таза, жақсы адам. Өзі де жас кезінде бокспен айналысты. Жұмыссыз жүрген талай боксшыларға айлық төлеп, үлкен көмек көрсетті. Боксты көтеріп жатыр. Федерация басшысынан ол кетсе, бокстың тағдыры да мүшкіл болуы мүмкін. Өйткені ол сияқты ешкім жан-тәнімен беріліп жұмыс жасамайды. Боксшылардың тәжірибесі өссін деп, Германияда өтетін халықаралық жарыстарға да жіберіп тұрады. Жылда, көбінесе ауылдық жерлерде ашылған бокс үйірмелерін қажетті құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіп отыр. Спортшылар мерекесі күні міндетті түрде бокс ардагерлеріне дастарқан жайып, қаржылай сыйлықтар беріп тұрады. Қысқасы, біздің Владимир Филиксович – Құдайға қараған адам!» – деген еді Болат ағамыз. Осы бір ауыз сөздің өзі талай нәрсені аңғартатындай. Спорттағы нәтиже – рингтегі жеңіспен ғана өлшенбейді. Оның ар жағында жаттығу залы, бапкердің еңбегі, спортшының тұрмысы, сапарға шығуға қажетті қаражат, дұрыс тамақтану, медициналық бақылау, жарыс тәжірибесі секілді көптеген мәселе бар. Осылардың бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана нәтиже пайда болады. Қазақстан құрамасының мүшесі Дәулет Төләмісовтің жаттықтырушысы Әлім Әбдірашитовтің жүрекжарды алғысын да келтіре кетсек:
«Құрметті Владимир Филиксович, Сізге зор алғыс айтамыз! Біздерді осындай жаттығу қосынына жібергеніңіз үшін. Біздер бұрын-соңды алып көрмеген физикалық дайындықтың барлығын да алдық...» – деп алыстан сәлем жолдап, ризашылығын білдіріп жатты. Ал Ақтөбе бокс федерациясының атқарушы директоры Абзал Сексенбаев: «Жалпы бокс қарқыны күннен-күнге үдеп жатыр. Үлкен буындар мен жас буындар бас қосып, бір-біріне құрмет, ізет көрсетіп жатыр. Осындай іс-шаралар бокс мамандарының арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтады», – деді.
Ақтөбе облыстық спорт және туризм басқармасының төрағасы Мейрамбек Махамбетов те В. Ф. Гринберг мырзаға ризашылығын білдірді.
«Сырт көз – сыншы» демекші, бір кездері облыс бокс мамандарының арасында қырғи-қабақ көзқарастардың болғанын жақсы білеміз. Бұл күнде оның бәрі артта қалды. Әрине, көп салалы кәсібімен қатар бокс федерациясын алып жүрудің оңай шаруа емес екенін де жақсы білеміз. Алғаш федерация басшылығына В. Ф. Гринберг келгенінде кейбір жаттықтырушылар тарапынан түсінбестіктер де болыпты. Сенбегендері де болған. Қай кезде де іскер азаматтар сөзден гөрі өздерінің табиғи қабілеттері арқылы көрінеді ғой... Сол сияқты Владимир Филиксович те ешкіммен жаға жыртыспай, өзінің ойға алған істерін белгілі бокс ардагерлерімен ақылдасып, жүзеге асырып келе жатыр. Облыс бокс федерациясының вице-президенті Әлібек Купесов, ұйымдастырушысы, КСРО жастар біріншілігінің жеңімпазы болған Аман Ақшолақовтар да атсалысып келе жатыр.
Қазіргідей алмағайып заманда елдің іші ала-құла болмай, ауызбірлікте болса, сүйікті Қазақстанымыздың да іргесі мықты болады. Бұл – жалғыз ел сұрағандардың ғана емес, барша халықтың мойнындағы парыз болмақ. Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз: Владимир Филиксовичтің кабинетінде қазақша жазылған хабарландыруды еркін оқып бергеніне де куә болдық. Яғни көптен бері қазақ тілін өздігінен оқып, үйреніп жүргенін көрсетеді. Бұл – туған елінің мемлекеттік тіліне деген құрмет екені даусыз! Естіп жүрміз, тек спорт саласына ғана емес, барлық көмек сұрайтындарға да шамасына қарай көмектесіп тұрады екен. Табиғаттың ашуға мінген мерзімінде, қарапайым халық зардап шегіп жатқан тұста да қарап қалмай, өзінің компаниясына тиесілі ауыр техникаларымен де көмектесіп жатады деп естиміз. Бір сәттік берген көмектерін жарияға жар салып, дабыра қылып жататындардың қатарына жатпайтын Владимир Филиксовичтің тағы бір адамдық қыры осында болса керек.
Жақсылықтың қадірі – оның қанша айтылғанында емес, қанша жанға пайдасы тигенінде. Ал Ақтөбе боксының бүгінгі тынысын сөз еткенде, оның айналасында жүрген азаматтардың еңбегін де, спортшылардың төккен терін де, бапкерлердің қажырлы қызметін де ұмытпаған жөн. Бәлкім, бүгінгі жас боксшының біреуі ертең шаршы алаңда көк Туды көкке көтеріп, Қазақстанның Әнұранын шырқатар. Сол жеңістің ар жағында оның алғашқы жаттығуын өткізген қарапайым зал, қолдау көрсеткен бапкер, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз еткен азаматтар тұратыны сөзсіз.
Ендеше, Ақтөбе боксының қанатын кеңге жайып, жаңа биіктерге ұмтылып келе жатқаны – ортақ қуаныш. Осындай іске ұйытқы болып, спортқа жанашырлық танытып жүрген азаматтарға елдің алғысы қашанда мол. Владимир Филиксовичке зор денсаулық, отбасына амандық, кәсібіне береке, ел игілігі жолындағы еңбегіне толағай табыс тілейміз!
Ақтөбе боксының көкжиегі кеңейіп, жас спортшылардың жеңісті жолы жалғаса бергей!
Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ,
Алматы – Ақтөбе – Алматы














