Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының сегізінші тур ойындары өтті. Турдың орталық матчы ретінде Шымкенттегі жергілікті «Ордабасы» мен «Тобыл» арасында өткен ойынды айтуға болады.
Аталған матч 1:0 есебемен «Ордабасының» жеңісімен аяқталды. Жалғыз голдың авторы – украиналық форвард Артем Беседин. Ол қостанайлық клуб қақпасышы Стас Покатиловтың қателігін сәтті пайдаланды.
Александр Седнев шәкірттері осы жеңістен кейін 12 ұпай жинап, турнир кестесінің бесінші сатысына орналасты. Ал, биылғы чемпионатта алғаш рет жеңілген «Тобыл» болса дәл осыншама ұпаймен алтыншы орында тұр.
«Қайрат» та көптен күткен жеңісіне қол жеткізді. Сырт алаңда «Жеңіспен» ойнаған алматылықтар 2:0 есебімен ұтып, турнир кестесінің үшінші сатысына жайғасты. Жеңіс 11-орында.
Айта кету керек, екінші таймның басында «Қайрат» сапынан Арсен Буранчив «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылған. Соған қарамастан 66-минутта Садыбеков, 90+4-минутта Шверев бір-бір голдан соғып, командасына жеңіс сыйлады.
«Ақтөбе» де сырт алаңда «Қызылжар» қақпасына жауапсыз екі гол соғып, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды. Гол авторлары: Байтана (61-минут) мен Севальос (67-минут). Дмитрий Парфенов шәкірттері қазір 14 ұпаймен көш бастап келеді.
Бүгін «Шахтерді» 2:1 есебімен жеңген «Елімайда» да 14 ұпай бар. Семейлік клуб қазір турнир кестесінің екінші сатысында.