Қобдада жаңа бөгеттер салынды
Ауданға сапары барысында ардагер журналисті Қобда ауданы әкімінің орынбасары Арман Қабылов елдегі жағдаймен, батырдың 100 жылдығы аясында өтетін іс-шаралармен таныстырды. Сонымен бірге Сәуле Мешітбайқызы аудандағы су тасқынының алдын алу, мұндай қауіпті енді болдырмау үшін жасалып жатқан жұмыстармен танысты.
Арман Қабыловтың айтуынша, су тасқынының алдын алу мақсатында Қобда ауылы бойынша «Сауқайың», «Батыс» бөгеттерінің және «Орал-Ойыл» бағыттаушы бөгетінің құрылыс жұмыстары аяқталған. Қоғалы, Қанай және Жарық елді мекендерінің жасанды қорғаныс бөгеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
– Биыл көктемгі су тасқынына аудандық бюджеттен 32 362,0 теңге қаражат бөлінді. Өзендердегі мұзды жару жұмыстарына 14 445,0 мың теңге бөлініп, «Нормал Ворк» (Normal Work) ЖШС Жиренқопа, Қызылжар, Жарық, Қобда, Иманғали Білтабанов ауылдарында мұзды жару жұмыстарын жүргізді. Қысқы кезеңде қар шығару жұмыстарына 15 миллион теңге қаражат бөлініп, 37000 текше метр қар шығарылды.
Сонымен қатар көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында мотопомпалар, жылжымалы мотопомпалар, генераторлар, жанар-жағармай, насостық станция, үрмелі және моторлы қайықтар, инертті материалдарға арналған қапшықтар, құтқару жилеттері, комбинезондар сатып алынып, жедел әрекет ету жасақтары құрылды. Аудан бойынша су тасқыны кезеңінде халықты эвакуациялайтын 5 орын дайындалды (аудандық БЖСМ, Қобда қазақ орта мектебі, аудандық көпсалалы колледж, Ақраб, Жиренқопа мектептері). Аудан бойынша аудандық маңызы бар жолдардағы 98 су өткізу құбыры, республикалық маңызы бар жолдардағы 63 су өткізгіш құбырлары, облыстық маңызы бар жолдардағы 56 су өткізгіш құбырлары жауапты мекеме, мердігерлер тарапынан қардан, қоқыстан, мұздан тазартылды, – деді Арман Қабылов.
Сәуле Мешітбайқызы аудандағы жаңадан салынған бөгеттердің құрылысын барып көрді. Жалпы ұзындығы 9,2 шақырым болатын гидротехникалық құрылымдар көктемгі су тасқыны кезінде су ағындарын тиімді реттеуге мүмкіндік береді және аудан орталығын су басудан қорғайды. Биылғы көктемде осы жаңадан салынған бөгеттер үлкен су ағынын ұстап қалды. Сауқайың өзенінің маңындағы бөгеттің арқасында бұрын қауіпті аймақта болған үйлер мен ауылшаруашылық жерлері тасқын судан аман қалды. Жергілікті тұрғындар сапалы салынған бөгет көктемгі су тасқынына сәтті төтеп беріп, төтенше жағдайдан сақтап қалғанын айтады.
– Көктемде Сауқайың өзенінен көп су келіп, барлық саласы Қобда өзеніне қарай ақты. Су деңгейінің көтерілгенін көрдік, бірақ бөгет су ағынын сенімді түрде ұстап тұрды. Былтыр аудан әкімдігі құрылысқа ең жақсы орынды таңдау үшін ауылдағы аға буынға, ақсақалдар кеңесіне жүгінді. Талқылаудан кейін олар дәл осы жерде салуды шешті және байқағандарыңыздай, бұл дұрыс шешім болды. Бөгет алғашқы ауыр сынақтан өтті, үй-жайымызды болашақта да қорғайтынына сенімдіміз, – дейді Қобда ауылының тұрғыны Е.Төреев.
Айта кеткен жөн, биылғы көктемде Қобда ауданында су тасқынының алдын алу үшін ауқымды іс-шаралар жүргізілді. Су сорылды, қар шығарылды, инертті материалдар жеткізіліп, қаптар төселді. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Қобда ауданы ауылдарында мұз жару жұмыстары жүргізілді. Қамтылған аумақ – 5800 шаршы метр.
Сәуле Мешітбайқызы сонымен бірге аудан орталығында тасқын салдарынан шаңырақтары ортасына түскен тұрғындарға арналып салынған жаңа баспаналарды барып көрді.
я
Батыр туған ауылда...
Бұл сапарында Сәуле Мешітбайқызы Ақтөбе облыстық өлкетану музейінің Қобда аудандық бөліміне де ат басын тіреді. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қобда бөлімінің меңгерушісі Гүлбаршын Ерғалиева ардагер журналистке Қобда ауданының жалпы тарихы, киелі жерлері, флорасы мен фаунасы, сондай-ақ экспозиция залдары арқылы ерте дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі тарихи мұралары туралы кеңінен мағлұмат берді. Сонымен қатар, музей қорынан Жеңістің 80 жылдығына және Ұлттық кітап күніне орай, келген құрметті қонаққа батыр қыз Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі жайлы жазылған кітаптар сыйға тартылды.
Сәуле Мешітбайқызы аудан орталығындағы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырдың рухына тағзым етті.
Аудан әкімінің орынбасары Арман Қабылов батыр туған ауылда той аясында жасалып жатқан жұмыстар туралы да айтты. Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай батырдың туған ауылындағы – Қобда ауданы Әлия ауылындағы Мәдениет үйі мен патриоттық тәрбие орталығы күрделі жөндеуден өтті.
Әлия ауылы Ақтөбе қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан. Мыңнан астам адам тұратын батыр атындағы ауыл Әлиясының 100 жылдығын атап өтуге қарқынды дайындық жүргізіп жатыр. Мұндағы Мәдениет үйін жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 74,4 млн теңге бөлінді. Мәдени ошақтың есіктері жаңаланып, едені мен шатыры ауыстырылды, қабырғалар әктеліп, жаңа плиткалар төселді, бейнебақылау камералары орнатылды, көше жарығы қойылып, тротуарлары алынып, ауласы абаттандырылды. Ауылдық модельдік кітапхана да осы мәдени нысанның ішінде орналасқан. Халықтың бос уақытын тиімді өткізу үшін мұнда түрлі тақырыптық іс-шаралар өткізіледі, театрландырылған қойылымдар ұсынылып, көрмелер ұйымдастырылады. Кітапханашы Кенжегүл Князова мерген қыздың 100 жылдығын мерекелеу аясында кітапханада батырға арналған еске алу кешін және өзге де танымдық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырғанын айтады.
Ауылдағы облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие орталығы 2005 жылы Әлия Молдағұлованың 80 жылдығына орай ашылған болатын. Мұнда батыр қыздың өмірі мен ауыл тарихына арналған жәдігерлер қойылған мұражай бар. Аталған орталықты жөндеу барысында орталық ғимараты толығымен жаңғыртылды. Қасбеті жаңартылып, шатыры ауыстырылды, су және электрмен жабдықтау жүйесі ретке келтірілді, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Плиталар төселіп, жылыту қазандығы жаңаланды. Аймақ басшысы бұл орталықтың жастарға патриоттық тәрбие беруде және даңқты батыр қыз туралы құнды тарихты сақтап қалуда маңызы зор екенін атап өтті. Мәдени орда жас ұрпақ арасында азаматтық жауапкершілік пен олардың бойында патриотизмді тәрбиелеуде орасан зор рөл атқарып келеді.
Әлия музейі заманауи технологиялармен жабдықталды
Сәуле Мешітбайқызы облысқа сапарында Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейіне де бас сұқты. Аталған музей 1985 жылы ашылған. Сол уақыттан бері батыр қыздың өмірі мен ерлік жолын зерттеу, насихаттау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында қызмет атқарып келеді.
Ә.Молдағұлованың 100 жылдығын өткізу бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес музейге заманауи цифрлық технологиялар пайдаланылып, реэкспозиция жүргізілді.
Экскурсия жүргізген Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің кіші ғылыми қызметкері Адина Түгелғалиева қонақты батырдың ерлікке толы өмір жолымен таныстырды:
– Музейдің ғылыми қызметкерлері тақырыптық-экспозициялық жоспар құрған кезде тұлғалық музей екенін ескере отырып, экспозиция Әлия есімімен байланыстырылды. Қызметкерлердің ғылыми-ізденіс жұмыстары аясында музейге құнды экспонаттар жинақталды. Атап айтсақ, Әлияның тума-туыстарына қатысты фотосуреттер, нағашы ағасы Бисембай Хабиевтің шыныаяқ жинағы, шахматы, Ария Бисембаеваның қол сағаты, батыр қызға арналған шағын формалы мүсіндері, «Әлия» іздестірушілер тобының арнайы формасы, «УМИВ-1» әскери мина іздегіші, суретшілердің палитрасы, катушкадағы пленка таспасы, «Алтын Орфей» статуэткасының көшірмесі, Әмір Оралбайдың баспа машинасы және «Әлия гүлі» халықтық қазақ би ансамблінің марапаттары, тағы да басқа жәдігерлер жинақталды.
Музейде батыр қыздың өмірі мен ерлік жолын көрсететін ақпараттар мен экспонаттар, қазіргі заманауи музей жабдықтары, тума-туыстары мен оқыған жерлері, мергендік мектебі мен майдандағы өмірін көрсететін, Әлия есімімен аталатын мекемелер мен мектептер, музейлер, жыр арнаған ақын-жазушылар мен зерттеушілер, қойылған ескерткіштер мен суреттер, түсірілген фильмдер батырдың есімімен аталатын би ұжымы мен іздестірушілер тобына арналған витриналар жасақталды, – дейді ол.
Батырдың 100 жылдығы қарсаңында жөндеуден өткен музейге заманауи экспозициялар қойылды. Реэкспозиция жұмыстарынан кейін жаңғыртылған, жаңа технологиялармен жабдықталған музей залының экспозициясында AR-технология, VR (виар) көзілдірікті мультимедиялық технология, «Визуализация», цифрлық сторителлинг, 3D-mapping, Әлияның хат жазып отырған голограммасы, «3D анимация» голографиясындағы виртуалды промоутер, 3D форматтағы рельефті карта, виртуалды тур, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск орнатылды.
Жаңартылған экспозицияда келушілерді музей туралы 5 тілде қысқаша ақпарат беретін «Виртуалды промоутер» қарсы алады. Қазақстанның батыр есіміне берілген барлық облыстардағы нысандарды QR-кодтар арқылы белгіленген жарықдиодтық контурларымен салынған 3D рельефтік картасынан білуге болады. Сонымен бірге «Әлияның өмірі мен ерлік жолы» бейнеленген және батырдың соңғы шайқасы көрсетілген жарықдиодтық контурларымен салынған карталарын көруге мүмкіндік бар.
– Кіреберіске Әлияның үш өмірлік кезеңін қамтитын портреттері ілінді. Бұл портреттер фотолар негізінде кенепке майлы бояумен салынған.
Келесі экспозицияда майлы бояумен салынған Әлияның туған жері – Бұлақ ауылының панорамалық көрінісі заманауи мультимедиялық технологиялармен толықтырылған. 3D-мэппинг пен VR (виртуалды шындық) көзілдірігі арқылы келушілер батыр қыздың туған жеріне «барып», Әлияның балалық шағынан сыр шертетін әсерлі көріністерді тамашалай алады. Экспозицияның алдыңғы бөлігі көпфигуралы композициямен және табиғи ландшафт рельефтерімен үйлестіріле жасалып, музей қорындағы құнды экспонаттармен толықтырылған. Сонымен бірге батыр қыздың туған-туыстары мен білім алған мектептері туралы мәліметтер, батырдың Вятск орта мектебінде оқығаны туралы ақпараттар берілген.
Соғыс кезінде пайдаланылған блиндаждың көшірмесі жаңадан қайта жасақталып, ішіне жасанды интеллекттің көмегімен батырдың тума-туыстарына хат жазып отырған голограммасы енгізілді, – деп түсіндірді музей қызметкері Адина Түгелғалиева.
Келесі экспозицияда Әлияның мергендік сыңарымен бірге барлау сәті бейнеленген. Батырдың «Соңғы шайқас» диарамасында Әлияның ерлікпен қаза тапқан панорамалық көрінісі әсерлі етіп көрсетіліп, соңында «Әлия» әні шырқалады.
Музей тынысымен танысқан Сәуле Мешітбайқызы рухани мекеме қызметкерлеріне алғысын білдіріп, естелік суретке түсті.
Мерейтой қалай тойланады?
Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы аясында облыс орталығында және батырдың туған жері – Қобда ауданында бірқатар іс-шара өткізілмек.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова атаулы күндерге дайындық аясында облыста тарихи жадыны сақтауға және өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде концерттер, театрландырылған қойылымдар, патриоттық акциялар мен көрмелер жоспарланғанын айтты.
Негізгі мереке маусым айында – аты аңызға айналған жерлесіміздің туған күнінде аталып өтпек. 12 маусымда мереке Әлияның туған жері Қобда ауданында және 13 маусымда Ақтөбе қаласында өтеді. Қобда ауданының Әлия және Бұлақ ауылдарында құрметті қонақтардың, қоғам өкілдерінің, оқушылар мен жастардың қатысуымен мерекелік бағдарлама өтеді. Сондай-ақ аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған гала-концерт ұйымдастырылмақ. Мереке аясында Ақтөбеде Әлия Молдағұлова мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою рәсімі, мемориалдық мұражай бойынша экскурсия және «Ғасырларға жалғасқан ерлік» форумы өтеді. Бұл форумға республикадан қонақтар, оның ішінде Әлия Молдағұлова туыстары, Қазақстанның Халық артисі, «Әлия» әнін орындаушы Роза Рымбаева, Қырғызстанның халық артисі, «Мергендер» фильмінде Әлияның рөлін сомдаған актриса Айтұрған Темірова, Ақтөбеден шыққан белгілі тұлғалар мен «Әлия» туралы шығармалардың авторлары және республика бойынша Әлия атындағы мектеп, музейлердің өкілдері келеді деп күтілуде. Бұл күні «Әлия» мюзиклінің көрсетілімі қойылып, жергілікті эстрада жұлдыздары қатысатын «Әлия-ғұмыр» гала-концерті өтеді.
Қазіргі кезде облыс орталығында және Қобда ауданында батырдың 100 жылдығына арналған іс-шаралар күнделікті ұйымдастырылып жатыр. Мәселен облыстағы Тахауи Ахтанов атындағы драма театры Ә.Молдағұлованың туғанына 100 жыл толу мерейтойына орай Ә.Дәулетбаеваның «Әлия» мюзиклін дайындап жатыр. Ақтөбе драма театры осы мюзиклді сахналау үшін Астана қаласынан режиссер, «Astana Musical» мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин мен Алматы қаласынан Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының суретшісі Александра Рычкованы арнайы шақыртқан. Облыстық драма театры директорының орынбасары, Мәдениет саласының үздігі Жандос Еспанбетовтің айтуынша, бұл қойылымның премьерасы 7-9 мамыр күндеріне жоспарланған. Театр ұжымы маусым айында Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы аясында Астана қаласына Ә.Дәулетбаеваның «Әлия» мюзиклімен гастрольдік сапармен баруға ниеттеніп отыр.
Сонымен бірге Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен, қалалық қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен «Снайпер» қойылымы сахналанды. Жеңістің 80 және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Снайпер» қойылымы – қалалық қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйінің алғашқы бірлескен жұмысы.
Жалпы алғанда облыста Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын мерекелеу аясында 100-ден астам іс-шараны қамтитын жоспар бекітілген-ді. Оған бұқаралық, мәдени-ойын-сауық, патриоттық, әскери-спорттық және халықаралық шаралар енді. Батырды еске алуға арналған байқаулар, гала-концерттер, спектакльдер, танымдық кештер және өзге де ұлықтау шаралары жоспарланған. Оның ішінде халықаралық форумы, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының халықаралық фестивалі, республикалық суретшілер мен мүсіншілер байқауының көрмесі, қыздар арасында пневматикалық қарудан ату бойынша республикалық байқауы, республикалық ақындар айтысы, сондай-ақ «Әлия» мюзиклінің премьерасы, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы шығармашылық ұжымдарының «Әлия» музыкалық-драмалық перфомансы т.б. бар.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында биылғы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше назар аударылатынын, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанованың өшпес ерліктерін жадымызда жаңғыртатынымызды және жауынгерлеріміздің есімдерін халық жадында сақтауға қатысты зерттеу жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Отан үшін от кешкен жерлесіміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Әлия Молдағұлованың есімі ғасырлар бойы даңққа бөленеді, ал оның батылдығы мен Отанға деген адалдығы туралы естеліктер болашақ ұрпаққа тәлім, нағыз құнды қазына», – деген-ді облыс әкімі Асхат Шахаров Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күні өткен іс-шара барысында.
Айта кетейік, той аясында өткізіліп жатқан іс-шаралардың тағы бір парасы – Әлияның 100 жылдығына арналған мерейтойлық логотиптің бекітілуі. Логотипте Әлияның бейнесі, қазақтың ұлттық оюы мен «100 жыл» деген белгі ерекше үйлесім тапқан.
Бұл іс-шаралардың барлығы – жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты оятып, Әлия Молдағұлованың ерлігін насихаттауға бағытталған.