Қазақстан біріншілігі басталған тұста «Ақжайық» командасы биыл тәуір нәтиже көрсететін шығар, себебі облыстық бюджет қыруар қаржы бөлді ғой деп ойладық. Жанкүйерлер де сондай пікірде еді. Алайда барлығы басқаша болды. «Ақжайық» қазір 13-орында. Премьер-лигада жалпы 14 команда ғана бар. Соңынан санағанда екінші тұрған «Ақжайықтың» ойыншылар құрамына көз жүгіртсек, таң қаламыз. Барлығы кілең легионерлер. Бас бапкері де украиналық маман. Батыс Қазақстан облысының беткеұстар командасының екі қақпашысы да сырттан келген. Сонда жергілікті футбол мектебі 1 қақпашы тәрбиелей алмағаны ма? Қорғаушы Виталий Приндета – украина футбол мектебінің түлегі. Ол 11 ойында алаңға шықты.
Алайда осы ойыншының орнына жергілікті жас футболшыны шығарса да, «Ақжайықтың» нәтижесі өзгере қоймас еді. Одан кейін жасы 33-ке келген Сергей Шустиков деген қорғаушы бар. Жартылай қорғаушы Мате Црнцевичті «Ақжайық» қандай мақсатпен өз қосынына қосып алғаны түсініксіз. Бұл ойыншы негізі «Ақтөбемен» келісімшартқа отырған. Маусым басында «Ақжайық» оны жалға алды. Хорватиялық футболшы алаңға 5 рет қана шықты. Себебі деңгейі өте төмен. Шамасы кәсіпқой футбол ойнамаған ойыншы болуы да ғажап емес. Ал енді грузиялық шабуылшы Лука Имнадзе туралы айтайық. Сәл тырысып, алаңға шығып, командаға көмектескісі келіп жүрген ойыншы деп айтуға болады. Бірақ көрсеткіштері өте төмен. Шабуылшы 11 ойында 1 гол салса, бұл жақсы ма, әлде жаман ба? Сосын, қызуқандылыққа салып, 5 сары қағаз алған. Осындай ойыншыларды жинаған Владимир Мазяр Украинада абыройы бар бапкер емес еді. Оны қызметке шақырған клуб басшылығы сонда футболдан хабары аз болғаны ғой. Айтпақшы, клуб басшысы Азамат Шайхы деген кісі бұрын күреспен айналысқан маман екен. «Ақжайық» соңғы 7 турда бірде-бір рет жеңіске жеткен жоқ. Соңғы рет олар 24 сәуір күні «Шахтерден» басым түсіпті. Осыншама мерзім ішінде бас бапкерді ауыстырмаған, болмаса клуб басшысын ауыстырмаған әкімдіктің де футболда шаруасы жоқ деген сөз бе? Әлде, Ғали Есқалиевтің басқа ойлағаны бар ма екен?