Құрғаған теңіз, жұтаған мал
Жағаң жаннат, қыстағың, қалаң да әсем
Теңізсің қалып қойған Аралда сен
Даламның мөлдіреген бөтагөзі
Өзіңдей қандай теңіз жаралды әсем? – деп жазған еді Жұмаш ақын.
Сол теңіздің басына бұлт үйрілгелі көп болды. Ара тұра Кіші теңізді сақтаймыз деп, үкімет шаралар жасағанымен бәрі уақытша екен. Биыл үстіміздегі жылы теңіз одан сайын құрғап, жағадан алыстап үміт үзіле бастады. Оның үстіне Сырдарияда су жоқ, жылға болып қалғандай. Әрине Әмудария мен Сырдарияда су болмағандықтан Аралға су келеді деп ойласаң, ертегіге сенгендей әсерде боласың. Жұт жеті ағайынды екен, аспаннан жаңбыр тамбай, қыста қарсыз болғандықтан қара жерге шөп шықпады. Әрине мал жұтады. Міне бұл қасірет біраз малға ие болып, ешкімге міндет артпай, өз күнін өзі көріп отырған Арал халқы үшін ауыр болды. Амалсыз мынау құрғақшылық пен қуаңшылық елдің еңсесін түсірді. Алайда ел әлі де жоғарғы жақтан үміт күтіп отырған жайы бар. Шыдамның да шегі бар деп бас көтерер азаматтар ойлана келе «Тұран ойпаты» қоғамын құрып, біраз жұмыстар атқарып жатқан тәрізді. «Ау, мынау жұт, теңіздің тартылуы, халықтың, келешек ұрпақтың өмірі, жердің экологиялық тепе-теңдігінің бұзылуы қалай болады» деп Н.Тұржанов, К.Данабай, У.Жұмағұлов және т.б. азаматтар қатты алаңдап отыр.
Атап айтқанда көптеп жиындар өткізді және алдағы уақытта да өткізбекші. Олар: 1) 16 шілдедегі Аралдағы кездесу. 2) Қызылордадағы онлайн жиын. 3) 15 мамыр 2022 жылы Экомарафон өткізбекші. Қатысушылар құрғаған теңіздің табанына бір тамшы су апарып құймақшы. Бұл Аралға келешекте су келер, теңіз толар деген үміт-ырым. Әрине біраз іс алға жылжығандай: малға жем-шөп тасылып, қаржы бөлінді десе де жаңбырсыз құрғақшылық, қарсыз қыс елді қатты алаңдатуда.
«Бұл қасірет қайдан келді, неден қателестік?» деп ойлағанда әңгіме әріден басталады екен. «Судың басындағы су ішеді, судың аяғындағы у ішеді» деген екен бабаларымыз. Қытайдан басталатын өзендер, өзбек, қырғыздан келетін өзен сулары тең бөлінбей, әркім көрпесін өзіне тартып, әділетсіздік жасап отырған. Су кодексінде нормалар мен заңдарды ешкім орындамай ақыры Алып теңіз жер бетінен жоғалуға таянды.
Адамзаттың ақыл-ойы, адамгершілігі заңға бағыну керек. Жай күндерде бір-бірімізге үстемдік, зорлық жасап келеміз. Ал мемлекеттік дәрежеде жасалса, мұндай әділетсіздіктің арты орны толмас өкінішке айналады екен. Адамдар неге ашкөз болды екен соншама?
Табиғаттың өз жолымен келетін суды қалай бөгеуге болады? Құрғақ теңіздің табанына улы химиялық зауыт салмақшы болғанына, сексеуіл егіп мол қаражат бөлуін ел құптамайды. Адамзаттың қолынан жасалған қиянатты өзі жөндеп қалпына келтіру керек. Ол қолдан келетін шара, соны күтейік, үміт үзілмесін, ағайын!