Соңғы 5 жылда туристік сала қала бюджетінен 3 есе көп табыс әкеле бастады.
2023 жылы туризм секторы Алматы бюджетіне 71,7 млрд теңгеден астам салық түсімдерін қамтамасыз етті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 64%-ға артық. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 106 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 47%-ға өсім көрсетті. Бұл жетістіктер Алматы экономикасы үшін туризмнің маңыздылығын өөсіп келе жатқанын көрсетеді.
Өткен жылы Алматыға 2 миллионға жуық турист келді, бұл орналастыру орындарында көрсетілген қызметтер көлеміне 74 млрд. теңге және туристік агенттіктер мен операторлардың табысына 8,7 млрд. теңге табыс әкелді. Бұл нәтижелер қаланың туристік индустриясы ковидке дейінгі кезеңнің деңгейінен асып, рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізгенін көрсетеді.
Алматыға деген халықаралық қызығушылықтың жоғары деңгейін ұстап тұру мақсатында Алматы туризм бюросы қонақжайлылықты қолдау жөніндегі жаңа тұжырымдаманың іске қосылғаны туралы хабарлады. Осы бастама аясында жыл бойы блогерлер мен журналистерге арналған 12 мастер-класс өткізіледі. Әрбір мастер-класс қала өмірінің әртүрлі аспектілеріне, мәдени іс-шараларға, тарихи және сәулеттік көрікті жерлерге, сондай-ақ туристік индустрияның өзекті тенденцияларына арналады.
Бұл бастаманың мақсаты – аудиторияның қаланың көрнекті орындары мен олардың ерекшеліктері туралы хабардарлығын арттыру ғана емес, сонымен қатар қала қонақтары үшін есте қаларлық естеліктер сыйлай отырып, туристік қызметтердің сапасын жақсарту. Мастер-класстар тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналады, бұл медиа өкілдеріне Алматының туристік бағыт ретіндегі тартымдылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
«Алматы туризм бюросы ұсынған қонақжайлылықты қолдау жөніндегі жаңа тұжырымдама индустрияны дамыту үшін жаңа көкжиектер ашады. Мастер-класстар аясында гастрономия, MICE-туризм, қала, таулар сияқты маңызды бағыттар назарға алынады, бұл біздің қаламыздың жаңа қырларын көруге көмектеседі. Біз қазір қаламыздың туристік әлеуетін қолдау мен дамытудың тамаша мүмкіндігін көріп отырмыз, оны қонақтар үшін тартымды жаңа халықаралық локацияға айналдырамыз», — деп бөлісті Almaty Tourism Bureau MICE-туризмді дамыту департаментінің басшысы Айнура Турежанова.
Айта кететіні, Алматы Қазақстанда орналастыру орындарының саны мен туристер саны бойынша көшбасшы болып табылады. Қазақстанға келген әрбір екінші шетелдік турист Алматыны таңдайды. 2023 жылы шетелдік туристердің 57%-ы Алматыға алыс шет елдерден келді, бұл қаланың халықаралық тартымдылығын көрсетеді. Жетекші нарықтардың қатарына Ресей (32,6%), Қытай (12,2%), Үндістан (8,6%), Түркия (6%) және АҚШ (3,8%) кіреді.