Ардагер – елдің еңсесі

Ардагер – елдің еңсесі

Нұр-Cұлтан қаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің VIII съезі елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жартылай  онлайн форматта өтті. Бес жылда бір өтетін съезге республикадағы белсенді ардагерлер, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен және Үкіметпен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Әйтенов, мемлекеттік орган басшылары мен қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Съезде осы кезең аралығында ұйымда атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алдағы кезеңнің міндеттері белгіленді. Сондай-ақ, Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің жаңа құрамы сайланды. 

Съезді құттықтау сөзімен ашқан Орталық кеңес төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов баяндама барысында Орталық кеңестің жұмысы және ардагерлер қозғалысын одан әрі нығайту мен дамыту жөніндегі міндеттер туралы баяндады. 

– Ең бастысы, эпидемияға қарсы күрес кезінде індеттен сақтануда біраз тәжірибе жинақтап, қашықтан жұмыс істеу тәсіліне көшіп, ардагерлер ұйымының жұмысы да жаңа форматқа бейімделді. Барлық өңірде ардагерлер ұйымының конференциялары өтті. Ардагерлер ұйымы қызметтерінің негізгі бағыттары белгіленіп, Орталық кеңеске біраз ұсыныстар түсті», – деді Бақтықожа Ізмұхамбетов. 

Съезд жұмысына сәттілік тілеп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ардагерлерге жолдаған  құттықтау хатын оқыған ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған республикалық «Ардагерлер ұйымының» қызметі бүгінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назарында екенін жеткізді. Бүгінде екі миллионнан астам мүшесі бар бұл құрылым – Қазақстандағы ірі қоғамдық бірлестіктің бірі. Былтыр «Ардагерлер туралы» заң қабылданды. «Ардагерлер ұйымының» ауқымы кеңейді. Екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер секілді басқа да соғыс ардагерлеріне, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер беріле бастады. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміздегі 114 мың ардагерге 6,4 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар елімізде еңбек адамына құрмет көрсету мақсатында нәтижелі еңбек еткен қызметкерлерді «Еңбек ардагері» медалімен наградтау дәстүрі қалыптасты. 

– Сан түрлі өмір белесінен өткен ардагерлерімізді ұлықтау, құрметтеу – мемлекеттің маңызы бағыты. Бұл ретте республикалық «Ардагерлер ұйымының» орны ерекше. Сіздердің ұйымдарыңыз еліміздегі ең ірі әрі беделді бірлестіктердің бірі. Ұйымның 200-ден аса филиалы мен 10 мыңнан аса бастауыш ұйымдары бар. Ұйым – мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда, еліміздегі тұрақтылықты сақтауда, әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекеттік органдардың тұрақты әріптесі. Республикалық ұйымның өкілдері өңірлерде өскелең жас ұрпақты патриоттық және адамгершілік тұрғыда тәрбиелеу ісіне де баға жетпес үлес қосып келеді. Үкімет республикалық «Ардагерлер ұйымымен» ардагерлер мүддесін қорғау, әлеуметтік саясатты тиімді іске асыру бағытында кең көлемді үндестікті жалғастыруға дайын, – деді Ералы Тоғжанов.

Ал ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлық пен әлеуметтік көмектің де маңызы зор. Бүгінде «Бейнетінің зейнетін» көріп отырған қариялардың саулығы да үнемі назарда. – Тәуелсіздік жылдары елімізде ардагерлерді әлеуметтік қорғау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде ардагерлеріміз зейнетақы төлемдерінен бөлек, түрлі әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Соның бір дәлелі ретінде мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемені толық орындап келеді. Зейнетақылар, жәрдемақылар уақтылы төленіп отыр. Бұл шаралардың барлығы Елбасының, Мемлекет басшысының қолдауымен іске асырылып келеді. Осылайша, бүгінде республикалық бюджеттен бөлінетін әлеуметтік көмектердің жалпы сомасы 3,7 трлн теңгені құрайды,-деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Шәпкенов. Оның айтуынша, биыл 1 қаңтардан бастап зейнетақылар мен жәрдемақылар индекстеліп, ынтымақты зейнетақы – 7%-ға, базалық зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылар 5%-ға ұлғайды. Әрине, өз шешімін күтіп отырған мәселелер де бар. Алдағы уақытта мұндай мәселелер заңнаманы жетілдеру жұмыстары барысында қаралып, тиісті шешімін табатын болады.                              

Съезд барысында ардагерлер ұйымының жұмысшы органдары саналатын төралқа, хатшылық және редакциялық алқа, мандат, есеп беру комиссиялары да сайланды. Күн тәртібінде көтерілетін мәселелер бекітіліп, съездің жұмыс регламенті айқындалды.  

– Біздің  алдымызда маңызды шешуін күткен  келелі мәселелер әлі көп. Соған орай, ардагерлер қауымының атқарар жүгі де орасан болмақ. Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабында: «Әр ауылда, әр ұжымда, әр ортада ағалар кеңесі, ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымдары қызмет жасаса, елдік қасиеттеріміздің еңсесі көтеріліп, ұлы дәстүрлеріміз одан әрі дами бермек», – деген жолдар бар. Сөзімді ақын Сағи Жиенбаевтың: «Даламның иісі бұрқырап, қарттарым, аман сау жүрші», – деген өлек жолдарымен аяқтайын»,- деді Орталық кеңес төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов. 

«Иә, Өздерің болсаң жанында,

Ел іші жомарт,

Еңселі, 

Дән иісі жүрген қанында

Даламның бір-бір бөлшегі...» –деп Сағи аға жырлаған киелі қарттарымыз барда ел іші жомарт, еңселі. «Қарты бардың – қазынасы бар» дейді емес пе, қазына қарттарымыздың ел ертеңіне қосар үлесі ұшан-теңіз екені сөзсіз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
21.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 235
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 373
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 370
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 602
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 544

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9247
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8643
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11870
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9641
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10852