Араға 22-23 жыл салып, мына шындықты айтуға тиіспін деп шештім.
Қазақ баласын шетелге түрлі айламен алдап сатқан небір қылмыстар енді ашылып жатыр ғой. 2002 жылы Оралда туылып, АҚШ-қа сатылып кеткен қыздың туған әке-шешесімен кездескен видеосын көріп, қатты толқыдым. Анасы толғатқанда, толғағы ауыр болып, ішін жарып алған екен. Бірақ анасына «бала іштен өлі туылды» деп, басқа сәбидің мәйітін беріп жіберген.
Арада 20 жылдан астам уақыт өткенде АҚШ-тан анасының телефонына бір бойжеткен «Мен сенің балаңмын!» деп қоңырау соғады! Әке мен шеше естен танып қалады! Өзегін жарып шыққан перзентін «өлдіге» санап, күдерін әбден үзгенде «балаңмын!» деп біреу қоңырау соғып тұрса, есіңнен танбай қайтер едің?
Перзентханадағы баланың аяғына байлаған бирканы асырап алған ата-анасы сақтап қойған екен. Сол арқылы туған әке-шешесін тауыпты. Перзентханадағы құжаттарды дәрігерлер жойып жіберген. Тіпті, архивте сақталуы тиіс құжат та қалдырмапты! Енді келіп, «бұл әйел өзі туған қыздан өз еркімен бас тартқан» деп жала жауып, бет бақтырмай жатыр.
Өзім куә болған дәл сондай бір оқиғаны айтуды жөн санадым. Шамамен, 2002-2003 жыл болуы керек. КТК телеарнасынан Батыс Қазақстан облысына іссапарға шықтым. Одан әрі Ресейдің Самара облысына «Қазақстанның Ресейдегі мәдени күндері» шарасына бардық. Сол жерде Батыс Қазақстан облыстық телеарнасы қызметкерлерімен бірге жүрдік. Телеарнаны менен 1-2 курс жоғары ма, төмен бе, әйтеуір, КазГУ-де оқыған Аслан деген жігіт басқарады екен. Ресейдегі іссапар барысында облыстық телеарнаға жаңадан келген бір елгезек жап-жас жігіт бізге қатты үйірсектеп жүрді. Қазір аты-жөнін ұмыттым. Телефон нөмірін алмасып, тәп-тәуір араласып қалдық.
Алматыға оралғасын, әлгі жігіт маған телефон соқты. «Аға, мына Оралдағы перзентханадан голландиялық ерлі-зайыпты бір қазақ баласын асырап әкетіп бара жатыр екен. Мен барып, сюжет түсіргем. Бірақ бастық эфирден шығармай қойды» деді. Бастығы әлгі Аслан деген сары жігіт. «Ендеше, материалды маған жібер. КТК телеарнасының эфирінен берейік» дедім. «Бастығым біліп қойса, жұмыстан шығарып жіберер...» деп күмілжіді. Әлгі Асланды сырттай білуімше «ойбай, қазақ!» деп етегі далба-дұлба ұлтжанды жігіт сияқты еді. «Қорықпа! Маған жібере бер. Асланнан келген құқайды көріп алайық!» деп жұбаттым. Материал «Күндеректің» анонсына ілінді.
Одан соң, эфирге жол тартты. Орал телеарнасының микрофоны тым жоғары, шетелдік ата-ананың аузына тақала ұсталыпты. Микрофонның лейблі көрініп тұр. Сол лейблді жабу үшін титрді ата-ананың аузына дейін көтердік. Бір жарым ғана минуттық сюжет үлкен резонанс тудырды. Жаңалықтар эфирден өтіп бітпей жатып, Аслан телефон соқты. «Әлеу! Біздің материалды эфирден беруге кім рұқсат берді? Қазір сол материалды берген жігітті жұмыстан шығарам! Сенің үстіңнен арыз жазам. Сені де жұмыстан қудырам!» деп зіркілдеп бара жатыр. «Ей, Аслан! Тоқта! Неменеге оталып бара жатырсың? Кіп-кішкентай қазақтың баласын шетелге сатып жатқаны сенің намысыңа тимей ме? Неге облыстық арнаның эфирінен алып тастайсың? Жеме-жемге келгенде бұл материалды өзіміз түсірдік, ал! Сендердікі екенін дәлелдей аласың ба?!» деп өзіне қарсы дүрсе қоя бердім. Сөз тыңдайтын Асланым жоқ. «Мен соны түсірген балаға да, саған да көрсетем! Құртам екеуіңді!» деп екпіндеді. «Қолыңнан келсе, кел де кесіп ал!» деп мен де шарт кеттім. Сол күні кешке әлгі бала телефон соқты. Аслан деген оңбаған жиналысқа салып, ұрсып-ұрсып, жұмыстан шығарып жіберіпті. «Алматыға кел. КТК-ға тұруға көмектесем» дегем. Алматыға келе алмады да, сол кеткеннен хабарсыз кетті.
Оқта-текте «сол бала қазір қайда жүр екен? деп ойлап қоям. Жұмыстан шығуына себеп болғаныма бір жағынан өкінем. Бір жағынан, сонау батыста адам сату қылмысын үнсіз қолдаған шенеунік-дәрігерлермен қоса телеарна басшыларының қылмысын әшкерелеп тастаған әрекетімізге разы болам. Егер осы жазбаны сол материалдың авторын, көзсіз батыр журналисті білетіндер оқып отырса, менімен хабарласуын сұраймын.
Ал Аслан деген әлгі әпербақан облыстық телеарнаны соңғы уақытқа дейін басқарып, кейін мәслихат депутаты болып кеткен болуы керек. Осыдан 4-5 жыл бұрын фейсбукте көріп қалғам. Одан соң мені банға салып кетті. Батыстан шетелге сатылған балалардың обалы осы Асланның да мойнында деп есептеймін. Өйткені, ол қылмыскерлер бала ғана емес, ұлттың генофондын, болашағын сатты! Қазақтың қара жері де мұндай арам ниет адамдарды көтеріп жүре беріпті ғой!
Тоқтар ЖАҚАШ