Иә, кезекті ресми жылды тағы да дүрілдетіп қарсы алдық. Мерекенің аты – мереке. Әйтпесе түркі жұртының жаңа жылы, яғни жылан жылы наурызда келетінін жақсы білеміз. Президентіміз халқын ресми жаңа жылмен құттықтауын тек мемлекеттік тілде жасады десе де болады. Құттықтауының соңында ғана тілектерін тәптіштеп аударып отырмай, орыс тілінде бірнеше сөз айтты. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі Президентіміз жыл пердесін «Ана тілі» газетіне сұхбат берумен ашты. Көп мәселелер айтылды. Ең бастысы қазақ тілінің рөлін күшейту жөнінде нақты нұсқау берді. Яғни билік мемлекеттің мемлекеттік тіліне биыл үдере бет бұрып, назар аударады деген сенімдеміз. Лайым, солай болғай!
Қадірлі оқырманым! Қаңтар айында Қаңтар оқиғасын еске алмау мүмкін емес. Осы қырғында, өздеріңіз білесіздер, 238 боздағымыз қаза тапты. Бұлардың көпшілігі елінің болашағына алаңдап алаңға келген қарапайым адамдар. Бұл қырғынды ұмыта алмаймыз. Теледидарларда тарихи оқиға туралы сараптамалық көріністер берді. Бірақ біз қаңтардың нағыз шындығы ашылатын уақыт әлі алда деп ойлаймыз. Сонымен, биыл бізге зор сенім артып жазылған оқырмандарымызға тағы да ыстық сәлемімізді жолдаймыз. Бұрынғы «Қазақстан ZAMAN» газетінің заңды жалғасы біздің газетіміз әрқашанда қолдан келгенше шындықты, ақиқатты жазып келеді. Биыл да сол үдеден шығамыз деген сенімдеміз. Ұлтымыздың, мемлекетіміздің болашақ тағдыры үшін ештеңеден аянбаймыз. Тақырыптарымыз сан алуан. Халықаралық деген атауымызға сәйкес «Түркі дүниесі» деген арнаулы бетіміз бар. Негізінен осы айдарымыздың аясында қалып қоймай, әлем тынысын беретін «Дүбірлі дүние: Саясат» деген айдарымыз да жұмыс істейді. «Жанайқай!», «Қамшыбасар-тұжырым» деген айдарларымыз ақиқатты айтар, жеткізер мінберлеріміз. Мәдениет, спорт, ғылым, білім экономика және басқа да тақырыптарды да қаузаймыз. «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициямызбен елімізді аралайтын, өздеріңізбен жүздесетін жобамызды да биыл жүзеге асырамыз. Үкімет, Парламент те назарымыздан тыс қалмайды. «Кәсібім – нәсібім» деп еңбек етіп жатқан кәсіпкерлерді сөзге тартамыз. Тұлғалармен сұхбаттарды да оқисыздар. Қысқасы, қолдан келгенше сіздердің сенімдеріңізден шығуға тырысамыз.
Қадірлі оқырман! Өздеріңіз де қарап қалмай, ұжымыңыз жайлы, толғақты мәселелер жөнінде жазыңыз. Жариялаймыз. Сөзіміз әлі жалғасады. Әзірге сіздерді ресми жаңа жылмен құттықтай отырып, отбастарыңызға амандық, істеріңізге береке, өмірлеріңізге мереке тілейміз.