Түркістан облысы Төлеби ауданы Ақбастау елді мекенінде туған Самат Өтеболатов – талайды өнерімен тамсандырған ағаш ұстасы. Қолөнер шеберінің ұлттық аспаптар жасаумен айналысып келе жатқанына отыз бес жылға жуықтады.
Ол туған ауыл – карьер тасын шығарып, цемент өндірумен айналысатын кен орны. Әкесі бойына бар өнерді жиған, өзі атбегі, шабандоз, қасапшы, аспаз, ат әбзелдерін жасайтын ұста болыпты. «Атаға қарап ұл өсер» дегендей, қамшы, құйысқан, ауыздық жасауды ең алғаш әкесінен үйренді. Қашан көрсеңіз де қолы жыбырлап, қарап отырмайтын бала шебер қандай да бір бұйымды жасап, тесіп, құрап, жамап жүретін. Анасы көп ұзамай оны ауылдағы музыкалық мектепке оқуға береді. Осылайша пианино сыныбында алты жыл оқыған ол домбыра сыныбында оқитын інісінен ұлттық аспапты да үйреніп алады. Сөйтіп, оркестр құрамында домбырамен өнер көрсетіп жүреді.
Қолы жастайынан өнерге икемді болғанмен, ән айтуға шорқақ еді. Музыканы тыңдау қабілетімен үйреніп, нота жаттап, күй тартты. Бірақ, нақышына келтіре ән, терме айтатындарға қызығатын. 1992 жылы мектеп бітірген соң Әл-Фараби атындағы Мәдениет және өнер институтына құжат тапсырғанмен, оқуға түсе алмады. Осылайша ауылда жүргенде Алматыдағы музыкалық аспаптар жасайтын №14 училищеде жұмыс істейтін әкесінің қарындасы аталмыш оқу орнына оқуға шақырады. Сегізінші сыныптан бастап қамшы жасап, оны ауылдастарына сатып немесе жемшөпке айырбастап жүрген ауыл баласы үшін бұл мүмкіндік іздегенге сұраған болды. Осыдан аз ғана бұрын тап осы училище туралы теледидардан оқуға шақыру туралы хабарландыру сұхбатты көріп қалған еді. Көкірегінде арман оты жылт етіп, училищедегі жас шеберлер оркестрінің жетекшісі Серік Нұртазинді үйіне іздеп, Алматыға барады. Ол кісі жетелеп, оқу орнына апарып, емтиханнан өткізеді. Түрлі ағаш бұйымдарын қолдан жасайтынын біліп, домбырада шебер ойнайтынын көріп, бірден екінші курсқа қабылданады.
Оқу орнының шеберханасына кіргенде болашақ қолөнершінің көзі жайнап сала берген еді. Өйткені, бұл жер нағыз өзінің жаны қалайтын рухани орталық, өз әлемі екенін ә дегеннен жүрегімен, жан дүниесімен ұққан болатын. Домбыраның неше түрі самсап тұр, оның қалай жасалатыны туралы егжей-тегжейлі тәптіштеп айтылады. Қолына аспапты ала салып, бірімен бірі жарысып ән айтып, күй шерткен небір таланттар. Жатақхана қызықтары мен студенттік шақтың тәтті де қиын кезеңдерін бастан кешіріп, қазақ ұлттық аспаптар жасау маманы болып шығады. Домбыраны бүтін ағаштан шауып немесе құрап жасауға болады дейді шебер. Құрап жасалатын домбыра қоңыр үнді, көбіне күйшілер шертуге ыңғайлы. Ал, әншілер, дәстүрлі терме айтушылар ағаштан шауып жасалған аспапқа тапсырыс беріп жатады.
Оқуды бітіргеннен кейін ары қарай тағы да білімін жетілдіруді мақсат тұтып, жоғары оқуға құжат тапсырғанмен, тағы да жолы болмай қалады. Әкесі «мал бағасың» деп шорт кесті. Ауылда өзі оқыған музыкалық мектепке жұмысқа орналасып, қолдан келген бұйымды жасап, алаңсыз жүріп жатқан. Бірде училищені бірге оқыған достары Шымкентте Халықаралық Қазақ-Түрік университеті ашылғанын айтып, оқуға тапсырып көруге үгіттеді. Алдында жоғары оқуға екі рет тапсырып, түсе алмаған соң беті қайтып қалған ба, әуелде ыңғай бермеді. Ақыры келіспеген соң «егер түсе алмасаң қайтасың, босқа жүр емессің бе?» деп достары көндірді. Сөйтіп, ойламаған жерден осы оқу орнының саз және ән айту мұғалімі мамандығының студенті атанып шыға келді. Ұлбосын Тәжібаева, Алена Төребекқызы сияқты білікті ұстаздардан дәріс алып, мол тәжірибе жинады. Ұстаздары тек білім нәрімен сусындатып қана қоймай, өмірлік ақылшы, жанашыр ана да бола білді. Университет қабырғасында құрылған «Қазығұрт» фольклорлық ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі болып, халықаралық фестивальдарда жүлделі орындарды еншілеп келіп жатты. Өмірлік жары Жазира Тұрсынбекованы да осы оқу орны қабырғасынан жолықтырып, отау құрды.
Оқу бітіргеннен кейін орта мектептердің бірінде еңбек сабағынан мұғалім бола жүріп, шәкірттерді үйрету арқылы өзі де шеберліктің қыр-сырын үйрене түсті.
– Жастардың ұлттық аспап жасауды үйренуге қызығушылығы төмен. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауды дер кезінде қолға алмасақ, ертең кеш қаламыз. Жастарға да үнемі айтамын, дайын шеберхана тұр, кел де үйреніп ал. Негізінде, бұл әркімнің ақ қолынан келетін өнер. Тек шыдамдылықты қажет ететін болғандықтан, ыждаһаттылықпен жақсы көру керек. Егер жақсы көрмесе, әрі қарай жалғастырмай, тастап кетеді. Он баланың ішінде тек біреуі ғана жалғастырып, үйреніп кетеді, – дейді қолөнерші.
Қазір Самат Өтеболатов жасаған аспаптар Америкада, Германияда тұтынушыларын тапқан. «Бірде қазақстандық орыс қызына үйленген американдық жігіт қалыңдығына домбыра сыйлау үшін арнайы іздеп келді. Келіншегі музыкант екен, гитара шертеді. Екеуара сөйлесіп жатқанда оған қылқобызды көрсеттім, шетелдік қонақтың қызығушылығында шек болмады. Ақырында домбыра аламын деп келіп, қобызбен қоса алып кетті. Арада ай өтер-өтпес телефоныма видео хабарлама келіп тұр. Әлгі орыс қызымыз қобызды үйреніп алып, құйқылжытып шырқап тұр. Видео арқылы алғыс білдіріпті» деп еске алады Самат шебер.
Ұстаның айтуынша, қобыз жасау үшін тапжылмай отырса, он күн уақытын арнайды екен, ал негізінен он бес күн кетеді. Домбыра жасауға үш-төрт күн жеткілікті дейді. Сонымен қатар, асатаяқ, даңғыра, тайтұяқ сияқты ұрмалы аспаптарды да жасай береді. Айтарлығы, өзінен өнер үйренген жас шеберлер аспап жасауға қарағанда заман сұранысына қарай ағаш жиһаздарын, пластик есік-терезелер шығарумен айналысуға ден қояды екен. Созақ, Төлеби аудандарында еңбек пәнінен сабақ беретін шәкірттері әлі күнге хабарласып, ақыл-кеңес сұрап, тәжірибе үйреніп тұрады. Ал, өзі өнерін отбасылық кәсіпке айналдырып та үлгеріпті. Жұбайы мемлекеттік тендерге қатысу арқылы тапсырыс қабылдау жолын арнайы курс арқылы оқып, жеке кәсіпкерлік ашып, жолдасына қолдау көрсетіп отыр. «Жылына шамамен он шақты домбыра, бес-алты қобыз сатамыз. Жылына жиырма шақты домбыра сатқан кездер де болған, бұйырғанына қарай несібеміз әр кезде әрқалай. Негізі қолөнерді кәсіпке айналдырып, нәпақа табуға болады, бірақ байып кете аласың деп айта алмаймын» дейді ол.
Белгілі этнограф, қылуетші Кендебай Қарабдаловты ұстаз тұтатын кейіпкеріміз өзінің білетінін ендігі шәкірттермен бөлісуден аянып қалмайды. Бүгінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде қолөнер үйірмесінің жетекшісі ретінде студенттерді атакәсіпке баулып жүр. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар Астана, Алматы қалаларынан бөлек шетелдерге кетіп жатады. Тіпті, түсінде аян арқылы көріп, қобыз іздеп келетін бақсылар да бар екен.
«Шеберханаға кірсем, бүкіл дүниені ұмытып сала беремін. Тіпті, бұйым жасағанда кешке тойға баратынымыз естен шығып, келіншегім хабарласып жатады» деп күлген қолөнерші атакәсіпті ұрпақтарына мирас етуді мақсат тұтады.