Бізге қандай өзгеріс қажет?

Бізге қандай  өзгеріс қажет?

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевқа Ашық хат

Құрметті Президент мырза! Қоғамның даму үдерісін ғылыми негізде талдау, сараптау арқылы қоғам өмірінде қандай кемшіліктері бар, соны анықтап отыру мемлекеттің өз тәуелсіздігін берік сақтауы үшін қажет. Мемлекет құрудың негізгі мақсаты, халықтың мүддесін қорғау мен жерінің біртұтастығын сақтап, жер қойнауы байлығын ысырапқа ұшыратпай, ұлтының игілігіне пайдалану екені аян. Сондықтан, біздің елде қандай мемлекет болады, кімнің мүддесін, кімнің құқығын қорғайды, соны заңдастырған ғылыми негіздегі Бағдарламасы болуы қажет. Ол – Конституция. Соған сүйенсе ғана, мемлекет құру бағыты мемлекетқұрушы халқының ата-баба рухы мен рухани құндылығын сақтау мен азаттығын және намысын қорғау баянды болады.

 

Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялап, егеменді мемлекет болғанына отыз бес жыл өтті. Қазақ республикасы бұрынғы одақ кезінде агроөндіріс салалары дамыған ел қатарында болған еді. Ал жаңа тәуелсіз мемлекет құрған жылдарда табиғи байлығы мол, еңбекқор, шетінен сауатты халықтан шыққан ғалымдар мен білімді мамандар және зиялы қауымы бар ел еді. Енді, экономикалық даму жолы бағытындағы сауатсыздықтың нәтижесінде табиғи байлықты сату мен шетелден алған қарыздар, инвестициялар ұрлық пен жемқорлықтың жеміне айналған, халықты кедейлікке қамаған, демократиялық қоғам құрудың орнына автократиялық басқару жүйесін дамыту жолымен келе жатыр.

Бұрын социализм қоғамында өмір сүрген ел жаңа капитализмдік бағытта мемлекет құру үшін, ең алдымен республиканың бұрыннан қалыптасқан экономикалық дамыған салаларын сақтап, соны пайдалану жолын терең ғылыми ізденістер арқылы анықтауы керек болатын. Содан кейін өз халқының мүддесі мен менталитетін ескере отырып, елі мен жерінің тәуелсіздігін қорғайтын жаңа қоғамдық сана қалыптастыратын жолды анықтаған соң, оны іске асыратын басқару жүйесін таңдауы қажет еді.

Бірақ сол кезде республиканы орталықтың (Мәскеудің) нұсқауымен ғана басқаруға машықтанған, өз халқының намысын, мақсатын, мұң-мұқтажын, келешегін ойламайтын, жаңалыққа жоқ, деңгейлері жарлық орындайтын, билікті қолда ұстауға бейім аз ғана топ елдің тағдырын шешкен еді. Олардың ел келешегін ойламай, қоғамның ғылыми негізде дамуы заңдылығынан ауытқу салдарынан елдегі өндірістер мен ауылшаруашылығы шашылып, халықтың еңбегімен құрылған байлық талан-таражға түсті. Бұл Назарбаев тобының экономикалық сауатсыздығынан туған ең үлкен қатесі еді. Осы қатерлі қателікті ушықтырмай түзету керек.

 

Мықты саясаттың қайнар көзі, адам тіршілігінің даму негізі экономиканың заңдылығын қатаң сақтау ғана әділетті, дамыған мемлекет құруға әкеледі. Экономикалық даму заңдылығына сүйеніп құрған қоғамның ғана келешегі баянды болады. 

 

Социализмнің дамуының қозғалтқыш күші (дамудың қуаты) – жұмысшы мен шаруа, капитализмнің қозғалтқыш күші – ұлттық буржуазия (капитал) болатынына көңіл аудармаған қоғамның келешегі жоқ. Екі қоғамның экономикалық және саяси даму заңдылықтары мен бағыт ұстанымдарының бір-бірімен қабыспайтынын ескеру қажет.

Назарбаевтің құрған мемлекеті, «нарықтық капитализм» қоғамының экономикалық даму бағытын кеңестік билік жүйесіне тән партократиялық (автократиялық) басқаруынан туған қайшылықтар, халықпен санаспай (бір адамның деңгейімен басқару) елді ұрлық пен жемқорлық дамыған «жабайы капитализмге» алып келді. Осы басқару жүйесі сөзбен демократиялық қоғам құрамыз деген шымылдық жамылып, іс жүзінде шындықты айтқанды полиция мен сот «тәрбиелейтін» қоғамға алып келгені ақиқат.

Мемлекеттің дамуы үшін капитализм мен социализм қоғамдарының дамуы олардың таңдаған бағыттарына тән, өзіндік қоғамдық сана қалыптасуы заңдылық. Әр елдің рухани ұстанымдары сол елдің халқының нақтылы, өзіне тән тіршілігіне байланысты. Сондықтан халқымыздың және келешек ұрпақтың тағдырын ойласақ, осы кемшілікті түзетуді халық пен билік ақылға салып, парасаттылықпен уақыт созып, ушықтырмай іске асыру қажет. Бұл өте ауыр жол, ойлану керек. Билікте, халықта ойланып, бірін-бірі қолдайтындай ынтымақпен іске асыруы қажет. Яғни билік пен халық бірін-бірі еститін, ұғатын деңгейде болуы керек.

Бірақ біздің қоғамда халықты билік естімейді. Ел басшысы сеніп жүрген серіктері мен министрлері қоғамдағы қайшылықты жасырып, оған «бәрі жақсы, сізді халық қолдайды» деген ақпарат беретін сияқты. Осы шындықты Президент білуі қажет. Әйтпесе, келешекте ең ауыр салмақ Президентке түседі. Өйткені біздің елде билік пен халықтың арақатынасына саяси ойындар көп. Бұл бұрынғы Кеңес қоғамынан қалған жеке адамға табыну, қолдан «Тұлға» жасау, «дарынды» жағымпаздар мен мансапқорлардың ісі екені белгілі. Осы күнге дейін Президенттің маңайындағы «сенімді кадрлері» қоғамдағы қателерді анықтауға талпынбай, үнемі бәрі үйлесімді, халық «сізді қошеметтейді» деп, үйреншікті ескі дәуірде қалыптасқан әдіспен сайлау мен референдум өткізіп, әділетсіз шешім қабылдауды ұйымдастырып, халықтың шындықты айтатын үнін жасырып, Президентке «қажетті» ақпарат қана беру әлі тыйылмағаны көрініп тұр. Бұл біздің қоғамда Кеңес дәуірінен қалған жұқпалы ауру билік жүйесінің науқасы, осыдан құтылу қажет.

 Мысалы, Президент ұсынған «өзгерістің келісіп дайындалғанын» халық тек құрылтай өткенде естіді. Биліктегі кемшілікке, биліктегілердің бәрін кінәлауға болмайды. Олардың ішінде елім деп жүрегі ауыратындар жетерлік, соларды бағалап, ары таза тәжірибе жинаған біліктілерге жол ашу қажет. Әділ ел басқару даналардың ғана қолынан келетіні ақиқат. Бірақ өмірде бір адам дана болып тумайды. Даналық өмірлік тәжірибе мен ғылымға сүйенген білімнен туады. Осыны елге басшы болғандар ойда ұстауы абзал. Ел басқаруды төменнен жоғары қарай барлық билік сатысынан өткен және халықтың мұң-мұқтажын көрген, ары таза азаматтарға ғана жол ашу қажет. Ел келешегі үшін қоғамға өзгеріс қажет. Халық дана, халықты ести білу керек.

Жіберілген қателіктерді түзетуге құлық болса, шешу жолы бар: 

Бірінші, ҚР Конституциясына қазақ халқының ұлттық идеясы негізінде қоғамның экономикалық дамуының қозғалғыш күші – Ұлттық буржуазияны (орта және шағын кәсіп) қалыптастырып, олар ұлттық байлықтың жетпіс бес – сексен бес пайызының иелері болуын бекіту қажет. Олигархтар ешқашан барша халықтың мақсатын, жағдайын ойламайды, олардың мақсаты – байлығын көбейту. Ұлттық буржуазияның билікке ықпал ететін халық пен жердің тәуелсіз, экономикалық және әлеуметтік дамыған ел болудың кепілі болатынын бекіту қажет. Ұлттық буржуазия, ғылым мен дүниежүзілік қоғамтану тәжірибесіне сүйенген демократиялық басқару жүйесі қалыптасқанда билікке ықпал етіп, оның адал көмекшісі болады. Сонда ғана қазіргі заңсыз ұрлық пен жемқорлықтың салдарынан ел байлығының тоқсан пайызына таяу үлесіне ие, билікке ықпалын жүргізіп отырған жүз алпыс екі олигархтан тазаратын жолды заңмен шешуге жол ашылады.

Екінші, мәңгі тәуелсіздігі сақталатын, әділетті дамыған демократиялық халықтың келешегінің кепілі болатын, ел мен жерінің біртұтастығы мен ұлттық байлығын жұртының игілігіне жұмсайтын мемлекет құру үшін жаңа қоғамдық сана қалыптастыру қажет. Сана өзгермей, қоғам өзгермейді. Қоғамдық сана заңмен, саяси насихат-шоу ықпалымен қалыптаспайды. Ол саясаттың ықпалымен қалыптасады деу сауатсыздық. Қоғамдық сана – қоғамның рухани дамуының деңгейі және қоғамға қуат, береке, бірлік, жаңалық, серпіліс, тұрақтылық пен жігер беретін қуат. Қоғамдық сананы қалыптастыратын ары таза, дарынды халқына адал философ, ақын, жазушы, ғалым, мәдениет пен өнер өкілдері және жұртына қадірлі ел сыйлайтын ақсақалдар мен ұстаздар. Ұлттық идея негізінде қалыптасқан қоғамдық жаңа сана ғана халықтың келешегінің тәуелсіз, дәулетті, дамыған әділетті мемлекет болуына кепіл береді. Қоғамдық сананың негізі, мемлекет құрушы халықтың рухы мен рухани құндылығы қалыптастырған – жаңа ұлттық сана болады. Бұл – өмір заңдылығы.

Үшінші, мемлекетті тек ғылымға сүйеніп, адамзат тарихындағы дүниежүзілік қоғам даму тәжірибесін өз халқының рухы мен рухани құндылықтарымен ұштастырып басқару ғана тәуелсіздікті, әділеттілік пен теңдікті сақтайтын қоғам қалыптастырады. Отарлық құрсауынан шыққан біздің елге адамзат дамуы тарихының үлгі болатын тәжірибесін тек қана ғылыми негізде сараптап, пайдалану қажет. Керек болған жағдайда орын алған кемшіліктерді ғылыми негізде, дүниежүзі тарихи даму тәжірибесіне сүйеніп, өз халқымыздың рухани құндылығы мен тіршілігінің ерекшелігін ескере отырып өзгеріс жасау қажет. Өзгерісті Ата Заңнан (Конституция) бастаған дұрыс. Қазіргі Ата Заңда сөзді пайдаланғанда әр сөздің мағынасын ғылыми дәлелмен және қазақ тілінде, қоспасыз жазылуына мұқият көңіл аудару қажет. Бірде-бір сөз ғылыми дәлелсіз, саяси қажеттілікпен түсініктеме беріліп жазылмауы қажет. Ата Заңда жазылған әр сөздің саяси және заңдық мәні, мағынасы бар.

Патшалық Ресейден бастау алған бодандықтың өктемдік саясатын жалғастырған Кеңес Одағы «Қазақстан» деген ұғымды пайдалану арқылы қазақ елін көп этностың мекеніне айналдыру нәтижесінде ұлтсыздандырғаны аян. «Қазақстан» халқы деп Конституцияда ресми бекітілуі қазақ ұлтының келешегіне қауіп туғызады. Қазақ деген сөзге парсы тіліндегі «стан» сөзін қосудан шыққан «Қазақстан» деген сөздің мағынасы – «Қазақ мекені» деген ұғымды береді. Биліктің Конституцияда және барлық ресми құжаттарда, саяси шаралар мен мерекелерде «Қазақстан халықтары» сөзін «қазақ халқы» деген мағынада пайдалануы Кеңес кезіндегі «Совет халқы» деген сияқты. Одақ құрды – «Совет халқы» құрды. «Қазақстан» деп Ата Заңда жазылуы қазақ халқының намысына тиіп, құқына шек келтіріп, қазақтың мемлекет құрушы халық екенін мойындамайтын жағдайға әкеліп отыр.

Ал «Қазақстан» деген сөзді қазақ халқының синонимі ретінде Кеңес заманында пайдалану – халықты ассимиляцияға түсіру үшін жүргізілген саясат. «Стан» деген сөзді кезінде ел атауына қазақ елімен қоса Орта Азия елдерінің өміріне енгізді. Бірақ қазақ елінен басқа бірде ел осы «стан» сөзін халқының атына қосып (көп ұлтты ел болып) Конституция қабылдаған жоқ.

Қазіргі ҚР Конституциясы преамбуласында былай жазылған: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы («Қазақстан мекені – халқы»), байырғы қазақ жерiнде мемлекеттілік құра отырып....» – деп жазылудың мағынасы қазақ халқының мемлекет құрушы халық екенін жоққа шығарып тұр. Қажетті нұсқа: «Біз, қазақ халқы, байырғы ата-баба мекені – қазақ жерінде өзіміздің мемлекетімізді құра отырып...» – деп жазу керек.

Кеңес үкіметі құрылған кезде қазақтар өз жерінде халықтардың тоқсан пайызын құраған еді. Отыз – отыз екінші жылдардағы қолдан жасалған ашаршылықтан қазақтың саны күрт азайып, соның орнына елімізге жер аударылған саяси тұтқындарды және тың жерді игеру мен басқа да жоспарлар ықпалымен көптеген халықтарды қазақ жеріне қоныстандырды.

 Кеңестік авторитарлық жүйенің ықпалымен ұлтсыздандыру нәтижесінде өз жерінде сан үлесі азайған қазақ халықының мемлекеттік «Қаз ССР» атауымен қатар «Қазақстан» деген сөздің ресми пайдалануы қалыптасты. Осы ұлтсыздандыру нәтижесінің ықпалынан ҚР Конституцияны преамбуласына «Қазақ мекені – халықтары» деген ұғымды енгізу, қазақ халқының келешегіне балта шабатын жол салған, қазақ халқына жасалған қиянат екені күмән туғызбайды. Қайталап айтамын, Конституциядағы «Қазақ мекені – халықтары» деген сөздің ғылыми негіздегі мағынасы – қазақ ата-бабасынан қалған мұра өз жеріне иелігінен және мемлекет құрушы халқы болатын құқынан айырылып отырғанын көрсетеді. Ата Заңдағы «Қазақстан» деген сөзді қолдану үлкен саяси қателікке әкеліп отырғанын біреу ұқса, біреу ұқпайды. Қазақ халқын заң бойынша қазақ жеріне кейін қоныстанғандармен тең дегенді енгізу, егеменді қазақ елінде тұрып жатса да, отыз бес жылдай қазақ халқының мемлекеттік тілін, рухани құндылығын, тарихын құрметтемей жүргендердің елімізде аз емес екені дәлел.

Мемлекеттік тіл, қазақ тілінің сан түрлі сылтаумен заңды мемлекеттік тіл мәртебесі (статус) бекімей келе жатудың сыры осында болып отыр. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін бекітетін заң қабылдауын тежеп, Ата Заңының 7-бабында орыс тілінің мемлекеттік тілмен теңелген мәртебесінің жазылуы және қазақ тілінің мәртебесі туралы талап қойғандардың қудаланып, түрмеге қамалуына әкеліп отырғаны да осы қателікке байланысты. Бұл әлемдегі бір елде жоқ. Бодандықта болған бір ел өзінің мемлекеттік тілімен қатар, басқа үстемдік жүргізген ел тілімен тәуелсіз мемлекет құруды заңдастырған жоқ. Бұл жаңа қоғамдық сана қалыптастыруға да үлкен кедергі. Сондықтан бұл қателіктерді жою керек. Мемлекеттік тіл – қоғамның тәуелсіздігінің кепілі. Бұл – адамзат тарихының даму жолында қалыптасып бекіген мемлекет құрудағы негізгі заңдылық. Дүниежүзі қоғамтану үдерісінде жаңа мемлекеттің тәуелсіздігінің кепілі – бір ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі (статусы). Мемлекет құрылған күннен бастап заңды түрде ғылым мен білім, тәрбие, мәдениет, экономика мен саясат бағытының негізін қалыптастыратын, дамытатын құрал болып келеді. Мемлекет тілі қоғамның дамуының, ішкі тұрақтылығының, халықтың бірлігінің кепілі. Бір тілде сөйлемеген қоғамда ешқашан тұрақтылық, бірлік болмайды, ондай қоғамның келешегі жоқ. Бұл адамзат тарихы дәлелдеген тәжірибе. Осы қателікті келешекте жат пиғылдағы топтар немесе көрші алпауыт елдер теріс пиғылмен пайдаланып мемлекеттің, жерінің біртұтастығына қауіп әкелуі мүмкін.

Қателікті түзету үшін Ата Заңда «Қазақ Республикасы» деген сөзді қолдануды және қазақ халқының қазақ жерінде мемлекет құрушы екенін анықтап жазылған өзгертулерді енгізу қажет. Қателерді түзеп, біздің елдің Ата Заңына қазақ халқының ғана мемлекет құрушы халық екенін жазып, мемлекет атауын «Қазақ Республикасы» деп жазу елдің, ұрпақтың келешегі үшін қажет.

Тәуелсіз мемлекет болу үшін, біздің Конституция преамбуласындағы жазу, БҰҰ (ООН) жарғысының бірінші және екінші бабына қайшы жазылғанын ескеріп, бодандықтың ықпалынан арылатын арнайы жаңа түзетулер енгізіп барып, оны қайта қабылдау қажет. Онсыз бодандықтың ызғары ешқашан кетпейді. Ресей бодандығының ықпалынан шықпай, экономикалық тәуелсіздіктен құтылмай, қазақ елі ешқашанда саяси тәуелсіз ел бола алмайды. Бұл ұсыныстан орыс халқының намысына көлеңке түспейді. Біз отарлық саясатын жүргізген Ресейдің билік жүйесінің халқымыздың дамуына кедергі ықпалынан тазарудың қажеттілігін айтамыз. Халықтардың адал қарым-қатынастағы шын сыйласуы саяси ықпалсыз қалыптасатыны – табиғи заңдылық.

Ата Заңға енгізілетін өзгертудің бірі, Президенттің хұзырының шексіз болуы демократиялық қоғамның дамуына зиян әкеліп, авторитарлық билікке ұласып, мемлекеттің әділетті өмір сүруіне тежеу болуына жол бермеуді шешу керек. Оған дәлел – бірінші Президенттің отыз жыл қоғамды бір ғана адамның пікіріне тәуелді етіп, ауылшаруашылығы мен өндірісі дамыған экономикалық фундаменті бар мемлекетті шеге, шыны-аяқ, ожау шығара алмайтын күйге алып келгені. Ұлттық байлықтың иесі қазір халық емес, негізгі иелері 162 заңсыз байығандар болып, жемқорлық, ұрлық, парақорлар жайлаған, халық кедей қоғамға айналып, сол күйден әлі шыға алмай отырғаны белгілі.

Ұлттық байлықты тонап, заңсыз байыған топты жауапкершілікке тартып, халыққа қайтару үшін Конституцияда ел басқарған адамның да және олардың маңайында болғандардың да жауапкершілігін бекіту қажет. Бұл елдің келешегі үшін керек. Адамзат өмірінің өзгеруі ғылым мен техника және технологияның жедел дамуына байланысты, қазіргі әлемдік қоғамдаму үдерісінде терең өзгерістер әкелуі бұрынғыдай ғасырларға созылмай, қысқа мерзімде болатыны аян.

Мысалы, қазіргі цифрландыру, ЖИ жетістігін бұрыннан қалыптасып қалған қоғамдық санамен пайдаланып, ел басқару мүмкін емес. Ескі қоғамдық санамен келешектегі ғылымның даму жетістіктерін пайдаланып қоғамды басқару үлкен апатқа әкелуі ықтимал. Ғылымның дамуы, адамзаттың даму тарихында осы ғасырдың аяғы мен келесі ғасырда дүниежүзінде қазіргі нарықтық капитализм мен империялық билік жүргізу жүйесінің өзгеруі, ғылымның жоғары сатыға көтерілуіне байланысты өмірдің даму ақиқаты. Оған қадам енді басталады. Оны ешқандай күш тоқтата алмайды. Ол адамзат өмірінің табиғи даму заңдылығы. Ұрпақтың келешегі үшін ойланып, ғылымның даму үрдісіне сәйкес қоғамның фундаментін қазір ғылымға сүйеніп салып кету парыз.

Сондықтан, сауаттылықпен ҚР Конституциясына демократиясы дамыған елдердегідей өзгеріс енгізіп, Президенттің хұзырын шектеп, Парламенттің құзырын күшейтіп, биліктің қызметін халық бақылайтын институт бекіту қажет.

 Конституцияда нақтылы осы талапты енгізбесе, кейін олардың мемлекеттің тәуелсіздігіне зиян әкелетін экономикалық тәуелділікке, жер біртұтастығына, ұлттық байлықтың ысырапқа ұшырауына байланысты қате әрекеттер үшін қазіргі заңдармен Президент пен оның маңайындағыларды жауапкершілікке тарту қиынға соғатыны ақиқат. ҚР Конституциясында азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігі бірдей екенін нақтылау қажет. Президент пен Үкімет басшысына байланысты импичмент енгізу керек. Президенттің кадрлерді іріктеу мен бекіту, тек өзі билеуі – авторитаризмге апаратын жол. Біз қазіргі кезеңде әлемдегі демократиялық даму ғылымның деңгейінің талабына сай жетілмеген деңгейінде өмір сүріп отырмыз. Осындай жағдайда Сенаттың орнына «Халық кеңесін» құрып, оны бір адам өзі құрып, өзі басқарып, халықты жолатпауы қандай демократия?..

Халықтық кеңесті әр аймақ билікке қатысы жоқ, білімді, елге сыйлы, ары таза, парасатты азаматтардан сайлап, Мемлекет басшысы мен Үкімет басшысының есебін тыңдайтын, Парламентпен келісе отырып баға беретін жүйе болуы керек. Яғни, Конституцияның орындалуын халық бақылайтын институт. Сондықтан, басқа елдердің демократиялық және экономикалық дамудағы тәжірибесін, жетістіктерін тек ғылыми талдау арқылы, халқымыздың менталитетін ескере отырып қана пайдалану қажет. Сонда ғана еліміздің тәуелсіздігі мәңгі сақталып, мәңгі тәуелсіз, ұлттық байлығы халықтың игілігіне жұмсалып, әділетті, теңдікті сақтайтын дамыған қоғам болатыны аян.

Біздің елге ұсынылып отырған «Күшті Президент» емес, Парламент депутаттары санының елу бір пайызы халықтың өзі ұсынған өкілдері болуы қажет. Ал, партиялар мен басқа қоғамдық ұйымдар (ондайлар болса) өкілдерінің саны қырық тоғыз пайыз болуы керек. Өйткені, партия мен басқа қоғамдық ұйымдар тек өз тобының мақсатын қорғайды және олар қаншасы жиналса да, халықтың аздаған санын құрайтыны ақиқат. Қоғамдық ұйымдар қоғамның дамуына қажет. Ал, идеологиялық бағытта ұстанымдары әртүрлі болғандықтан, партиялар халықты бөлшектеп, ел бірлігіне зиян әкелетіні ақиқат. Сондықтан партия жүйесіне күш беру әділетсіздікке жол ашады (топтық, жершілдік, рушылдық т.б. зиянды кедергі).

Ұсынып отырған жол жаңалық емес. Бұл жол – АҚШ пен Англия екі ғасыр бұрынғы екі партиялық бағыт ұстанымдағы партия билейтін алғашқы демократиялық басқару жолы. Сол кезде бұл үлкен прогресс еді. Қазір сол екі партиялық басқару жүйесі демократиялық дамудың тежегіші екенін ғылыми зерделесе ұғады. Олар сонау он үшінші ғасырдан басталған саяси ұстаным бағыты әлі өзгермеген, дүниежүзіне күшпен ықпал жүргізуден аспай, әлемді уақ-уақ қанға бояған, соғыс өртіне орап жүрген, еуроцентризм әлемдегі бар елді бір қораға қамауда. Осыны ұқпай, Американың бағытына, адамгершілік пен теңдікті адамзатқа әкелген шығыс философиясы негізінде қалыптасқан рухы бар қазақ елін осы қамауға тығу кімге қажет деген сұрақ туады.

Бар биліктің кілті бір Президентте болуы – диктаторлық жол. Кадр мәселесін Президенттің ұсынысын Парламентте талқылап, шешім қабылдау ғана әділдікті, халықты бұрыннан үрей мен құл мінез билеген үйреншікті өмірден айырып, жаңа халықтық теңдік сақтайтын демократияға әкелетін жолды бекіту қажет. Биліктегі қажеті шамалы, парақорлық пен бюрократиялықты дамытатын басқару жүйесіндегі балластардан құтылу қажет. Кадр таңдау және оны дайындау санаулы басшылардың ғана құзырында болмайтын, рух пен жігер өсіретін ғылым мен тәжірибеге сүйенген бағытты ұстауды қалыптастыру қажет. Сонда ғана келешекте ел басқарған азаматтар ары таза, халқына адал, білімді, инабатты, парасатты, жұрт құрметтейтін болады.

Құрметті Президент мырза, менің шындықты тура айтып, көңіліңізге қарамағаныма ренжімеңіз. Қазақта  «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген дана сөз бар. Сіз алғаш ел басқаруға келгенде, барша халықтың арманы «Әділетті Қазақстан» деген бастамаңыздан барша жұрт қуат, жігер алғандай еді. Бірақ сол бағыттың өзгеруін қарапайым халық та, зиялы қауым да ұқпайды. Ойланыңыз, ел үшін өзгерісті ақылмен, асықпай, халықпен бірге жасау, пікір айтып, еліміздің келешегін ойлаған бізден гөрі сізге қымбат. Өз намысыңызды ойлаңыз. Сіз халықпен кеңесіп өзгеріс жасасаңыз, барша жұрттың қолдауын табасыз. Нағыз өзгеріске жол салуға уақытыңыз бар. Сіз халыққа ант бергенсіз. Тарихта атыңызға халықтың алғысы тисін, қарғысы тимесін! Бұл менің ақ тілегім. Ойланыңыз!

 

Болат ДҮЙСЕМБІ, экономист-саясаткер, публицист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
12.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23393
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23058
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39194
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36577
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40695