Дипломатиялық бизнес клуб кездесуінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды
Бүгін Астанада Дипломатиялық бизнес клуб мүшелерінің отырысы өтіп, онда шетелдік дипломаттар мен бизнес-қауымдастық өкілдері Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен, сондай-ақ Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының барысымен танысты.
Дипломатиялық бизнес клуб отырысына ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Дипломатиялық бизнес клубтың тең төрағасы Исламбек Салжанов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, YPO Kazakhstan Төрағасы Қанат Көпбаев, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшылары және Қазақстанның бизнес-қауымдастық жетекшілері қатысты.
Клуб мүшелері алдында сөйлеген сөзінде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елді жаңғырту бағытында кешенді реформа жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі – ел дамуының жаңа экономикалық моделін қалыптастыру.
«Қазақстан бүгінде ашықтық қағидаттарын ұстанады. Сондай-ақ экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларда өзге елдермен жан-жақты ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Дипломатиялық бизнес клубы осы бағыттағы міндеттерді іске асыруға өз үлесін қосады деп сенемін», – деді Сенат Төрағасы.
Өз кезегінде Исламбек Салжанов 8 жыл ішінде клубтың шетелдік дипломатиялық корпус пен Қазақстанның түрлі салалардағы іскерлік қоғамдастығы арасындағы өзара іс-қимылды дамыту және нығайту үшін толыққанды бейресми алаңға айналғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының саяси жүйені қайта жаңғырту және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту бойынша жүргізген реформаларының арқасында Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін тең мүмкіндіктер пайда болды. Қазақстан экономикасын нақты монополиясыздандыру жүріп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, заң үстемдігі мен әділ сот төрелігін орнату Қазақстанға шетелдік инвесторларды тарту үшін қолайлы жаңа мүмкіндіктер туғызады», - деп атап өтті Исламбек Салжанов.
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов өз сөзінде Дипломатиялық бизнес клуб шетелдік инвесторларға Қазақстанда сенімді серіктестер табуға мүмкіндік беретінін, бұл клубтың негізгі бағыттарының бірі екендігін атап өтті.
YPO Kazakhstan төрағасы Қанат Көпбаевтың айтуынша, YPO мүшелері ДБК құрылған күннен бастап белсенді түрде бірге жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, ынтымақтастықтың басымдығы елдер арасындағы өзара тиімді ұзақ мерзімді іскерлік қарым-қатынастарды құру және бұл жерде Дипломатиялық іскерлік клуб басты рөл атқарады.
Кездесу барысында Дипломатиялық бизнес клубтың атқарушы директоры Саяжан Тұяқова клубтың 2024 жылға арналған алдағы іс-шаралары туралы айтты. Олардың қатарында Қазақстанның өңірлеріне дипломатиялық өкілдіктер басшыларының іскерлік турлары, дипломаттар үшін бизнес-қоғамдастық жетекшілерімен іскерлік таңғы ас, салалық министрліктердің басшыларымен кездесулер, инвестициялық ахуал бойынша түрлі лекциялар мен семинарлар өткізу және басқа да іс-шаралар бар.
Сондай-ақ, Дипломатиялық іскерлік клуб мүшелеріне алдағы қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары таныстырылды. Исламбек Салжанов Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті бола отырып, ДБК-ның барлық мүшелерін ұлттық спорт түрлері жарыстарына қатысуға шақырды.
Анықтама үшін:
Дипломатиялық бизнес клуб (бұдан әрі – ДБК) 2015 жылғы 2 шілдеде ҚР Сыртқы істер министрлігі мен «Атамекен» ҰКП бастамасымен құрылды. Клуб мүшелері Қазақстанда тіркелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, Қазақстан Республикасының бизнес-қоғамдастықтарының жетекшілері, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың басшылары, YPO Kazakhstan Integrated мүшелері және т.б.
ДБК өз мүшелеріне олардың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру үшін Қазақстанның өңірлеріне бизнес-форумдар, конференциялар, дипломатиялық корпустың танысу сапарларын ұйымдастырады, сондай-ақ Қазақстанның салалық министрліктері мен ведомстволарының басшылығымен кездесулер, бейресми іс-шаралар, соның ішінде спорттық, қайырымдылық, отбасылық шараларын өткізеді.