Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Байзақ ауданындағы Ж.Үшкемпіров атындағы №9 балалар - жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен Дөсеке Ұлантай Әлібекұлын еске алуға арналған еркін күрестен 2007-2009 жылдары туылған жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнирі өз мәресіне жетті.
Бурыл ауылындағы балалар - жасөспірімдер спорт мектебінде өткізілген облыстық турнирге 130-дан астам спортшы қатысып, өзара кім мықтыны анықтады. Т.Рысқұлов, Байзақ, Қордай, Шу, Меркі, Мойынқұм, Жуалы аудандары мен Тараз, Шымкент қаласынан және Қырғызстан Республикасынан келген еркін күрес спортшылары алдында Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерлан Аширбеков құттықтау сөз сөйлеп, Ұлантай Әлібекұлын еске алуға арналған турнир қатысушыларына сәттілік тіледі. Турнирдің салтанатты ашылуында Бурыл ауылдық «Дәуіт ата» мешітінің имамы Қанат Тұмарбекұлы, еркін күрестен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Берік Тоқсанбаев, Дөсеке Ұлантайдың бауыры, облыс әкімдігі табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиев ретімен сөз алып, аталған жарыстың маңыздылығы тоқталды. Сөз барысында Ұлантай Әлібекұлының Бурыл ауылының тумасы, физика-математика ғылымдарының магистрі, докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы болып еңбек еткені атап өтілді.
Кешке дейін созылған турнир аса тартысты өтті. Нәтижесінде 2007-2009 жылдары туылған жасөспірімдер арасында өрбіген облыстық ашық турнирде өз салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған еркін күрес шеберлері ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған Кубок, медаль, Дипломдармен марапатталды. Атап айтқанда, Ж.Үшкемпіров атындағы №9 балалар - жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары 4 алтын және 2 қола медальмен жалпы командалық есепте топ жарып, жүлделі 1 орыннан көрінді. Жүлделі екінші орынға Түркістан облысы, Түлкібас ауданының командасы, үшінші орынға Т.Рысқұлов ауданының командасы ие болды.