Ата-ана – отбасының тірегі

 Ата-ана – отбасының тірегі

Отбасы құндылықтарының ең басты міндет-мақсаты ата- ананы құрметтеу  болып табылады. Бұл барлық адамзаттың борышы десек те болады. Әр адам үшін  осы өмірде  әке-шешемізден  жақын және артық адам жоқ шығар, сірә? Олар бізді жарық дүниеге  келтіріп, жарқын өмір сыйлады.  Асыл да аяулы аналарымыз түн ұйқысын төрт бөліп, түнде бесік таянып, мәпелеп өсіріп, ержеткізді. Біз  анамызды үш рет Меккеге арқалап апарсақ та, ақ сүтін ақтай алмаймыз. 

Ата-анамыз туралы айтсақ, менің өмірімдегі  ең аяулы да қимас жандарым көз алдыма келеді.  Қарапайым отбасында туып-өстім. Олар  адал, қарапайым, еңбекқор жандар еді. Әкем Қасымхан Қожанұлы мектепте еңбек пәнінің мұғалімі, анам Бұлбұл Майлыбайқызы совхозда тігінші болып қызмет етті. Үйде 6 бала: 4 ұл, 2  қыз болдық. 2 ағам, 2 інім және әпкем. Қыздың кенжесі болғандықтан, ата-анам мені қатты жақсы көріп, еркелетті. Әсіресе әкем «қара қызым» деп, айтқанымның бәрін істейтін. 2-сыныптан бастап қолыма қалам ұстап шимайлап бір нәрселер жаза бастадым. Әкем менің жазған дүниелерімді түзетіп, қайта жаздыратын. Түрлі тақырыптар ұсынатын. Республикалық  «Пионер», «Қазақстан пионері» газеті мен журналына мақалаларымды жіберетін. Бірте-бірте олар да жарыққа шығып, мәз боп қуанатын едім. Жоғары сыныпқа жеткенде редакция тарапынан еш түзету енгізбей, нөмір сайын әңгіме-новеллаларым жарияланып жатты. Газеттің «Жас тілшісі» атанып, оқуға жолдама алдым. Мектеп бітіре сала 1984 жылы «Жалын» баспасынан «Байғазы» деген атпен алғашқы әңгімелер жинағым шығып, қатты қуандым.  Сонда әкем: «Қара қызым әлі-ақ менің атымды шығарады! Болашақта мен жетпеген белестерге шығады!» – дейтін мақтанып. Сөйтсем, журналист болу әкемнің бала күнгі арманы екен ғой. Жетім өсіп, отбасылық жағдайы болмағандықтан  дұрыс оқи алмапты. Журналист болам дегенде анам «қыз балаға болмайды, одан да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бол» деп қарсы болды. Сол кезде  алтын әкем шыр-пыр болып мені қорғағаны есімде. Оныншы сыныпты бітірген соң,   50 шақты мақалаларымды бір папкаға салып жинақтап, қолымнан жетектеп КазГУ-ге өзі әкелді. Қайран әкем-ай!   Міне, содан бері әке үмітін ақтап, атын өшірмей,  Қасымханның қызы  болып журналистика саласында қызмет істеп келемін. Мен не үшін әкем туралы  жазып, еске алып отырмын? Ойлап отырсам, анамызбен қатар  ардақты әкелеріміздің  де біздің өмірімізден алар орны ерекше екен ғой!  Аналарымыз дүниеге әкеліп, өсірсе, әкелеріміз күні-түні жұмыс істеп, бізді бағып-қақты, асырады, әкелік ақылын айтып, тәлім-тәрбиесін берді. 

Атаның тәлімін, әкенің тәрбиесін көрген бала  үлкен кісілерге құрмет пен ізет көрсететіні анық.  Халқымыз бұны отбасындағы адамгершілік құндылықтардың бірі ретінде бағалайды. Барлық  отбасында үлкендерсіз тамақ бастамау, олардың батасын, разылығын алу бірінші кезекте тұрады. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген нақыл сөз бар. Біздің асыл қазынамыз, байлығымыз – қарттарымыз.  Дінімізде үлкенді құрметтеу Алланы ұлықтаудың бір түрі болып есептеледі. «Алла Тағаланың разылығы ата-ананың разылығында» деген хадис те бар. Үлкенді сыйлап, оларға сый-құрмет көрсету – сонау ата-бабамыздан келе жатқан салтымыз. Осының жай-жапсарын, мән-мағынасын  жас ұрпақ балаларымыз бен немерелерімізге  түсіндіріп отыруымыз  керек.  Ата-аналарымыз   өміріміздің мәні мен  сәні екенін, сондай-ақ отбасының  алтын діңгегі, тірегі  екенін ұмытпай жүрейік!

 

Шаргүл Қасымханқызы
03.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

Таза Қазақстан республикалық акциясы
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 14
ҚАБЫЛДАУ
Сарысу ауданы әкімдігі - 28.04.2024 17
Бірлік жарысы
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 13
Тараз таза қала
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 13

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1093
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7140
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10990
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7203
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7348