Іскер басшының ілкімді ісі
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!» деген Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.
Сонымен, аталмыш жыл бастау алды. «Кімдерді дәріптейміз, кімдерді құрметтейміз?» деген сұраққа жауап та алыста жатқан жоқ. Жанымызда жүр, байқалмайды, бірақ атқарған істері қыруар. Сол мамандықтарды дайындайтындарды дәріптеумен газетіміздің алғашқы санын арнап отырмыз. Өйткені, сол мықты мамандардың артында ұстаздар тұр. Жұмысшы мамандықтарды оқыту орындары жайын «Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы аясында әр өңірден көрдік. Бірақ, Жамбыл облысының Қордай ауданы, Бетқайнар ауылындағы облыстық Білім басқармасына қарасты №7 колледжін ерекше атап өтуді жөн санап отырмыз. Өйткені, тек білім ғана емес, «тал бесіктен берілетін» тәрбиені де білімгерлер бойына дарытып, шама келсе қолдап, қолпаштап жіберетін білім ошағының бүгінгі әлеуеті, мүмкіндігін айта кету керек. Мықтылығы туралы тарқата айтсақ, талайға үлгі, талайға өнеге болары анық. Өйткені, жұмысшы мамандыққа оқытып қана қоймай, жастардың өмірге бейімделуіне ықпал жасап отырған мекемедегі әсер бөлек болғанын айтқымыз келеді. Бір қарағанда колледжі директоры Гүлнар Әлімбаеваны білмейтін жандар аз. Оның қарапайым келбетін, биязылығы мен салмақтылығын бағамдай отырып, көп дүниені аңғара алмасы анық. Басына орамалын бекем тартқан директор болашақ мықты мамандарды, мықты адамдарды даярлап шығу үшін белді де бекем буған. Қоғамдық өмірге де белсене араласатын ол облыстық мәслихат депутаты болумен қатар білім саласында да тыңнан түрен салған жан. Ұзақ жылғы білім саласындағы елеулі еңбегі ескеріліп, Қордай ауданының Құрметті азаматы да атанды. Бірақ, осының барлығы қыруар еңбек пен үлкен төзімділікті, алға қойған мақсатқа жетпей тынбайтын жанның тындырымды ісінің арқасы деп білген абзал. Аты колледж болғанымен, әлеуеті институттардан кем емес білім ошағына сапарымыз барысында соған көз жеткіздік.
Бетқайнар – Қордай ауданындағы іргелі ауылдық округ. Құрамына Соғанды ауылы кіретін округте жалпы бес мыңнан астам халық тұрады. Аталмыш колледж 1972 жылы орта кәсіби білім беретін училище болып ашылған. Осы жерде техникалық мамандықты игерген механизаторлар колхоз-совхоз құлағанша ауылшаруашылығы техникаларын игерген мықты мамандар саналатын. Кейін аумалы-төкпелі кезеңдерде небір тоқыраудан өткен білім ошағы кейін лицей атанса, бертін келе колледж атанып, екінші демін ашқандай еді. Ал, қазір еліміздегі мықты білім орталықтарының бірінен саналады. Экспедиция барысында біздің оған көзіміз жетті. Ал, басшылық тізгінін қолға алған Гүлнар Еділбайқызының аталмыш бұл саладағы сүбелі үлесі айрықша екенін айтып өткен жөн болар.
Осы білім ошағында он жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Гүлнар Әлімбаева қазір әлеуеті мықты білім беру мекемесінің негізгі бағытын айқындап қана қоймай, ізденімпаздық пен қатар өз ісіне деген адалдығын арқалай отырып талай жетістіктерге қол жеткізді. Ең бастысы білім ошағының жан-жақты дамуына жанын сала еңбек етіп келеді. Жанынан жиналған мықты ұстаздар қауымы да бұл істің ілгері жүруіне барынша атсалысып келеді.
Білім – бір сала, ал тәрбие күн сайын
«Қазір колледжге қандай балалар келетіні ешкімге жасырын емес. Әлеуметтік жағынан осал отбасы балалары, сабақ үлгісі жағынан да көш бастай алмайтын мектеп түлектері және басқа да санаттағы балалар біздің колледжге келіп студент атанған тұстан бастап қолымыздан келгенше тек білім ғана емес, тәрбие деген тым нәзік дүниеге де аса мән бердік. Рас, түрлі қиындықтар туындап жатады. Оның үстіне ұялы телефоны жатса-тұрса қолынан түспейтін, кез келген дүниеге еліктегіш бозбалалар мен бойжеткендермен жұмыс жүргізу қандай қиын екенін ұстаздар қауымы жақсы түсінеді. Кей кездері үйінде болмаған тәрбиені, тіпті мейірімді осы жерден көріп жатқан балалар да көріп келеміз. Біздің міндет қолдан келгенше бар жақсылықты көрсетіп, үлкен өмірге қанаттарын қатайтып жіберу, осы жерде тәрбие көп көмек береді. Иә, әлеуметтік осал топтағы ата-аналармен де «сен жақсы, мен жақсы» деп жұмыс жүргізіп, екі жақтағы тепе-теңдікті сақтап ұстауға тура келіп жатады. Бұл біздің мамандықтың басым тұстары болар. Бір анығы одан балалар жаман болып жатқан жоқ», – дейді Гүлнар Еділбайқызы.
«Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» мамандығы бойынша колледжде теориялық сабақ өткізуге екі кабинет және тәжірибеге тігін машиналарымен жабдықталған төрт шеберхана берілген. Қонақтар әсіресе тігін цехына кіргенде саусақтары майысып, бірдей киім киген, түрлі киім үлгілерін тігіп отырған бойжеткендерді, яғни студенттерді көргенде таңғалысын жасыра алмайды. Мақта өңдеуге дейінгі қажетті станоктары бар, оқу үрдісін тәжірибемен ұштастырып, тіпті былтырғы жылдары лимон өсіріп «айды аспаннан бір-ақ шығарған» аталмыш білім ошағы, сол жұмыстарды шебер ұйымдастыра білген білікті басшысы Гүлнар Әлімбаева жайында газетіміздің жаңа жылдағы алқашқы сандарында толығымен баяндайтын боламыз. Өйткені, жұмысшы мамандықтарды дайындауда бұл білім ошағының жеткен жетістіктері толағай», – деп, газетіміздің өткен сандарында Жамбыл облысына жасаған сапарымыз жайында жазған болатынбыз.
Шын мәнінде қолына ине-жібін алып, кестелі орамал тігетін заман емес қазір. Бірақ, тігін машинасын игеріп, түрлі киімдерді ешқандай цехтардан кем емес шығаратын білім ошағының техникалық базасы туралы толығымен тоқталып өтсек.
Кәсіптік білім беретін №7 Бетқайнар колледжінде қазіргі таңда 500-ден астам студент білім алуда. Бұл білім ошағында «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтарына оқытады. Президент айтқан жұмысшы мамандықтарыңыздың негізі осында бастау алады. Бұл білім ошағының мықтылығы осында жатыр. Осы орайда бір айта кетер жай, әр оқу жылын аяқтаған кезде, түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша да көп еңбек атқарылады екен. Нәтижесінде жүздеген түлек өз кәсібімен жұмысқа орналасып, қоғаммен етене араласып жүрген жайы бар.
№7 Бетқайнар колледжінде жалпы қызметкерлер саны 103 болса, оның ішінде 46 кіші қызметкер, 57 педагог, 4 қоса қызмет атқаратын педагогтер бар екен. Солардың ішінде ғылым докторы, магистр дәрежесі бар оқытушылар да қызмет атқаруда.
Оқу орны мамандықтар бойынша қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. 19 оқу дәрісханалары, 4 тігін шеберханалары, 1 залы, асханасы, медкабинеті, 2 шеберханасы, жатақханасы, оқу полигоны, виртуалды шыны көзілдірігінде трактор бөлшектерін жинау тренажері жылыжайы бар. Осы жылыжайда былтырғы жылдары лимон өсіріп, оны түрлі ауылшаруашылығы көрмелеріне де шығарған. Осы орайда шеберханаларына тоқтала кетсек. 176 шаршы метр болатын дәнекерлеу шеберханасы мықты құрылыс мамандарын шығарады. Дәнекерлеу ісі мамандарының әрдайым үлкен сұранысқа ие екенін ескерсек, бұл оқу орны жалпы ел сұранысын да қанағаттандыра алады деген сөз. Посттық дәнекерлеу аппараты, жартылай автоматты дәнекерлеу, аргон аппараты, газбен дәнекерлеу аппараты, инвекторлық дәнекерлеу аппараттарын игеріп шығатын мамандарға сұраныс қандай екені баршаға белгілі.
Біз жоғарыда сөз еткен тігін шеберханаларының көлемі 241 шаршы метрді құрайды. Бұл қазір әр аймақта жұмыс істреп отырған тігін цехтарынан анағұрлым үлкен. «Spartak», «Оверлок Spartak», «Janome», «Brother», «Jahk» тігін машинкаларын қолданатын студент қыздар шағын киімдерден бастап үлкен плащ, тіпті ел арасында сұранысқа ие шубаларға дейін тіге алады. Көрпе-жастық деген дүниелерді тігіп шығу тіпті қиын емес. Қажетті мақтаны өздері өңдейтін аппаратына дейін бар. Ал, ауылшаруашылығын механикаландыру шеберханасы 176 шаршы метр аумақты алып жатыр. 192 шаршы метр болатын жылыжайы бар. Ауылшаруашылығын механикаландыру мамандығында аты көпке танымал «John deere», «Енисей» комбайндары, «МТЗ-80», «Deutz fahr» тракторлары, трактор тіркемелері, «КамАЗ», «Газ-53», «Газ-52» жүк көліктері мен «Ваз 2107», «Ваз-2115» жеңіл көліктер, түрлі соқалар, дән сепкіш техникалары, тіпті экскаватор погрузчик, интерактивті панельдер, виртуалдық тренажерлар, стендтер мен жаттықтыру тренажерлары, культиватор, қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандары – барлығы-барлығы студенттердің толыққанды маман болып шығуына арналған.
Кәсіптік тәжірибенің ұзақтығы және күнтізбелік кестесі мамандықтың оқу жоспарымен анықталады. Мысалы, «Фермер шаруашылығы» мамандығында қыркүйек-қараша айларында жер жырту, тырмалау, күздік бидай себу, жүгері жинау жұмыстары атқарылса, ал наурыз бен мамыр айларының аралығында жер жырту, арпа мен жүгері себу, тыңайтқыштармен жұмыс істеу, өсімдіктерді күтіп баптаумен айналысады. 229 гектар жері бар, ол жерлерге гектарлап арпа мен бидай себетін колледж ауқымын осыдан-ақ байқауға болады.
Ұстаздар мен студенттер жетістігі, жаңғырған жатақхана
Оқу ордасының студенттерге арналған өз жатақханасы бар. Төрт қабатты, 150 орындық ғимаратта білімгерлерге барлық жағдай жасалған. Дегенмен, көп жылдан бері жөндеу көрмеген ғимараттың тозығы жетіп, жүдеу тартқан-тын. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, студенттер жатақханасы былтыр толықтай күрделі жөндеуден өтті. Сыртқы жабындысы түгел ауыстырылып, терезелері жаңартылған. Бөлмелерге жаңа жиһаз, кілем сатып алынған. Бұдан бөлек, студенттердің жайлылығы үшін ас үй бөлмесі, әр қабатта бірнеше сантарап, кір жуатын бөлмелері орналасқан. Барлық бөлмелер қажетті жабдықтармен қамтылғанын да айта кету керек. Сонымен қатар қыздар жататын қабатта тоғызқұмалақ үйірмесіне, ұлдардың қабатында үстел теннисі, қол күресі үйірмесіне арналған бөлмелер және жаттығу залы да бар.
Ал жатақхананың бірінші қабатында ұстаздардың жеке кабинеттері, психолог кабинеті, медициналық кабинет, қару-жарақ кабинеті, «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында құрылған кітапхана және ата-аналарды педагогикалық қолдау кабинеті орналасқан.
Колледж директоры Гүлнәр Әлімбаеваның айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстарына және жаңа жабдықтарға жалпы 181 млн теңге қаражат жұмсалған. Жөндеу жұмыстары 2023 жылдың маусым айында басталып, қазан айында аяқталыпты. «Ең бастысы өрт қауіпсіздігі жүйесі, бейнебақылау камералары жаңартылды», – дейді колледж басшысы.
Заман талабына сай жан-жақты болуды міндет санайтын білім ордасының жеткен жетістіктері жетерлік. Мәселен, «Табысты менеджмент», «Профи» техникалық мамандықтар бойынша І халықаралық олимпиадалары, «НЕО-ФОЛЬКЛОР» стилінде сән дизайнерлерінің ұлттық байқауларында білім ордасының ұстаздары мен студенттері үнемі жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Әсіресе тігіншілердің
«Шығармашылық эскиз» номинациясы үнемі оң жамбасына келіп отырады. Осыдан біраз жыл бұрын колледж студенттері «PROGRESS» Республикалық білім беру орталығы, пәндік олимпиадасына информатика және қазақ тілі пәндерінен қатысып, І дәрежелі дипломға ие болыпты. Ал, өткен жылдың 23 желтоқсан күні Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының ұйымдастыруымен «Кәсіптік білім. Еңбек. Табыс» атты облыстық форумы аталмыш колледжде өтуі талайды аңғартады.
Жұмысшы кәсіптерді дамыту және жұмыс берушілермен өзара қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған бұл форумға Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры, Алматы, Жетісу және Маңғыстау облыстарының техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) саласының өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, әлеуметтік серіктестер, облыстық техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің директорлары мен колледж түлектері қатысқан. Сонымен қатар, былтыр №7 Бетқайнар колледжі облыс бойынша «Ең үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясын иеленіп, білім беру саласында үздік атанды. Онда «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, 1 миллион теңгелік сертификатқа ие болған.
P.S. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Бұл тұрғыда №7 Бетқайнар колледжі ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жүргізуде деп сеніммен айта аламыз. Оқу орны теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға басымдық береді. Мұнда студенттер оқу ордасы базасында лимон өсіреді, киім тігеді, колледж иелігіндегі жерге арпа мен бидай егеді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған, жарқыраған жатақханасы бар оқу орнының болашағы зор. Еңбек нарығы мен заман талабына сай ілгерілеп, дамып келе жатқан №7 Бетқайнар колледжінде жағымды жаңалықтары көп болғай!