Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтары да пайдаланып отырғандықтан, туыстық жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады.Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды әліпбиден шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп, «төте жазу» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті.
А.Байтұрсынұлы өз жазған «Өмірбаянында» «... Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен , қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім, одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға синтаксистік құрылысын өзге тілдерден жат әсерінен тазартуға әрекеттендім, төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби тілден арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деп жазған еді. 1910 жылдан қолға алынған жұмыс 1912 жылдан қолданысқа енеді. Ғалым бір халықтың әліпби жүйесін екінші бір халық қабылдағанда, оны өз тіліне икемдеп үйлестіру қажеттігін, олай етпеген жағдайда әріп мәселесінің дұрыс шешім таппайтынын 1924 жылы өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде » ашық түрде айтып өтеді. Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуына өзгеріс енгізгенде «ежелеусіз төте» оқу қағидасын басты принцип ретінде ұстанып оны қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына икемдеді.
Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуында дауыссыз дыбыстардың бір емес, бірнеше таңбасы барлығын, олардың жуан және жіңішке болып бөлінетінін, ал қазақ тілінде дауыссыз емес бірнеше дауысты дыбыстардың ғана жуан және жіңішке болатынын, сондықтан артық таңбаларды алып тастағанын нақты мысалдар арқылы дәлелдей келе «Қазақ тілінде 24 дыбыс бар, оның 5 дауысты, 17 дауыссыз, 2 жарты дауысты» дейді. 1912 жылы қолданысқа еніп кеткен Ахмет Байтұрсынұлының алфавиті 1924 жылы Орынбор қаласында өткен съезде ғана ресми түрде бекітіледі. Бұл қазақ халқы үшін, халық үшін істелінген игі істің биік шыңы болып табылды.
Ұлттың болашағы – оның жазуына байланысты екенін білген қазақ зиялылары өз ойларын ашық түрде білдіріп отырды, алайда қазақ халқы үш әліпби жүйесін басынан өткерудің өзіндік себептері болды. Мәселен, шоқындыру арқылы орыстандыруды қарқынды дамыту үшін миссионерлер «ислам дінін» жоймайынша саяси әрекеттері жүзеге аспайтынын түсініп, бұл үшін ең бірінші араб жазуын қолданыстан шығарып тастау қажет деп табады. Алайда ғасырлар бойы пайдаланып келген араб әліпбиін жою қолдан келмейді. Бірден орыс әліпбиіне көшірсе «жәдидшілердің» қолдауымен халық арасында жаппай көтеріліс болып кетуінен қауіптеніп, 1929 жылы зорлықпен латын әліпбиін қабылдап, он жылдан кейін жаппай түркі халқын орыс жазуына көшіреді.
Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсауының арқасында 1912 жылы Орынборда « Оқу құралы » басылып шығады. Бұл оқулық 1912-1925 жылдар аралығында 9 рет қайта басылса, оқулықтың жалғасы «Оқу құралы 2» кітабы 1913 жылы жарық көріп, 1924 жылға дейін 4 рет басылып шығады. Ал ғалымның «Тіл-құрал» атты үш кітаптан тұратын еңбегі қазақ мәдениетінің асқар шыңы болды. Қазіргі қазақ қауымы білім алып жатқан бұл оқулықтың фонетика бөлімі 1914 жылы, морфология бөлімі 1915 жылы, синтаксис бөлімі 1916 жылдары жарық көріп, 1928 жылға дейін бірнеше рет жарыққа шыққан.
1914 жылы «Қазақ» газетінде «Хұкметке керегі- мемлекеттегі жұрттың бәрі де бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі – өз діні,тілі, жазуының сақталуы» деген жанайқайында азаттық идеясы, еркіндіктің рухы байқалады. Халқының болашағы мен мәдениеті үшін қыруар тер төккен Ахмет Байтұрсынұлының ерен еңбегі мәңгілік қазақ халқының жүрегінде орын алып, ұлтының жанашыры болған арыстың есімі ұрпақтар есімінде сақталады.