«Қазақстан» шахтасында 17 тамыз таңертең басталған өрттен соң жер астындағы шахтерлер жанталаса сыртқа шықты. 227 жұмысшының бесеуі жер астында қалып қойған. Олар: 54 жастағы үңгуші Денис Стешин, жер астындағы электр слесарьлар – 58 жастағы Виталий Слюньков, 56 жастағы Виктор Бургун, 29 жастағы Артур Халиков және 26 жастағы Илья Старовойт. 19 тамыз күні Шахтинск қаласында Премьер-министр Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында болған төтенше жағдай бойынша кеңес өткізді.
Премьер-министр қайғылы оқиға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңбұзушылықтармен тікелей байланысты екенін айтты. «АрселорМиттал Теміртау» нысандарында соңғы 15 жылда 100-ден астам адам қаза тапты. Бұл сан жыл сайын өсіп барады. «АрселорМиттал» халықаралық компаниялар тобындағы әрбір екінші өлім осы компанияда болады», – деді Премьер. Бұл, ең алдымен, кәсіпорын иесінің кінәсі. Басшылық өздері компанияның тыныс-тіршілігінен толықтай шеттегендіктен, бірнеше жыл бойы қайғылы салдарға әкеп соғып жатыр. Жұмысшылар үшін тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмай, кәсіпорын жұмысының барлық кезеңінде басты назар тек пайда табуға аударылған. Сондықтан да апаттар жиі қайталанып жатыр. Ең қайғылысы, адамдардың өліміне алып келуде», – деді Әлихан Смайылов. Өткен жылғы дерек бойынша, Қазақстан шахталарында 160-тай адам опат болған. 2021 жылғы қарашада сол кездегі Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин «АрселорМиттал Теміртау» шахталарындағы техника қауіпсіздігі сын көтермейтінін, өте көп олқылық табылғанын айтқан. Оның айтуынша, қауіпсіздік ережелерін жүйелі түрде бұзу фактілері бойынша сот оларға тек айыппұл салумен шектелген. Экология нормаларын бұзу, қоршаған ортаға зиян келтіру жағдайлары бойынша да олар тек айыппұл төлеумен құтылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім еткендей, «Қазақстан» шахтасындағы апат үшін жауапты тұлға 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
17 тамызда Ақорда мынадай мәлімдеме жасады: «Шетелдік компанияға тиесілі мекемелерде жалғасып жатқан апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзып жатқанынан хабар береді, бұл олардың Қазақстан нарығында қалу ықтималдығына едәуір әсер етуі мүмкін». Ал Шахтинск қаласынан шыққан мәжіліс депутаты Никита Шаталов өзінің Telegram-арнасында: «Шахталардың жағдайы, қауіпсіздік жүйесі бұрынғысынша қалды, менеджмент сол бетінше табысты арттыруға ғана күш салып келеді. Оларға қазақстандықтардың өліп жатқаны маңызды емес. Тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар: мемлекет Митталдың компаниясын елден қуып, Қазақстанның жерасты байлығы мен оның өнеркәсібін пайдалану бойынша барлық келісімдерді тоқтатуы тиіс, үнді азаматы бұған ештеңе де салған жоқ».
«Арселор» мекемелерінде осындай қайғылы жағдайлар болғанда да осындай мәлімдемелер жасалған. Компания жұмысын жалғастырып жатыр. Жаппай жекешелендіру дүрмегінде 1995 жылы олармен жасалған келісімшарттың жай-жапсары халықтан жасырын.
РАУАН МУТАИР