Келесі жылы Нұр-Сұлтанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің саммиті өтеді. 2022 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске 30 жыл толады. Осыған орай елордада кеңестің VI саммиті өтеді. «Бұл жиынды ұйымдастыру үшін сыртқы істер министрлігі ауқымды жұмыс атқаруы керек. Біз бұл кеңесті біртіндеп құрлықтағы Қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыруды көздейміз», — деген еді президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру идеясын алғаш рет 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. Кеңес Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етеді.