Әбу-Даби қаласында ММА-дан әлем чемпионаты аяқталды. Әлем біріншілігіне 56 елден жиналған 421 спортшы қатысты. Турнирге 18-21 жас аралығындағы спортшылар (жастар) мен 21 жастан асқан ересектер қатысты. ММА әлеміндегі тарихи оқиға ақтөбелік Бағдат Жұбаныштың (52,2 келіге дейін) хет-трик жасауы болды. Ақтық жекпе-жекте ол ресейлік Фарход Рахмоналиевті жеңіп, әуесқой ММА-да алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанды. Небәрі үш раундтан тұрған жекпе-жекте қазақстандық боксшының басымдығы байқалды. Төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Жұбаныш жеңіске жетті. 56,7 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алматы облысының өкілі Дастан Жақыпбеков төрешілер шешімімен ресейлік Бектұр Женишюек уулынан жеңіліп қалды. Ересектер арасында ММА-дан әлем чемпионатындағы екінші орынды Бекзат Жасия (Шымкент қаласы) жеңіп алды. Ол 65,8 келіге дейінгі салмақта төрешілер шешімімен испандық Хуан Изкуэрдоны ұтты. Ақтық жарысқа Қазақстаннан шыққан жалғыз бойжеткен Айжан Әбдіқадыр (Жамбыл облысы) 70,3 келіге дейінгі салмақта ресейлік Ольга Логоднаяға есе жіберді. Соңғы жекпе-жекте 120,2 келіден жоғары салмақ дәрежесінде павлодарлық Расул Хатаев ресейлік Шамсутдин Махмудовты техникалық нокаутпен ұтты. ММА-дан ересектер арасындағы әлем чемпионатының соңғы күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет екі алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ қоржында 3 «күміс» және 6 «қола» жүлде бар.