Бағила Балтабаева: Қазақтың ұлттық құндылықтарын жойғысы келетіндер көп

Бағила Балтабаева: Қазақтың ұлттық  құндылықтарын  жойғысы  келетіндер көп

Ұлттық мүдде «Qazaqstan dauiri» газетінің назарынан тыс қалып көрген емес. Ылғи да ұлтым деп бозторғайдай шырылдап жүретін қоғам белсендісі, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің, Тіл комитетінің сарапшысы, ел ықыласына бөленіп жүрген аяулы ана, қазақтың қайсар қызы  Балтабаева Бағила Сері-Шубайқызынан арнайы сұхбат алған едік. 

 

«Шаңырақты  күйрететін қитұрқы заңға тосқауыл қойдық»

 

– Қоғамдық жұмыспен белсенді түрде 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап айналысып жүргеніңіз белгілі. Осы уақытқа дейін қоғамдық жұмыс барысында сізге ерекше әсер еткен, ойыңызда шықпастай болып қалған оқиға болды ма?  

– Иә, белімді бекем буып, алғаш рет қоғамдық жұмысқа белсенді түрде 2020 жылдың  қыркүйек айынан бастап кірістім. 

Ол кезде «Зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасы Парламентте 1-ші оқылымнан өтіп кетіп, 2-ші оқылымға аяқ басып тұрған кезі еді...  Заңның аты солай болғанымен, заты мүлдем басқа болып шықты. Сондықтан амалсыздан бел шеше кірісуге тура келді. Егер сол кезде, сол күйінде зорлық-зомбылық заңы қабылданып кетсе, оның зардабы қиын болар еді. Салт-дәстүрімізден айырылып, біржынысты ұйымдарға  аузымызды аша алмай қалатын күйге жетер едік. 

Сол заңның 5-бабы, 11-тармағы, кәмелетті жасқа толмаған балаға қатысты толықтай салт-дәстүрге тыйым салынатын баптың, яғни балаға қатысты,  салт-дәстүріміз бен бесікке салу, сүндетке отыр-

ғызу секілді рәсімдерге тікелей тыйым салынар еді! Ерекше әсер алғаным сол кез болды, қарап тұрсаңыз, әйел мен баланың қауіпсіздігін қарастыратын жақсы амал сияқты болып көрінгенімен, астарында басқа дүниені де ілестіріп, енгізіп жібере жаздады. Ол кезде сол заң жобасын толық зерттеп, бір топ заңгерлер мен белсенді ата-аналармен бірге күндіз-түні тынымсыз сараптап шыққан соң, болашақта әр  отбасына кесірін тигізіп, көпбалалы отбасыларды сорлатып қоятын қитұрқы заң болатынына көз жеткіздік.  Амал жоқ, белді бекем буып, бұл заңның сорақылығын  халыққа жеткізуім керек деп шештім.  Сөйтіп бес ай үй көрмей, қаладан қалаға, ауылдан ауылға, ел  аралап жүріп осы ақпаратты жеткізуге тырыстым. Той-домалақ болсын, ас болсын, кез келген жиында микрофонды қолыма алып, тақырыпқа сай келмесе де, айтуым, жеткізуім парыз деп, ұнатса да, ұнатпаса да тоқтамай айтып жүрдім. 

Басында көп адам сенбеді, «Мұндай сұмдық заң Қазақстанда болуы мүмкін емес, бұл шетелде болса болар, бірақ бізде емес...» деп, халықтың көбі мойынсұнбады...   Оны көріп, түңілген кездерім де болды, түнде тұрып Алладан дұға етіп жыладым да... Осы күйі заң өтіп кетсе, болашағымыз не болады деп жаным жай таппады. Көз алдымда сол заңның түптің түбінде қоғамды қандай мүшкіл хәлге апарарын елестетіп, қатты қынжылатынмын. Сол күй маған маза бермейтін, бәрібір халыққа жеткіземін деп, қолымдағы бар қаражатпен ел аралап кеттім.

 Әр саладағы белді кісілердің тізімін жасап тұрып, спорт саласындағы ағалар, тілші, ақындар, әнші, блогерлердің іздерінен қалмай, арттарынан аңдып жүргендей барып түсіндіріп, жалынып сұрайтынмын «мына ақпаратты парақшаңызға жазыңызшы, салыңызшы, айтыңызшы» деп... 

Ауыл-аймақта, ата-әжелерге жеткізуге тырыстым, әр ата, әр әже, ең болмаса өзінің отбасына, көршісіне, құда-жекжатына айтса, соның өзі олжа деген мақсатпен жүрдім. 

Сөйтіп жүріп, бір күні кезекті конференциядан соң, Астана қаласында Алланың қалауымен әнші Серік Ибрагимовты көріп қалып, мән-жәйді толықтай түсіндіріп, көмектесуін өтіндім. Серікке Алла разы болсын, бірден парақшасына сториске салып, сол жерден біраз халық көріп, әріптестері көріп, құлақ түре бастады. Артынша, «Өнер қырандары» театрының директоры, көпбалалы әке Мадияр Серікбаев бауырымыз пост қылып салды, ол кісімен кездесіп, парақшасында тікелей эфирге шығып, сол пост  өте ауқымды аудиторияны қамтып, естімеген қарапайым халық ду етіп, үш күнде үлкен резонанс болды! 

Сол кезде, қателеспесем, 2021 жылдың  21 қаңтарында  Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл заңды қайта қарастыру керек деген қысқа пікір жазыпты. Содан соң, артынша қоғамда белсенді жұмыс жасап жүргендерді, яғни бізді Парламентке шақырды.

Ол кездегі «Нұр Отан» партиясының төрағасы болған Нұрлан Зайруллаұлы Нығматулин мырзаның шақыруымен Парламентке, жабық Үкімет отырысына қатысып, сол жерде жиналған Үкімет басшылары мен өкілдеріне бұл заңның болашақта халықтың сорына  айналатын баптары мен тармақтарын тарқатып, астарын айқара ашып, қаншалықты бізге қайшы екенін  дәлелдеп, 2021 жылы 4 ақпан күні сол заңды толық тоқтатып шықтық!

Міне, осылайша, болашақ үшін атқарған еңбектің жанғаны сол күн болды! Сондықтан қазіргі заман не нәрсеге бей-жәй қарамай, зер салып қарап отыратын заман екенін ұмытпайық. 

 

Заңмен бекітілген  жыныс ауыстыру ұлттық  құндылығымызға  қайшы

 

 – Осы орайда бір сұрақтың реті келіп тұр, отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған заңдарға көңіліңіз тола ма? 

– Сұраққа жауап бермес бұрын әуелі отбасы құндылығы дегеніміз не, оған не жатады, соны анықтайықшы. Бұрын қаймағы бұзылмаған қазақ едік,  бүгінгі күні отбасылық құндылықтан жұрдай болған заманның куәсі болып отырмыз... 

Отбасы құндылығының не екенін біліп, оны ұстанып, сол құндылықпен балаларын тәрбиелеп отырған отбасылар, өкінішке қарай, азайып барады. Мысалы қазіргі уақытта Құран оқу, үлкен ас жиындарда жайылған дастарқандарды айтпағанда, күнделікті кез келген бір отбасының  мүшелері дастарқан басында түгел жиналып, асты төрде отырған атасының, әкесінің не болмаса сол жердегі үлкеннің батасымен бастап, тамақтанып болған соң, әркім бөлек-бөлек тұрып кетпей, үлкеннің батасымен ғана тұрады ма бүгінде? Мен ондай көз тоярлық көріністі өте сирек көремін. Болмаса көшеде үлкен  кісінің  жолын  кеспей, иіліп жол беретін жастарды жиі көремін деп айта аласыз ба? Жоқ. 

Ал бірақ осылар біздің әдеп, біздің ұстаным еді, міне бұл да отбасы құндылыққа жатады, мұны қай заңға, болмаса кодекске енгізеді деп ойлайсыз?  Әрине, мұндай дүниелер заң болып енбейді. Сосын біздің мемлекетте тек қазақ ұлты ғана тұрмайды ғой, әр ұлттың өз отбасы құндылығы болады, бәрін тізіп заң шығару мүмкін емес. Өзіміздің ежелден келе жатқан отбасылық құндылықтарды, көзімен көріп, бойына сіңдірген асыл сүйекті текті буынның соңғы тұяқтары, өкінішке қарай, өмірден кетіп, аралары сиреп бара жатыр... Ең болмаса сол көреген кісілердің ауызша айтып кеткен құнды дүниелерін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырса екен десек, ол дүниеде де бар, құндылықтарымызды қағаз бетіне түсіріп үлгергендер де аз емес. Бар мәселе сол мұраны ұстап қалатын буынның сұйылып кетуінде, мұндай құндылықты аяғымен тепкенінде, қарамауында, менсінбеуінде, мұндай дүниені өткен ғасырдың еншісінде қалып қойған дүние ретінде қараулары. Қазіргі жастар арасында отбасылық құндылықтың қадірін білетіндер жоқтың қасы дер едім.

Құнды дүниені, әр заманда өз деңгейінде әдемі насихаттап, өзегін жоғалтпай жастарға сіңдіріп отыру әр ата-ананың үлкен міндеті деп есептеймін, баласының да, қоғам алдында да. Өкінішке қарай, сол қазақы қасиеттен алыс болып, отбасы құндылықты білмей өскен буын, бүгінгі күні ата-ана болып, бала тәрбиелеп отыр, өзі сол құндылықты білмей, көрмей өскен адам баласына не деп ақыл айтады? Мәселе осыда.

– Бүгінгі қолданыстағы қандай баптарға ұсыныс айтар едіңіз? Қай тұстарына өзгеріс, толықтыру енгізу керек деп ойлайсыз?

– Нақты заңға келетін болсақ, бізде қателеспесем, 283 баптан тұратын «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексі»  бар, онда жалпы ережелерден бастап, некеге тұру, ажырасу, мүлікті бөлу, алимент мәселесі, ажырасқаннан соң баланың кіммен, қайда, қанша уақыт тұруы, бала асырап алу, оны кімдер асырап алуы/алмауы, суррогат ана болу, оның ережелері т.б. осы сияқты заң аясында отбасыға қатысты баптар мен тармақтардан тұратын кодекс бар. Соның ішінде, жалпы отбасы құндылықтарға қайшы келетін заңдар бойынша ұсыныс болатын болса, мен мына баптарға қарсымын: 

– Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы кодексіндегі 88-бабы бойынша, жыныс ауыстыру заңын мүлдем жою керек деп есептеймін. Өйткені біздің елде екінің бірі жынысын ауыстырмайды, біз Тайланд елі емеспіз, біздің мемлекеттің менталитеті, ұстанымы мүлдем бөлек. 

– Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы кодексіндегі 92-баптың, он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну ерекшеліктері деп ары қарай тізіп жазылған тармақтарындағы, жалпақ тілмен айтқанда жыныстық қатынас сауатына жол ашатын баптар мен тармақтарды алып тастау керек деп есептеймін, онсыз да бұл жағынан сауатын ашатын платформалар аз емес. Міне, осы сияқты заңдар кезінде еніп кетті, тамырын қатайтқан соң, суырып алу оңайға соқпас. Бүгін жұмыс істемесе де, кезеңі келгенде сағаттың тіліндей тықылдап тұратын заман болады...

 

Халқымыз  гендерлік теңдіктің астарын  түсінбей жүр

 

– Бағила ханым, сөзіңізді  бөлейін, жастар арасында гендерлік саясаттың маңыздылығы қандай? Оны қалай жүзеге асыруға болады? 

– Алдымен гендер дегеніміз не, соны анықтап алайықшы. 

«Ге́ндер (ағылш. gender, лат. genus «түр») – адамның қоғамдағы мінез-құлқын және бұл мінез-құлықтың қалай қабылданатынын анықтайтын әлеуметтік жыныс. 1958 жылы Калифорния университетінде (Лос-Анджелес, АҚШ) жұмыс істеген психоаналитик Роберт Столлер ғылымға «гендер» терминін енгізді (жынысқа жатқызудың әлеуметтік көрінісі немесе «әлеуметтік жыныс»). Ол 1963 жылы Стокгольмде өткен психоаналитиктер конгресінде өзін әлеуметтік жынысқа (гендерлік) жатқызу туралы баяндама жасады. Р.Столлердің жынысқа қатысты мәселелерді зерттеуде биологиялық және мәдени компоненттерді ажырату туралы ұсынысы қазіргі гуманитарлық білім саласындағы ерекше бағыт – гендерлік зерттеулердің қалыптасуына серпін берді» делінген kz.qlever.asia сайтында. Сондай-ақ гендер ұғымының анықтамасын БҰҰ сайтынан да оқи аласыздар, ол жақта да дәл осылай. 

Яғни, гендер дегеніміз, біздің қарапайым халық ойлап жүргендей, тек әйел мен еркек деп екі ғана жынысқа бөлетін ұғым емес, арғы жағында тағысын тағы бар, мысалы бинарный, небинарный, гей, лесбиянка, квир, трансвистит, трансгендер болып тізіліп кете береді. Әлемде кейбір елдерде 50-60 гендерге дейін бар, міне солардың барлығы, біз айтып жүрген ГЕНДЕР-ге жатады. Ал енді, осыдан кейін, ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ пен ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК/ТЕҢСІЗДІК деген дүниелердің астарын түсіну қиын болмайтын шығар деп ойлаймын. 

– Сіздің болжамыңыз бойынша  бүгінгі таңда ЛГБТ қолдайтын қанша ұйым, қанша топ бар?  Қандай жас аралығын қамтиды?  Қандай ұлттардың саны басым?

– ЛГБТ ұйымдарын қолдайтын да, қаржыландыратын да «қолдаушылар», әрине, Батыстан, Еуропадан,  өзіміздің елде де қалталы «қамқоршылар»,  тіпті аса ауқаттылар да жоқ емес деп ойлаймын. 

Біржынысты ағым дейміз бе, ұйым дейміз бе, мен үшін бұл адамдар өздерін бұл өмірде жоғалтқандар, бұлардың саны қанша дейтін болсақ, әлбетте саны аз, бірақ шашынан тартқандай етіп, сандарын қолдан көбейтіп көрсеткісі келеді, оның астарлы саясаты бар, әлбетте. 

Нақты мұнша деп айту мүмкін емес, бұлардың қоғамда белсенді түрде жасап жатқан жұмыстарына қарап, қолдауы мен қаржыландыруы жоғары деңгейде екенін   бағалауға болады. 

Көлемді түрде жиі жиындар, іс-шаралар өткізеді, оның барлығы, әлбетте үлкен ресурсты талап етеді, барлық деңгейде жетерліктей ресурстары болғандықтан, аяқтарын нық басып, арқаларын кең жайып жүр. Қаржыландыру жағы о бастан қалыпқа келтіріп қойғаны анық қой. Сырттан неше түрлі фондттар арқылы ГЕНДЕР мәселесіне байланысты  бөлінген қаржының мөлшерін зерттейтін болсақ,  миллиондаған долларлардың шетін көретініміз анық. 

Кейінгі жылдарда бұларға халық арасынан қарсы күрес күшейген сайын, әлбетте қаржыландыру бағдарламасы да күшейеді.  Жас аралығына келсек, Алматы қаласында  лесбияндардың  ұйымдастырған шерулерінде өзім көрген 

7-8 жасар қыз баладан бастап,  25-30 жасқа дейін  қыз-келіншектер жүрді. 

Ал әлеуметтік желіні бақыласаңыздар, жас аралығы шексіз адамдарды көре аласыздар.

Астана қаласында өткен шерулеріне де арнайы Алматыдан келіп, бастан-аяқ қатысып, сол жерден тікелей эфирге кімнің жүргенін, не айтқанын тікелей эфирге түсіріп қайттым. Ол жерде де өрімдей-өрімдей жас жеткіншектер жүрді... 

 

Петицияны халық  қолдады, ал БИЛІК ше?..

 

– Жақында АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трамп бұдан былай екі жыныстыға шектеу қойды.  ЛГБТ-ға, яғни табиғи жаратылысқа қарсы жынойнақ топтарға АҚШ-та заңмен тыйым салынады деген сөз. Біздің елімізде осындай  заң  қашан жүзеге асар екен, ә?

Айтпақшы, Бағила ханым, петиция жайы не болып жатыр? Ол да өзекті мәселенің бір еді ғой.  Сондай-ақ алдағы уақытта біз сөз етіп жатқан жайттарға қатысты  қандай жұмыстар жүргізілуі қажет деп ойлайсыз?

– Жаңа жылдан бері алғашқы жанға  жағымды жаңалық осы болды, тек қана біз үшін емес, бүкіл саналы адамзат үшін, АҚШ-тан Дональд Трамп мырзаның гендер мәселесінің нүктесін қойған сөзі сүйінші жаңалық болды. 

Батыстан бастау алған былық пен азғындық, Батыстан тоқтау  алып жатыр, ол қуанатын жәйт, оған да Аллаға шүкір деймін. Ал енді біздің мемлекетке келсек, бізде әлі бұлардың өздері тұрмақ, ЛГБТ үгіт-насихатына тыйым  салынатын заң жоқ.

Соңғы бес жылда еліміздегі өршіп бара жатқан азғын ұйымдардың іс-әрекеттеріне қарсылығымды білдіріп, өз тарапымнан қолдан келгенше күресіп жүрген қоғам белсендісі ретінде, ұл-қыз тәрбиелеп отырған ана ретінде, былтыр 2024 ж. 26 маусымда ЛГБТ ұйымдарының ашық және жасырын түрдегі үгіт-насихаттарына тыйым салынуын талап етіп, Мәдениет министрлігіне жолдап, петиция жариялаған едім. Екі аптаға жетпес уақытта, Алланың қалауымен, халықтың жаппай қолдауымен 50 000 қолды бірден жинадық! Халықтың көкейінде жүрген жанайқайы Үкіметке жетті! Артынша жұмыс тобы құрылды.  

Аталған министрліктің басшыларымен бірге, Парламенттен Мәжіліс депутаттары Қазбек Иса, Еділ Жаңбыршин, Самат Масабаев, Абзал Құспан, Данияр Қасқарауов, Ринат Зайыт, Ардақ Наразов мырзалар толықтай қолдап  және Оқу-ағарту министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен бірігіп, осындай ауқымды мәселе бойынша үш рет қана жұмыс отырысы өтті. Нәтижесінде петицияны министрлік ішінара қолдап, яғни 18 жасқа дейінгі кәмелет жасқа толмаған балаларға азғындық насихаттайтын дүниелерге толықтай тыйым салынатын болып шешілді.

 Әрине, ішінара деген дүние жартылай деген сөз, яғни петиция жартылай қолданылды. Петицияның артынша, Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт мырза да биік мінберден өте жақсы көтерді, бұл ұйымдар экстремистік топ болып танылып, бұлардың іс-әрекеттері мен насихаттарына толықтай заң аясында тыйым салынсын деп депутаттық ұсыныс тастады, өкінішке қарай, оны әзірге жылы жауып қойды...  

Толықтай тыйым салынған деп  салыстырмалы түрде, көрші мемлекеттер Ресей мен  Өзбекстанды алсақ болады. Бұл мемлекеттерде осы ұйымдардың іс-әрекеттері мен үгіт-насихаттарына түгел заңды түрде қатаң тыйым салынған. Ресейде әкімшілік құқықбұзушылық кодекске енгізіп, үгіт-насихаттары үшін айыппұл құны 4 млн рубльге дейін жетеді немесе 90 тәулікке дейін қамауға алынады. 

Ал Өзбекстанда бұрынғы Кеңес Үкіметі кезеңінен бері, қылмыстық кодекстің 120-бабы «мужеложество» деп қалдырған, яғни біржынысты қатынаста жүргендерге қатаң қылмыстық іс қозғалады! Бізге де дәл солай жасауға болар еді, бірақ былтыр батыспен сыртқы қарым-қатынасқа қандай да бір сызат түсуі ықтимал болған шығар... Алайда енді биылғы соңғы жаңалықтардан соң, бұл мәселені қайта жаңғыртып, заңды түрде толықтай тыйым салуға мүмкіншілік туып-ақ тұр! 

Сондықтан біздің тараптан атқаратын жұмысымыз белсенді түрде қайта көтеріп, халықпен бірге жұмыла отырып, осы мәселенің нүктесін қоюымыз керек. 

– Бағила ханым, әрдайым еңбегіңіз елене берсін, Алла жолыңызды оңғарсын! Ұлттық мүдде жолында жүрген Сізді ақпараттық қолдауға әзірміз.  Алдағы уақытта қандай жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырсыз? 

– Алдағы уақытта ұлт тамырына балта шабар дүниелерге қарсы тұра алатын жас буынның санасын азғындықтан қорғайтын, отбасылық құндылыққа мән беріп, зер салатындай ойымда жүрген жобалар бар, әрине. Бірақ оның барлығын іске асыру үшін адами, қаржылай ресурс керек. Осы уақытқа дейін барлық қоғамдық жұмыстарымды тек өз жеке қалтамнан қаржыландырумен атқарып жүргендіктен, мұндай үлкен дүниелерді іске асыру мен үшін өте ауыр...

– Тығыз жұмыс кестеңізге қарамастан бізге сұхбат беруге уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сіздің қоғамдық істеріңіз бен алдағы жобаларыңызға сәттілік, шабыт және жарқын жетістіктер тілейміз!

 

Сұхбаттасқан –  Саяжан ҚАЙДАР

 

14.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 15482
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 14244
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 17546
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 16417
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 21467