БАЙ МЕН КЕДЕЙ БАЛАСЫ БІР ПАРТАДА ОТЫРМАСА, ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨСЕГЕСІ КӨГЕРЕ МЕ?

БАЙ МЕН КЕДЕЙ БАЛАСЫ БІР ПАРТАДА ОТЫРМАСА, ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨСЕГЕСІ КӨГЕРЕ МЕ?

Шынымды айтсам, осы мақаланы жазуға түрткі болған – Президентіміздің: «Жаңа Қазақстан құрылады, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады», – деген мәлімдемесі. Лайым, жақсы хабар құр уәж болып қалмай жүзеге асса, тым алақай! Тарихта таңбасы қалатын «Қаңтар қасіреті» де халыққа оңай соқпады. Ел іргесі тыныш болса екен! Қашанда, ақ пен қара алмасып, қайғы мен қуаныш қабаттасып жүретін өмір заңдылығы демеске лажың да жоқ. 

Орыстілді қазақ пен қазақтілді қазақтың да жағдайы түзелер, бір реті болар деп жұбатқансимын өзімді. Ал енді Асан мен Үсеннің жағдайы не болар екен?! Екі түрлі болмыспен қалыптасқан адамның көзқарасын, ой-түсінігін өзгерту оңай емес. Бәрінен де ең қиыны, қысқа жіп күрмеуге келмейдінің кебін киген ата-ана байғұстың жағдайын ойласаңызшы! Тырбанып, тапқанын баласының таңдайына тосады. Жоқты бала қайдан түсінсін?! Үлде мен бүлдеге оранған қалталының қызы сияқты кедей қыз да әдемі киінгісі келеді-ау! Бай баласы мінген қымбат көлікпен жарлының баласы да жүргісі келеді. Себебі ол да жігіт қой. Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секірген заман болды. Тойынғаннан қалталы қазақтарыңның арнайы медициналық қызмет көрсететін жеке дәрігері, бала күтушісі, қора-жай күзетшісі, баласын қала бойынша тасушысы, үй жинаушысы, тамақ пісірушісі де бар. Екі қолы алдына сыймай отырған салбөксе әйелдер мұхит асып, күнге қыздырынып әлек. Ал қара базарда күн астында қақталып кәкір-шүкір сатып, нан пұлын ажыратып кедей әйелдер жүр. Міне екі түрлі өмір келбеті. Бір қазақ, бір ұлт өкілі, бір ел азаматы, бірақ екі түрлі көрініс. 

 

Білімсіз, рухсыз мәңгүрттер қайдан шығады?

Екі таптың өкілдері (бай мен кедей баласы) арасына сызат түспесе екен деген түйткіл де көкейімде жоқ емес. Барлық ата-ана қалталы емес. Қарапайым халық аз қаражатпен өмір сүруде екенін білесіз. Ал, қаражаты мол қалталы тоқ бала ештеңеге қам жеп, басын қатырмайды. Осылайша, аш бала тоқ баламен ойнамайды болып тұр. Біз оқып жүргенде оқу, медицина тегін болды. Сол жүйе дұрыс еді. Ақысыз оқитын бала оқудан шығып қалмау үшін талпынады, еңбектенеді, алға ұмтылады. Өз күшімен, маңдай терімен дегеніне жетеді. 

Ал бүгінгі студент оқу үшін белгілі мөлшерде өкіметке ақша төлейді (ақылы бөлім). Болды, бәрі осымен бітті деген оймен студент сауық-сайран салып, ойсыз-қамсыз қала шарлап жүре береді (бәрі емес, әрине). Ата-анасы қаржы тауып қамтамасыз ететінін әбден біліп алған бала еңбектенгісі де келмейді, себебі қарны тоқ, оқу үшін ақысы төленген деген ойда болар, кім білсін. Мен осы жағдайдың қыр-сырын түсіне де алмаймын. Міне, білімсіздіктің түп-тамыры қайдан туындайды? Кейде, мынадай да уәжді естиміз. Оны студент ашық айтады. «Ата-анам осы оқуды бітірсең болды деген соң жүрмін, дипломды қолдарына тапсырып басқа жұмыс істеймін», – деп ойын жасырмай айтатындар да кездеседі. Бұл бір ғана келеңсіз көрініс. Сіз не дейсіз, оқырманым?

Осы оқу орнына түсе алмай қаншама қаракөз қыздар мен жігіттер ауылда, я болмаса қалада қара жұмыс істеп уақытын өткізіп жатыр. Себебі оларда қомақты қаражат та, мүмкіндік те жоқ. Грант аз бөлінгендіктен, балы жетпейді, я болмаса білім деңгейі төмен. Ақылы бөлімнің ақысы удай қымбат, не істеу керек? Бір аудиторияда білім деңгейі әртүрлі студент отырады. Бірі  пән бойынша сұраққа дұрыс жауап бере алатын кешегі оқушы, ал екіншісі – оқуға құлқы жоқ, «бұл материалды түгел өткен жоқпыз» деп жауап беретін жай орын алып отырған оқу ақысы төленген оқушы. 

Бұдан да сорақының куәсі болатын жағдайлар бар. Әсіресе, таза орыстілді студенттер аудиториясындағы сабақ барысында кездесетін «қызықтар». Ол былай. Бала – таза орыстілді, тек орысша ойланады, қазақша ептеп түсінгенімен, жауап айта алмайды. Ал, сол қылығы үшін ол ұялып та, өкініп те отырған жоқ, себебі, оның бет-әлпетінен, іс-әрекетінен тілге деген құлықсыздығы көрініп-ақ тұрады. Әртүрлі тақырыпқа қарай аудиторияда сұрақтар беріледі. Мысалы: «Қазақтың үш биін атаңыз?». Бала сәл ойланып: «Какой танец?» деп мәз болады. Жылайсың ба, күлесің бе?! Кім кінәлі осы жағдайға? Қалада өскен өзге тілде өзеуреген отбасында тәрбиеленіп шыққан есейген баланың осындай мәңгүрттенуіне ата-анасы (қазақ отбасы), өскен ортасының қатысы жоқ деп айта аламыз ба?! Хош, мен тіл қасіретіне ауысып кеттім. Осы жерде тоқтап, негізгі әңгімеге ауысайын.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартып» дегендей, әлемді жайлаған індет кедергі болып жатыр. Кітап бетін ашпайтын кейбір балаға тіпті таптырмайтын құрал – көк темірге телміріп қалдық. Үлде мен бүлдеге оранған, телефонның төресін ұстаған бай баласына бәрібір, әрине. Түнімен мейрамхана кезіп, қыдырыстан қолы босамай шаршаса, кедей студент өзіне жеке компьютер таба алмай шаршайды. Осы екі көріністі салыстыра беріңіз.

Шекпендінің баласы шетелден жоғары оқу орнын бітіріп келіп, тез арада жайлы жерден жұмыс тауып тасы өрге домаласа, кедей жігіт ат басындай дипломын сандыққа тастап, амалсыздан екі қолға бір күректің табылғанына қанағат етіп, айлығы шайлығына жетпей күн кешіп жүр. Білімі бай баласынан аспаса, кем емес. Оны өзіңіз де көріп жүрсіз, оқырманым. Осындайда, сонау жылдары «Тамаша» ойын-сауық отауының шебер актерлері: «Беске оқығанда велосипед жоқ, екіге оқығандарда екі қабат үйі бар» деп, жұртты күлкіге көмуші еді. Күлкілі болғанмен астарында бірталай мағына бар екенін өмір дәлелдеді.

Айнаның екі түрлі жағы бар демекші, жастарды жаппай жазықсыз жазғыра бермей, қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың, өрескел олқылықтардың адамдар арқылы жасалатынын ескеруіміз керек. Жағымсыз жағы – кейбір студент жастарда жеңіл жолмен баға алу, сапа көрсеткішін (рейтинг) жоғары қойғызу үрдісі қалыптасқан. Жоғарыда айтып өткенімдей, қатаң талап, шынайы еңбегіне қарай бағалау, тер төгу, талапты күшейту, яғни көшірілген дүниені есеп үшін қабылдай салу және т.б. (мен біле бермейтін тұстары да бар шығар) сияқты немқұрайдылық, салғырттықтан арылмайынша, әділеттілік орын алмайынша терең білімді, жан-жақты жетілген кәсіп иесін дайындадық дегеніміз – бос сөз. 

 

«Орынды мен сіз үшін алдым ба?» деді бала жігіт

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен әл-Фараби данамыз. Шындығы сол. Үш институт бітіріп, шетелден тағы оқу тауысып келсе де, қазақы, адами қасиеттен жұрдай жандар қоғамда бар. Көшеде, қоғамдық көліктерде, мәдени орындарда, оқу орындарында болсын жастардың жүріс-тұрысын көреміз, сұхбаттасамыз, естиміз. Кейде жағаңды ұстайтын жағдайлар да болады. Бір болған оқиғаны баяндай өтсем. Бұл сіздің де басыңызда болуы мүмкін. 

Қыс. Бірде астанадан ауылға асығыстау жолға шықтық. Бар билетті ала салып, табылғанына қуанып, жылы вагонға жайғастым. Жалтақтап жан-жағыма қарап біраз отырдым. Себеп жоқ емес. Менікі үстіңгі орын еді. Аса жас та емеспін қарғып шыға алатындай. Түнгі сағат бірдің кезі еді, жолаушылар шырт ұйқыда болатын. Екі жап-жас қызды көзім шалды. Ақырын жақындап барып, жағдайымды айтып, орын ауыстыруды өтіндім. Үзілді-кесілді, ойланбастан «Жоқ!» деген жауап болды. Маңдайдан бір-ақ соққандай сенделектеп, аузыма сөз де түспей отыра қалдым. Шешінген судан тайынбас демекші, купе жағалап келем. 18-19 жас шамасындағы бала жігіт төсек-орнын дайындап жатыр екен. Сәлемдесіп алған соң, жағдайымды айтып жалындым. Бұл сабаздың жауабы тіпті қылыштан да «өткір» болды. Лезде тілімді жұтып үнсіз қалдым. Алла естіген сөзді айтсам ғайбат болмас, «Апа, осы орынды бір ай бұрын сіз үшін алдым ба? Жоқ, ауыса алмаймын!» деді. Өзі ашулы, қабағы қатулы, шегірткедей шелтиген қазақ баланың жауабынан соң ләм деместен артқа шегіндім де, жөніме кеттім. Міне, мұндай жағдайлар көптеп кездеседі. Осы көріністі айту себебім, жалпы жастар тәрбиесінің құлдырап, ер-азаматтар әрекетінің ұсақталып бара жатқаны, жігітке тән жомарттық, мейірімділік, қайсарлық, батырлық - жалпы адами қасиет, үлкен сыйлау, ұялу, қыз бала ретінде қымсыну т.б. қалып барады. 

Білімің қаншалық жеткілікті болғанмен, ұлттық тәрбиенің уызына қанбаған адам – рухани кедей адам. Ұлттық мінезі қалыптасқан адам – рухани бай, мәдениеті зор адам. Мәдениеті жоғары халық ұлттық рухы әлсіреген халықты жем қылып уысында ұстауы әбден мүмкін. Ұлттық рухтың дәнін себу мектеп табалдырығынан басталмақ. Ендеше, бала сәби күнінен-ақ өз ұлтының дәстүрін, үлгі-өнегесін бойына сіңіріп өссе, ол бала ертең Отанын, елін, жерін, тілін сүйетін, қорғайтын азамат болып ер жетеді, осыны түсінсек. Дәл қазіргі таңда бәсекеге қабілетті ұлтқа айналу үшін тек жоғары білім ғана емес, басқа жұрттың әдет-ғұрпына еліктеушілік сияқты керексіз әрекеттен арылу керек. Жастарға өз төл мәдениетімізді, қазақы қасиеттерімізді қайта түлетіп, жан дүниемізді жаңаша жаңғыртып, жақсы жағына қарай өзгерту керек. Өзекті өртеген мәселе де осы. 

Реті келгенде тіл мәселесін бекер қозғап отырғаным жоқ. Сүт құрамында қаймақтың бар екенін білесіз. Сүт мәшинеге құйып тартсаңыз, кілегей шығады. Мысалдан көріп отырғаныңыздай, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ата-ананы құрметтеу – жалпы құндылық атаулы сол Анаңның тілі арқылы бойыңа сіңбей ме? Неге ананың тілі, неге әкенің тілі емес? Себебі, анаңның аппақ сүтімен бойыңа дарыған дүниені құрметтеуіміз керек, ойың мен бойыңа сіңген қымбат затты сақтай біл деген терең ой жатыр ғой мұнда.  

Төл тіліміздің тізгіні өз қолымызға тиді. Алайда, өз тіліне өгейсініп қарау, менсінбеу әлі де бар. Жалпы жастар арасында сөйлеу мәдениеті төмен. Олар сөйлемнің ішіне ата-бабадан қалған небір сөз маржандарын, нақыл сөздер, мақал-мәтелдерді, тұрақты сөз тіркестерін қосып сөйлемейді. Себеп не? Сол, баяғы жартас – бір жартас қой! Газет-журнал, кітап оқымайды, көк темірге байланған қала да, дала да, бала да, басқасы да. Мектептен, институттан тыс өткізілетін іс-шаралар аз, мәдени орындарға (театр, музей, көрме т.б.) қала ішінде аз барады. Ауылда мәдени ошақтар жоқ (талан-тараж болып қирап жатыр). Біздің жас кезіміздегідей әдеби кештер, әртүрлі жарыстар, өнер, қоғам қайраткерлерімен кездесулер жиі-жиі өткізілсе, нұр үстіне нұр болмай ма! 

 

 

Онлайн сауатсыздық – әлемнің әміршісі

лучшее (общий выпуск) :: Все дни мая 2019 - страница 24Мектеп табалдырығымен қоштасып, ЖОО қабырғасында отырған бүгінгі студент – кешегі оқушы. Мектеп – білім мен тәрбие ошағы. Білім беретін – мұғалім. Сол мұғалімнің жағдайы қалай екен? Үңілейікші бір сәт, оқырманым.

Рас, тоқсанның тоқырауынан тоқтамай өткен қажымастар, мұғалімдер қауымы айлық орнына көмір мен шекер алып та отбасын баққанын көрдік. Айтайын дегенім, тоқырау жылдарында тоз-тозы шыққан ауыл мектебінің жағдайы. Ондағы қырық жанды мұғалімдердің жанкештілікпен өткен өмірлері көз алдымнан сырғып өтеді. Бәрі есімде. Сол жылдары қыста терезесінен мұржа шығарып, үйінен көмір тасып, от жағып класты жылытып сабақ оқытып жүрген мұғалімдердің қайсарлығы ұмытыла қойған жоқ. Ол дүрбелең де өтті-ау! Тәуелсіздік таңы атты деп еңсемізді көтергенмен, ауыл мұғалімдерінің еңсесін, мәртебесін кім көтерді?! Өз машақаты өзінде болды. Оқу кабинетін жабдықтаймын, көрнекі құралдарымды жаңартамын, олимпиадаға, жарысқа оқушы дайындаймын, кезекті сайлау науқанына тізімді түгендеймін деп аласұрып жүрген де  сол ауыл мұғалімі. Апта сайын бітпейтін педсовет, методсовет, жиналыс, қағазбастылық, тексеріс, комиссияны күту т.б. Әйтеуір, үлгеруім керек деп отбасын түгіл, өзін де ұмытып, тырбаңдап, алашапқын болып жүрген мұғалімдер «жырын» біреу білсе, біреу біле бермейді. 

Әр жаңа оқу жылы сайын терезе-пердені жаңарту, гүлдерге горшок алу, сынып тазалығы үшін керекті заттар алу, жарықтандыру, жарыста озып шыққан оқушыға марапаттау үшін Алғысхаттар дайындау, газетке жаппай жазылуды қамтамасыз ету, стенд жасау т.б. бәрі бір сынып жетекшісінің, мұғалімнің мойнына жүктелген. Сонымен, айлығы шайлығына жетпесе де, «бұдан да кедей күнімде тойға барғанмын» дегендей, өздерін жұбатқансып шапқылай беретін, шынайы шаршайтын мұғалімдер қауымына ескерткіш қойса да көптік етпейді-ау!

Енді оқу жылы аяқталуға жақындаған сайын, ата-аналардың қолдауымен «асар салып», әупірімдеп қабырғаны ағартып, еденнің тесілген тақтайларын жаңалап мәре-сәре болатын да – сол ауыл мұғалімі. Осы тірлік, көрініс – бастан өткен жағдай, оқырманым. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. 

«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шығып» дегендей, онсыз да әупірімдеп әрең жүрген ауылға, мектеп өміріне, мұғалімдер тауқыметіне індет келіп қосылып, аяқ-қолға тұсау болды. Қашықтан оқыту үрдісі басталып, жіпсіз байланды. Қай жағынан дейсіз ғой, әрине. Тағы да мақала барысында айтқанымдай, мәселе бай отбасы мен кедей отбасына келіп тіреледі. Ауылда қайдағы бай-манап, ауқаттылар? Бәрін тастап, баяғыда-ақ қалаға көшіп кеткен. Ғаламтор желісі біреуде бар, біреуде жоқ. Ғаламтор желісі кейбір жерлерде мүлдем ұстамайды. Үш-төрт оқушысы бар отбасылы үйде бір компьютер кімге жетеді? Білім деңгейін, оқу сапасын көтеремін деп жан дүниесі жұқарған, моральдық жағынан шаршаған мұғалімнен білім алған баланың (оған онлайн, яғни қашықтан оқыту қосылды) сапа көрсеткіші, деңгейі қалай деп ойлайсыз? Өзіңіз де бағамдай беріңіз. Көзбе-көз баламен тікелей қарым-қатынаста өтетін, тақта алдында тақылдап берілетін сабақ пен көк темірдің ар жағында отырып байланыс жасаудың жер мен көктей айырмашылығы бар екенін түсініп отырсыз. Осыдан кейін терең білімді, жан-жақты жетілген жеткіншекті көру арман болып тұр. Алайда, болашақтан да үміт үзбейік, намысты қазақ деген халықтың ұрпағымыз. Ата-баба салтын сақтаған қазақтың ұл-қыздары саналарын серпілтіп, рухтарын жаңартып ойланатын күн туар деп үміттенеміз. 

 

Рухсыз халық рухты халықтың боданына айналады

Хакім Абай өз заманында-ақ: «Ғылым таппай мақтанба», – деп жазды. Озық елдер қатарына жету үшін ұлттық тілімізді, төл мәдениетімізді, өз тарихымызды, ұлттық әдебиетімізді терең біліп, ғылымды, ілімді үйрену керек. 

Қазір жаһандану үрдісі жүріп жатыр. Жаһандану дегеніміз тұтастану болса, үй ішінен үй тігіп екі ұлтқа бөлінген қазақ, бірігейік! Жақсылыққа ұмтылып өзгерейік! Бай баласы мен кедей баласы теңесейік! Себебі, бәріміздің қанымыз қазақ, ата-баба салтымыз біреу, малымыз біреу, салған әніміз де біреу. 

Ақын К.Ахметова:

«Қазақты жамандама қазақ бала, 

Халық қой қазақ деген аз-ақ қана.

Мәңгілік ай асты мен жер үстінде

Қазақтың жанашыры қазақ қана!» – деп жазады. Бөлінгенді бөрі алады деген, бөлінбейік. Қазақтың жанашыры тек қазағың ғана. Бізді біріктіретін - ұлттық рух, ұлттық намыс. 

Бірін айтсам, екінші бір ой жылт етеді. «Білімдінің күні – жарық, білімсіздің күні – ғаріп» деген қазақ даналығындағы тәмсілдің мағынасы терең. Тілің мен білімің – ең мықты қаруың. Білімі жеткілікті, тілі тұнық, ұлттық тәрбиенің уызына қанық адам – әлбетте рухани бай адам болып саналады. Білімі төмен, рухани кедей адамдардан қалыптасқан қоғамда халықтың саны қанша көп болғанмен, күндердің күнінде ол халық білімі жоғары, рухы мықты халықтың шырмауынан шыға алмай, боданында болу қаупі де жоқ емес. 

Қазақ деген иманын жоғалтпаған, рухы биік халықпыз. Ұлтжанды жастарымыздың рухы сөнбесін лайым, жаңа кезең басталар шақта алдарынан жарқын жол ашылып, абырой-даңқы артып, білімді, тәрбиелі жастар легі көп болсын деген аналық ақ тілегім бар. Бабалар аманатын балалар орындайды деп кәміл сенеміз. 

Рыскен ӘБІШЕВА, ардагер ұстаз
03.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 83
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 604
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 721
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 633
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 643

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8780
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8180
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11409
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9163
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10394