БАЛАБАҚША – ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЖЕТТІЛІКТІҢ БАҚШАСЫ ЕМЕС, ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ТАБИҒИ АКАДЕМИЯСЫ

БАЛАБАҚША – ТҰРМЫСТЫҚ  ҚАЖЕТТІЛІКТІҢ БАҚШАСЫ ЕМЕС, ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ТАБИҒИ АКАДЕМИЯСЫ

Бала балабақшаға тек ата-анасы жұмыста болғандықтан бармайды. Ол алғаш рет отбасының шағын әлемінен шығып, өзінен бөлек адамдармен бірге өмір сүруді үйренеді. Сол ортада тілі, талғамы, мінезі, үлкенге құрметі, кішіге қамқорлығы, ортақ дүниеге көзқарасы қалыптаса бастайды. Сондықтан балабақшаны баланы қарайтын немесе мектепке дайындайтын орын деп қана түсіну – оның ұлт өміріндегі табиғи маңызын тұйықтау.

Меніңше, балабақша – тұрмыстық қажеттіліктің бақшасы емес, ұлттық идеологияның табиғи академиясы. Бірақ бұл академияда ұлттық тәрбие құрғақ ұранмен берілмеуге тиіс. Ол баланың күнделікті тіршілігіне сіңіп, жүрегіне жылу, мінезіне өлшем, санасына бағдар болып орнығуы керек.

Балаға не береміз? Оны кім береді? Берілген тәрбие оның бойындағы қандай табиғи қасиеттерді оятады? Осы сұрақтардың жауабы бір арнада тоғысады.

Балаға ең алдымен уызсана керек. Уызсана – ұлттық дүниені сырттай білу емес, оны іштей сезінудің алғашқы нәрі. Ол ана тілінің үнінен, үлкеннің сөзін бөлмеуден, нанды қадірлеуден, амандасудан, өзгенің көңілін жараламаудан, ортақ дүниеге ұқыпты қараудан басталады. Осындай қарапайым әрекеттердің өзінде тұтас бір мәдениеттің дәні жатады.

Бұл дәнді отбасы себеді, балабақша қоғамдық ортада өсіреді. Демек, тәрбиеші – жай ғана қызмет көрсетуші емес, баланың алғашқы қоғамдық ұстазы. Ата-ана мен балабақша тәрбиесі өзара сабақтасқанда ғана ұлттық құндылықтар баланың табиғи болмысына айналады. Өйткені отбасыдан басталған өнеге қоғамдық ортада жалғасын таппаса, тәрбиенің тұтастығы әлсірейді.

Уызмәдениет – осы сабақтастықтың өмірлік көрінісі. Ол тамыр мен танымның, тәлім мен тәрбиенің арасын жалғайды. Балаға туған ортасын танытып қана қоймай, әлемге шыққанда өз жолын жоғалтпайтын ішкі бағдар береді. Өркениетке ұлттық сипат беру – әлемнен оқшаулану емес, ғылым мен технологияны, білім мен тәжірибені өз болмысыңмен игеру. Ол үшін баланың бойында өзіндік рухани өлшем болуы керек. Уызсана – сол өлшемнің алғашқы негізі.

Алайда баланың табиғи болмысын тәрбие арқылы қалыптастыру дегеніміз – оны алдын ала белгіленген қалыпқа салу емес. Біз адамдық қасиеттерді сіңіреміз деп жүріп, оның өзіне тән еркіндігін тұсап алмаймыз ба?

Баланың табиғи мейірімі мен даналығы көбіне ойын үстінде ашылады. Бірге ойнағанда, ортақ дүниені бөліскенде, бір-біріне көмектескенде, келіспеушілікті өзара шешкенде оның ішкі әлеміндегі ізгілік көрінеді. Кейде үлкендердің ұзақ түсіндіріп жеткізе алмайтын татулығы мен бірлігі балалардың бірлескен ойынында өздігінен қалыптасады. Өйткені бала кейбір қасиеттерді сөзден емес, өмірдің өзінен үйренеді.

Баланың табиғатына жақын тәрбие оның еркіндігін шектеуден емес, сол еркіндіктің ішкі мүмкіндіктерін ашудан басталады. Оған өздігінен әрекет етуге, таңдау жасауға, өзгелермен тіл табысуға мүмкіндік берген жөн. Сонда бала тек айтқанды орындайтын тәрбиеленуші емес, ортақ өмірге өз үлесін қоса алатын тұлға болып өседі.

Еркіндік дегеніміз – бетімен кету емес. Ол – өз қалауын өзгенің құқығымен үйлестіруді үйрену. Баланың мейірімі, жауапкершілігі мен бірлікке бейімділігі осындай табиғи қарым-қатынастың ішінде жетіледі. Сондықтан балабақша баланың еркіндігін тұсайтын емес, оның табиғи мүмкіндіктерін ашатын, қызығушылығын оятатын, ортақ әрекетке жол ашатын кеңістік болуы керек. Мұнда тәртіп еркіндікті басу үшін емес, барлығының еркін дамуына жағдай жасау үшін қажет.

Осы тұста қазақтың «төр мен босаға» ұғымына келеміз.

Төр – қадір мен мәртебенің, ел абыройының белгісі. Босаға – шаңырақтың тұрақтылығы мен үй берекесінің, жауапкершіліктің табалдырығы. Қазақ танымында төр мен босаға бір-бірінен ажырамайды: төрдің қадірі босағадағы тәрбиеден басталады.

Бала төрдің қадірін төрге шыққанда ғана түсінбейді. Ол мұны үйдегі қарым-қатынастан, үлкеннің кішіні құрметтеуінен, адамдардың бір-біріне ізет көрсетуінен сезінеді. Тәрбиенің шынайы күші де осында: балаға айтылған ақылдан бұрын, оның күн сайын көретін өнегесі әсер етеді.

Сондықтан балабақша – ұлт болашағына апаратын жолдың кездейсоқ бір мұқтаждық бекеті емес. Ол – ертеңгі шаңырақ иесін, отбасы тірегін, қоғам мүшесін, ел азаматын қалыптастырудың алғашқы ортасы.

Мұрагер дегенді тек дүние-мүлік қалатын адам деп түсінуге болмайды. Мұрагер – өзіне дейінгі аманатты қабылдап, оны әрі қарай алып жүруге жауап бере алатын адам. Тілге мұрагер болу – оның қадірін сақтау, мәдениетке мұрагер болу – салтты сырттай қайталау емес, мәнін тіршілікте жалғастыру. Ал елге иелік ету – елді билеу емес, оның амандығы мен абыройын өз жауапкершілігі деп қабылдау.

Иелік ету – билеу емес, жауап беру.

Балабақшадағы қарапайым әрекеттердің мәні де осында. Бала ортақ ойыншықты ұқыпты ұстайды, өзгенің кезегін күтеді, үлкенге жол береді, кішіні ренжітпеуге тырысады, өз сөзіне жауап беруді үйренеді. Бұлар ұсақ тәртіп сияқты көрінгенімен, қоғамдық мінездің алғашқы белгілері осындай күнделікті қарым-қатынастан қалыптасады.

Ұлттық идеологияның қуаты да баланың жаттап алған сөзімен емес, өмірде ұстанатын мінезімен өлшенуге тиіс. Ұлттық құндылық оның жадында құрғақ қағида болып қалмай, ісінен, таңдауынан, өзгені түсінуінен көрінгенде ғана тірі мазмұнға ие болады.

Сондықтан мемлекет балабақшаны орын саны, ғимарат, тамақтану, қауіпсіздік пен қызмет көрсету өлшемдерімен бағалаумен шектелмеуі керек. Бұлардың бәрі қажет. Бірақ бұдан да терең сұрақ бар: біз осы ортада баланың қандай болмысын қалыптастырып жатырмыз? Оның табиғи мейірімін сақтап, еркін ойлауына, өзгелермен үйлесімді әрекет етуіне, ортақ іске жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік беріп отырмыз ба?

Балабақшаның мұраты баланы тек мектепке дайындаумен немесе қоғамға бейімдеумен шектелмеуге тиіс. Оның басты міндеті – ұлттық жадысы бар, адамдық өлшемі қалыптасқан, әлемге ашық, өз елінің төрі мен босағасына жауап бере алатын мұрагердің алғашқы негізін қалау.

Осы ойдан ауыл мен аула балабақшасы туралы арман туады.

Ауылдың табиғи кеңістігі, ауладағы еркін ойын, көрші балалардың араласуы, үлкендердің күнделікті тіршілігіне куә болу – баланың дүниені табиғи жолмен тануына мүмкіндік береді. Бала топырақты ұстап, ағаштың өсуін көріп, судың қадірін сезініп, жан-жануарға қамқорлық жасап, қатарластарымен ортақ ойын құра алады. Мұндай ортада білім өмірден бөлінбейді, тәрбие арнайы сабақпен шектелмейді.

Әрине, ауылдың немесе ауланың өзі автоматты түрде жақсы тәрбие бермейді. Қауіпсіздік, кәсіби тәрбиеші, сапалы білім беру ортасы мен баланың жасына сай жағдай бәрібір қажет. Бірақ осы талаптарды орындаумен бірге, табиғи ортаның тәрбиелік мүмкіндіктерін де ұмытпау керек.

Ауыл мен аула балабақшасы болса ғой, шіркін!

Бұл – жай сағыныш емес, баланың табиғатына жақын тәрбие ортасын іздеу. Баланың әлемді тек бөлме ішінде емес, тіршіліктің өзімен араласа отырып тануын қалау. Қоғамдық тәрбие мен табиғи еркіндікті бір-біріне қарсы қоймай, үйлестіре білуге деген ұмтылыс.

Мұндай ортада баланың мейірімі бұйрықпен емес, қамқорлық тәжірибесімен дамиды; бірлігі талаппен ғана емес, бірге әрекет ету арқылы қалыптасады; жауапкершілігі жазалаудан қорқу арқылы емес, өз ісінің өзгеге әсерін сезіну арқылы орнығады. Бұл тәрбие баланы дүниеден бөліп тастамайды, керісінше, дүниеге еркін шығуға үйретіп, өздігінен ойланатын, таңдау жасайтын, сол таңдауы үшін жауап бере алатын ішкі өлшем қалыптастырады.

Бала бүгін балабақшаның есігінен кіреді. Ертең елдің үлкен есігінен шығады. Бүгін оның алдында ойыншық пен дастарқан тұрса, ертең оның алдында отбасы, еңбек, қоғам, мемлекет пен ел тағдыры тұрады. Сондықтан балалық шақтағы қарапайым тәжірибе – болашақтағы үлкен жауапкершіліктің бастауы.

Баланың бойына уызсана сіңсе, одан уызмәдениет өрбиді. Уызмәдениет өмірлік өлшемге айналса, ұлттық жады мен сана оның жолын бағдарлайды. Ал осының бәрі мұрагерлік санаға ұласқанда ғана бала өзінің елге қатысын терең сезіне бастайды. Сол қатынастың көне әрі терең бейнелерінің бірі – төр мен босаға. Босаға «менің үйім» деген жауапкершіліктен басталып, «менің елім» деген санаға ұласады. Төр «менің орным» деген түсініктен басталып, ел алдындағы мәртебе мен міндетті сезінуге жетелейді.

Сондықтан төрге ұмтылмас бұрын босағаның қадірін білу керек. Төрді иеленбес бұрын босағаны ұстай білу керек. Елдің төріне лайық ұрпақ елдің босағасына жауап бере алатын тәрбиеден өседі.

Ұлттың ертеңгі төрі бүгінгі баланың жүрегінен басталады. Ал сол жүрекке жол ашатын алғашқы есіктің бірі – балабақшаның босағасы. Сондықтан оны үлкендер тек қызмет алатын орын ретінде емес, қарыз бен парыз, қамқорлық пен жауапкершілік тоғысатын, ұлт болашағына қызмет ететін қасиетті кеңістік деп түсінгені жөн.

Төрдің биіктігін ұрпақ көтереді. Босағаның беріктігін сол ұрпақ ұстайды. Ал екеуінің арасындағы алтын көпір – балалық шақтағы тәрбие.

Балабақша – ұлттық идеологияның табиғи академиясы. Өйткені мұнда ұлттық құндылықтар құрғақ ұранмен емес, күнделікті өнеге, қарым-қатынас пен ортақ әрекет арқылы баланың бойына сіңеді. Бұл – ұлттық сананың алғашқы негізі қаланып, адамдық қасиет пен азаматтық жауапкершілік жетілетін орта.

Балабақша, ата-ана, мемлекет пен қоғам – ұлттық уызсана мен уызмәдениеттің шаңырағын бірге көтеретін төрт тірек. Осы тіректер сабақтастық пен ортақ жауапкершілік негізінде біріккенде ғана ұлттық тәрбие отбасылық шеңберден шығып, қоғамдық сана мен мемлекеттік ұстанымның ажырамас бөлігіне айналады.

Ұлт болашағының беріктігі осы төрт тіректің бірлігіне байланысты. Ал сол бірліктің алғашқы өлшемі – баланың табиғи мейірімін жоғалтпай, еркіндігін тұқыртпай, өзгенің қадірін білетін азамат болып қалыптасуына жағдай жасау.

Ұлттың болашағы баланы өзіне ұқсатудан емес, оның бойындағы ізгілікті танып, ұлттық тамырымен сабақтастыра өсіруден басталады.

Сабыр Адай
29.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Ұлытау – ұлттың жүрегі, тарихтың тірегі
Гүлден ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, Ұлытау облысы - 29.10.2026 80
Еуропа  дүрлігіп жатыр
Ерғазы Сейтқали - 23.10.2026 266

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28984
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28536
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45815
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41454
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46126