Соңғы жылдары балабақша тәрбиешілеріне қатысты балаға қол көтеру сынды сан алуан жағымсыз хабарлар мен пікірлерге тап болдық. Қоғамдағы тәрбиешінің рөлін, мәртебесін түсіріп алғандаймыз. Ал шындығына келгенде, біз бен сіздің балаларымыздың жарқын болашағына ұйытқы болатын осы жандар. Бір үйдің баласының тағдыры ғана емес, күллі мемлекеттің ұлттық идеологиясының бастауы тәрбиешілерден басталады. Білім мен тәрбиенің бастауы балабақша болса, балабақшаның жүрегі – тәрбиеші. «Mangilik el jastary» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет балабақша тәрбиешілеріне арналған форум өтті. Аталмыш форум алғаш рет 2022 жылдың 28 мамырында бастау алған болатын. Бүгінде жалғасын тауып, тәрбиешілерге керемет мүмкіндіктер сыйлауда. Қараша айының 27 жұлдызында Сүлеймен Демирель атындағы университетте өткен форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам балабақша тәрбиешілері қатысып, біліктілігін арттырып қайтты. Форумда Болат Әубәкіров, Айсұлу Нұржанова, Қанат Қожахметов, Ескендір Бестай сынды белгілі спикерлер баламен жұмыс істеу, бала тәрбиесі, тұлғалық даму т.б. өзекті тақырыптарда баяндама жасап, тәжірибесімен бөлісті. Форумнан кейін жан-жақтан келген тәрбиешілерде өз пікірлерімен бөлісті. «Бұрын-соңды балабақша тәрбиешілеріне мұндай көңіл бөлінбейтін, осындай керемет мүмкіндіктерге, маман ретінде біліктілігімізді арттыруға жағдай жасаған осындай форум ұйымдастырушыларға рақмет!» – деп лебіздерін білдіріп жатты. Сонымен қатар «Mangilik el jastary» қоғамдық қорының төрағасы Сайлаухан Абылай өз сөзінде: «Форумды ұйымдастырғандағы мақсат мектепалды даярлық және балабақша тәрбиешісі мамандарын еліміз бойынша брендке айналдыру, яғни қоғамда балабақша тәрбиешілерінің мәртебесін арттыру, олардың қоғамдағы жақсы көзқарасқа ие болуына әсер ету. Сонымен қатар балабақша тәрбиешілерінің қазіргі уақытта бар мәселелерін анықтап, оларды шешудің тиімді әрі тез сапалы жолдарын ұсыну, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен балабақша арасындағы байланыс орнату, яғни бүгінгі балабақшаларға қандай мамандар керек екендігін анықтап, университетте оқып жатқан студенттерді осы мамандыққа баулу», – деді Абылай мырза. Сондай-ақ «Mangilik el jastary» қоғамдық қоры форумға келген барлық тәрбиешілермен әрмен қарайда байланыста болып, жұмыс жасай бермек. Тағы да айтып өтетін жайт аталмыш форум осымен аяқталып қалмай, әрмен қарай республикамыздың басқа өңірлеріне де жол тартпақ.