«Алтын алқа» иегері Марал Қаңтарбаева – Ақермен ауылдық округіне қарасты Алтын- Арық ауылының тұрғыны. Ауыл – еңбекқор жандардың мекені. Бұлар да шаруаға көндіккен. Өмірлік жары Саламат екеуінің еңбектен қашқан кезі жоқ. Саламаттың жалақы алатын жұмысы бар, Марал да жеті перзенттің тәрбиесімен қатар есік алдындағы бақшаны суарады, аздаған ұсақ малға қарайды.
Бұл отбасының үлкені Әсем биыл орта мектепті бітіріп, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің физика- математика мамандығына құжат тапсырыпты. Әсемнің мақсаты ата-анасының үмітін ақтау, өз білімімен еңбек ету екен. Екінші қыздары Ұлбосын 11-сыныпқа өтіпті. Айбек 8-сыныпқа, Сезім 7-сыныпқа көшіпті. Бұл балалар да оқу озаттары. Әлібек те мектеп қабырғасында. Ақниет пен Бақдәулет балабақшаға барып жүр. Олар да еліміздің бақытты болашағы. «Өмірімізге сән берген – осы перзенттер. Байлығымыз да – балаларымыз. Әр баланың өз нәсібі бар. Біздің ендігі мақсат – оларға жақсы тәрбие беру», дейді «Алтын алқа» иесі Марал Өмірбайқызы.
Саламаттың 6-7 бас қой-ешкісі бар екен. Бірақ, қазірдің өзінде қорасына 300-400 түк шөп жинап қойыпты. Бұл оның еңбекқорлығын көрсетеді. Қыстың аязды күнінде шөбінің жартысын сатса, кемінде 150 мың теңге табыс болады. Оның өзі бала-шағаның біраз қажетіне жарайтыны анық.