Осы аптада көзі қарақты адамдарды дүрбелеңге салған оқиға болды. Ол дүрбелең оқиғаға түрткі болған «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау» заңы жобасын Үкімет халықтың талқысына ұсынуы (бар болғаны 14 күнге). Біз қазекең күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, маңызды оқиғадан ылғи тысқары қаламыз да, кейін «аһ!» ұрамыз. Ал мұндай төнген қауіп-қатерден сақтауға тиісті депутаттарымыз марғау. Себебі қазақтың (тіпті Қазақстанның) болашағына балта шабайын деп тұрған заң жобасына асығыс түрде қол қояйын деп отырған сол депутаттар емес пе? Олардан үміт болмай тұр.
Үміт қоғам белсенділерінде, халқымызда, солардың ішінде ұлты үшін шырылдап, жанын да, уақытын да аямай жүрген, феминистермен (көгілдірлер) шайқасып, ерекше белсенділік танытып жүрген Бағила Балтабаева қарындасымыз. Ол – «Қазақстандық ата-аналар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің бірлескен құрылтайшысы, Алматы қоғамдық кеңесі комиссиясының мүшесі, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» заңына қарсы шығып, әрбір отбасын ойрандайтын қазақ отбасының салт-дәстүрлеріне жат әрекетке тойтарыс беріп, жанкештілікпен күрес жүргізіп жүрген қоғам қайраткері һәм белсендісі. Бағила қарындасымыз дабыл қаққан Egov-тағы заң жобасында не айтылды? «Сұмдық заң» деп айдар таққан бұл құжатқа қол қойылып кетсе, онда балаларымыздан аяқ астынан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Мәселен мектеп психологы «балаңыздың көңіл күйі шамалы» десе, онда олар сізге зиянды препарат ұсынады. Егер оған қарсылық танытсаңыз болды, онда балаңызды тартып алып кетеді. Бұндай заң Еуропада жұмыс істеп, елді, ата-аналарды зарлатып тұр. Түркияда да осындай заңға қол қойылып кетіп, елді бөгелек тигендей шулатыпты. Халық көтеріліп, желімдей жабысқан оспадар заңнан 3 жыл дегенде әзер құтылған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын осы заң Парламентке қол қойылуға келгенде де Бағила бастаған топ шу шығарып тоқтатқан көрінеді. Енді билігіміз, Үкіметіміз ақшаға сатылды ма, әлде бір қарау күш мәжбүрлеген бе, әйтеуір, бұл заң қайта қол қоюға ұсынылып жатыр. Президентіміз бұл заңды тоқтатуы қажет. Әйтпесе талай отбасылар балаларынан, ұрпақтарынан айырылып зар қағатыны сөзсіз. Сондықтан халық болып бұл заң жобасын тоқтатып, оны жөргегінде тұншықтыруымыз тиіс. Егер сіз балаларыңыздың болашақ тағдырына жаныңыз ашыса, онда Egov-қа кіріп, қарсылығыңызды білдіріңіз, оны жан-жаққа таратыңыз.
Біз 19 ақпанда Egov-қа кірдік. Бірақ ол заң жобасын таппадық. Соған қарағанда, заң жобасы қол қоюға кетіп қалды ма деп қауіптеніп отырмыз. Қалай болғанда да Бағила Балтабаева бастаған белсенді, жанашыр топты қолдап, әлеуметтік желіде де, сайтта да, ютубта да өз пікірімізді айтып, талабымызды билікке қоюымыз қажет. Біздің түсінбейтініміз мұндай оспадар, сұмдық, халыққа зиянды заңдарды өмірге әкелуге Үкімет неге құштар? Неге? Неге? Олардың балалары ерекше қорғала ма? Жоқ! Заң ортақ. Сондықтан, билік, сен де ойлан! Еуропаның, Батыстың күл-қоқысына қызықпайық. Ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлеріне жүгінейік.